Қалалық қоғамдық-саяси газет

Сәнгер студенттер Таразда бас қосты

0 229

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде «Бабалар мұрасы» атты ІІ халықаралық студенттер арасындағы сән фестивалінің жеңімпаздары анықталды.

Толғанай АТАБАЙ Суреттерді түсірген Ю.КИМ

Аталмыш оқу ордасының технологиялық факультетінің «Жеңіл өнеркәсіп ұйымдарының технологиясы мен конструкциялау және дизайн» кафедрасы мұрындық болған сәнгер студенттер сайысына еліміздің 7 оқу орны мен Қырғызстан және Өзбекстан, Ресей мемлекетінен 200 студент қатысты. Сән саласының басын қосқан сайыс ұлттық мәдениетті сақтап, оны насихаттау, қазақ халқының тарихи мұрасын, ұлттық құндылықтарды құрметтеуді мақсат етті. Студенттердің шығармашылық қабілеттері сәндік-қолданбалы өнер және костюмдер дизайны аталымдары бойынша сарапталды.

Ал байқауға қатысушылардың шығармашылық жұмыстарын сән саласындағы және қолданбалы шығармашылық, сондай-ақ өнертану мен этнография саласындағы костюм дизайны бойынша жоғары мамандандырылған сарапшылар бағалады. Халықаралық сында аталмыш университет ректоры Махметғали Сарыбеков Жастар жылына орай ұйымдастырылған байқаудың маңыздылығын ерекше атап өтті.
– Бағзыдан ұмыт болған салт-дәстүрлерімізді қайта жаңғыртып, оларды ұрпақ жадына әкелу – аға буынға жүктелген міндет. Тарихын таныған буынның болашағы әсте жарқын болары анық. Сол іспетті ертеде барлық түркі елдеріне ортақ болған мұраны бүгінгі ұрпаққа осындай байқаулар арқылы насихаттауды жөн санадық, – дейді М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың технологиялық факультетінің деканы Әнуарбек Әймен.

Екі кезең бойынша үздіктерді анықтаған байқауда әуелі көрме түрінде ұсынылған қолөнер шеберлерінің жұмыстарының арасындағы әшекей бұйымдар, ыдыс-аяқтар, теріден және киізден жасалған түрлі бұйымдар көрермендердің көңілінен шықты. Бұл аталым бойынша барлығы 100-ге жуық жұмыс келіп түскенін ескерсек, жеңімпаздарды анықтау оңайға соқпады. Қазылар құрамының шешімімен І орын Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің студенті Ұлжан Әбдікерімоваға бұйырса, ІІ орынды Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Айшүрек Ешенқұлова еншілеп, Қ.А.Яссауи атындағы қазақ-түрік университетінің студенті Арайлым Дарданбаева жүлделі ІІІ орынды қанжығасына байлады.

Түс ауа көрермен қауым сәнгер студенттердің жұмысымен танысуға мүмкіндік алды. Костюмдер дизайны аталымында күнделікті киім, балалар костюмдері, той көйлектері, авангард костюмдері және этникалық жанрдағы костюм үлгілері көпшілік назарына ұсынылды. Екінші аталым бойынша қазылар назарына 86 костюм ұсынылып, нәтижесінде М.Х.Дулати атындағы ТарМУ студенті Умида Шарипова үздік деп танылса, жүлделі ІІ орынды М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің үміткері Дина Мейірман иеленді. Ал ІІІ орын И.Арабаев атындағы Қырғыз мемлекетінің магистранты Айшүрек Афтанділқызына бұйырды.

– Халықаралық сайысқа ұлттық стильде 3 топтамамызды алып келдік. Ұлттық құндылығымызбен кеңінен танысуға сеп болған байқау ұйымдастырушыларына үлкен алғыс айтамыз. Өзге де қатысушылар ұсынған жинақ арқылы тәжірибемізді тағы толықтырып алуға мүмкіндік алдық, – дейді Қырғызстан мемлекетінің қатысушысы Айшүрек Афтанділқызы.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.