Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ауыл шаруашылығы алшаң басуда

0 2  775

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа арнаған Жолдауында: «Алдымызда тағы бір өте маңызды міндет тұр. Біз агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасауымыз керек», – деген болатын.

Президент жүктеген бұл міндет бүгінде Тараз қаласында жүйелі жүзеге асырылуда. Бұл сөзімізді қалалық ауыл шаруашылығы бөлімі тарапынан атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар айғақтай түседі.
Айталық, өткен жылдың қаңтар-қараша айларының қорытындысымен Тараз қаласы бойынша ауыл шаруашылығы саласындағы тауар өндірушілерінің жалпы өнім көлемі 16 051,5 миллион теңге болса, нақты көлем индексі 100 пайызды құрады. Оның ішінде өсімдік шаруашылығының өнімі – 13 405,1 миллион теңге, мал шаруашылығының өнімі 2 379 миллион теңгеге жетті. Сондай-ақ ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемінде де өсім байқалып отыр.
Салаға бүгінде инвестициялық жобалар да серпін беруде. Қазіргі таңда қалада инвестицияның игілігін сезініп отырған кәсіпорындар аз емес. Атап айтсақ, былтыр «Дәмді себет» кондитерлік цехы, «Хлебный дар» наубайханаға арналған құрылғылар кәсіпорны, «Тараз алуасы» ЖШС, «Байлық» көкөніс сақтау қоймасы сынды ілкімді жобалар іске қосылды. Ал биыл «Пышка» кондитерлік, «ТНОLOSA» алкогольсіз орташа газдалған сусындар цехтары, «Шах» шұжық цехына арналған қондырғылар кәсіпорны, «Көкжиек-2030» сүт өңдеу кешені, тағы да басқа өндіріс орындары өз жұмысын бастайды деп күтілуде. Бұған қоса «Asatu», «Ажар», «Әділет», «Тараз Сдоба», «Досанов» секілді кәсіпкерлік нысандарын ашу 2025-2026 жылдардың еншісінде.
Сондай-ақ 45 шаруа қожалығы 435,85 гектар жерде өсімдік шаруашылығымен айналысады. Бұл шаруа қожалықтары егістік алқабын суару үшін суды Аса-Талас каналы арқылы келетін Жамбыл ауданындағы 5 каналдан және ЛОК арқылы алады. Жамбыл ауданындағы шаруа қожалықтарымен қоса есептегенде суармалы жердің көлемі 1 122 гектарды құрайды.
Былтыр шаруа қожалықтары тарапынан 498,95 гектар жерге егін егіліп, өнім алынды. Атап айтсақ, 63 гектар жерден 79 тонна дәнді дақылдар, 28,7 гектар жерден 308 тонна бидай, 34,4 гектар жерден 409 тонна арпа, 122,58 гектар жерден 5 639 тонна пияз, 251 гектар жерден 5 522 тонна картоп алынды. Осы ретте айта кетерлігі, тіркелген шаруашылықтардың меншігінде барлығы 11 техника және жер жырту соқасы, жер қопсытқыштар, тырмалар, шөп орғыштар, дән сепкіштер, картоп қазғыш тіркемелері бар. Олардың барлығы толығымен жұмысқа жарамды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы негізінде бос жатқан жерлерді мемлекет меншілігіне қайтару жұмыстары да жүйелі жүргізілуде. Айталық, 2012 жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы егістік жерлердің көлемі 1 446,1 гектарды құраса, 2012-2022 жылдар аралығында 217 шаруа қожалықтың 985,53 гектар егістік жері жеке тұрғын үй салуға мемлекетке кері қайтарылған. Сонымен қатар Тараз қаласы әкімінің 2022 жылғы 1 желтоқсандағы «Жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару туралы» № 6681 қаулысымен жер учаскелерінің жалдау құқықтары өтуіне байланысты 16 шаруа қожалық иелерінің жалпы 248,1281 гектар жері мемлекет меншігіне өткізілген.
Облыс орталығында бағаны тұрақтандыру бойынша да ілкімді істер қолға алынуда. Айталық, азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында «Магнум», «Small», «Смарт», «Дәмді себет», «Сафият», «Дәмдес», «Фиркан», «Нұрислам», «Алма», «Нұрила», «Ауыл Береке», «Сұлтан» секілді ірі сауда орындары мен 16 әлеуметтік дүкенге тұрақты түрде мониторинг жүргізілуде. Ал базардағы ет, сүт, көкөніс өнімдерінің сапасын «КазВетАгро» ЖШС бақылауда. Зертханалық бөлмесі тиісті құралдармен жабдықталған. «КазВетАгро» ЖШС мамандарының әрбір өнімнің нитраттарын анықтау тесттерін жүргізу барысына қатыстық. Нәтижесінде, арнайы мамандар бекітілген нормаға сәйкестігі туралы анықтама берді. Базардың кіреберісінде күнделікті арнайы мамандар тексеріс сынамаларын да алуда.
Бүгінде аймақтың брендіне айналған пиязды әлемдік нарыққа шығару жоспарлануда. Қазіргі таңда қалада 1 айдағы пиязға деген қажеттілік – 712,7 тонна, 1 жылдық пиязға деген қажеттілік 8 536 тоннаға жетті. Соған орай қоймаларда 14 250 тонна пияз сақтаулы тұр. Жалпы сыйымдылығы – 25 150 тонна.
Азық-түлік бағасын тұрақтандырудың тағы бір жолы – ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі. Қала тұрғындарына азық-түлік тауарларын қолжетімді бағамен сатып алуына жағдай жасау, отандық тауар өндірушілердің өнімін қолдау, жарнамалау және бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында өткен жылдың ақпан айының 11-інен бастап әр аптаның сенбі күндері Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы және Тараз қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен қаладағы «GRAND BAZAАR» сауда кешені алдында 41 жәрмеңке өткізіліп, 1 481,1 миллион теңгеге 2 354,8 тонна ауыл шаруашылығы тауарлары нарық бағасынан 15-20 пайызға төмен бағамен сатылды.
Сонымен қатар 1 мамыр – Қазақстан халқына бірлігі күніне орай Тараз қаласының Орталық алаңында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне облыстың 10 ауданы мен Тараз қаласы тауар өндірушілерінің және тұрақтандыру қорының өнімдері жеткізілді. Жәрмеңкеде жалпы құны 40 миллион теңгені құрайтын 54,7 тонна ауыл шаруашылығы тауарлары ұсынылды. Атап айтқанда, 12,2 тонна ет (жылқы, сиыр, қой және тауық еті), 3 тонна шұжық, 5,6 тонна сүт, 6 мың дана жұмыртқа, 0,5 тонна кондитерлік, 3,4 тонна макарон өнімдері, 0,4 тонна тұз, 3,2 тонна балық, 6 тонна ұн, 2,6 тонна бал және 17,8 тонна жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері бар. Бұған қоса Астана қаласының 25 жылдығына орай, 6-8 шілде аралығында елордада республикалық деңгейде ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізілді. Жәрмеңкеге Тараз қаласынан 6 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші қатысты. Аталған жәрмеңке облыстың тауар өндірушілеріне өз тауарларын делдалсыз, тікелей тұтынушыларға сатуға мүмкіндік берді. Нәтижесінде, жәрмеңкедегі тауарлардың бағалары нарық бағаларынан 10-20 пайыз төмен болды. Сонымен қатар бекітілген кестеге сәйкес, 4 жерде көшпелі жәрмеңке ұйымдастырылды.
Азық-түлік бағасын тұрақтандыруға шаһардағы 14 әлеуметтік дүкен де зор септігін тигізуде. Сұранысқа ие өнімдерінің ішінде нан алғашқы орында тұр. Бүгінде қала бойына 8 наубайхана жұмыс істеуде. Жалпы шаһар бойынша тәулігіне 110 000 дана нан қажет десек, бұл наубайханалар сұранысты толығымен қамтамасыз етіп отыр. 2022 жылдың жылдың 1 шілдесінен бастап сауда орындарында әлеуметтік нанның бағасы 10 теңгеге көтеріліп, бөлшек саудадағы бағасы 100 теңгеден сатылуда. Себебі республика бойынша дотациялық ұн бағасы 117 теңгеден 130 теңгеге көтерілді. Наубайханалар дотациялық ұнды «Тараз ӘКК» АҚ арқылы «Aksarai Export 2012» ЖШС диірменінен алуда. Мәселен, наубайханадан нан бағасы 87 теңгеден жіберілсе, тасымалдаушылардың қызметі дүкеннің орналасқан қашықтығына байланысты 8-12 теңге аралығын құрайды. Осылайша жеткізілген нанға сауда нүктелері 1-3 теңге қосып, сату бағасы 100 теңгеге дейін көтеріледі. Бұдан бөлек, кондитерлік өнімдер шығаратын 10 цех, 6 сүт зауыты, шұжық өндіретін 30 кәсіпорын тұрғындар сұранысын толығымен қанағаттандыруда.
Қала тұрғындарының тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталған пилоттық жобаға келсек, №11 аумақтық округте орналасқан №7 («Самал») ықшамауданы және 28 саяжайда жалпы 6 296 аула 25 322 адам тұрады. Жоба аясында несиелендіру бағыттарын айқындау мақсатында округтің белсенді тұрғындарымен кездесулер ұйымдастырылуда. Нәтижесінде, тұрғындардың сұранысы бойынша ауыл шаруашылық мақсатта 8 бағыт анықталған. Олар: бақша және жеміс-жидек өсіру, балық шаруашылығы, жылыжай шаруашылығы, құс шаруашылығы, мал бордақылау, омарта шаруашылығы, сүт өнімдерін өндіру және агроөнеркәсіптік кешенді өңдеу, қайта өңдеу бағыттары. Алайда облыс әкімінің орынбасарының төрағалығымен өткен жиында талқыланып, 8 бағыттың 5-і жоба бағыттарының тізімінен алынды.
Жобаны қаржыландыру барысында бірқатар кедергілер орын алуда. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2022 жылғы 7 ақпандағы «Кәсіпкерлік бастамашылыққа жәрдемдесу жөніндегі шараларды ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларын бекіту туралы» №47 бұйрығының 35-тармағының 2-тармақшасына сәйкес, облыс немесе аудан орталықтарының тұрғындарын 2,5 пайызбен несиелендіру қарастырылмаған. Қазіргі таңда облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасымен бірлесіп, министрлікке жоғарыда аталған бұйрыққа өзгерту енгізу туралы ұсыныс хат жолданды. Бұл процесс 3-4 ай уақыт қажет етеді. Ұсыныс оң шешімін тапқан жағдайда тұрғындарды «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ арқылы жоба аясында несиелендіруге мүмкіндік болады. Сонымен қатар қазіргі таңда облыстық бюджеттен жоспарланған қаражатты «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы беру жолдары қарастырылып, жобаның ережесі дайындалуда. Ережеге сәйкес пилоттық жобаның атауы бекітілмек.
Ауыл шаруашылығы – еліміздегі ең маңызды салалардың бірі. Өйткені халықты азық-түлікпен және өнеркәсіпті шикізаттың кейбір түрлерімен қамтамасыз етуде дәл осы саланың рөлі орасан зор. Қазақстандықтардың 40 пайыздан астамы ауылдық жерлерде тұратынын ескерсек, аталған сектор дамуының мемлекет назарында болуы заңды. Облыс орталығында асыраушы сала жыл санап алға озуда. Бұған біз жоғарыда келтірген оң көрсеткіштер дәлел. Бұл ауыл шаруашылығы саласында атқарылған жұмыстардың бір парасы ғана. Алдағы жоспар бұдан да жұмыр, меже бұдан да айқын.

Құрмаш ҚАПТАҒАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.