Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Баламыз мал емес қой»: Жоғалған әскеридің туыстары министрге талап қойды

0 315

Байзақтағы жарылыстан соң жоғалып кеткен әскери Бауыржан Дәуітбаевтың туыстары қорғаныс министрінің мәлімдемесіне жауап берді.

Бауыржанның әпкесі Фарида Дәуітбаева құзырлы органдағылар 8 айға созылған іздерстіру жұмыстарын жалғастырмай, істі жылы жапқысы келетінін айтты.

Күні кеше ҚР Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Байзақ ауданындағы жарылыстан кейін жоғалып кеткен 34 жастағы Бауыржан Дәуітбаевқа қатысты пікір білдірген.

«Мен із-түзсіз жоғалған әскеридің отбасын түсінемін, біз оларға өлді деп тануды ұсындық. Содан кейін әлеуметтік төлемдер, Қарулы күштерден төлемдер болатынын айттық» деп мәлімдеді министр.

Алайда Бауыржанның жақындары оның айтқанымен келіспеді.

«Біз бұл мәлімдемемен келіспейміз. Біз баланы әлі тапқан жоқпыз. Мейлі, үкімет «өлді» деп танысын делік. Бірақ, бір күні оралса ше? Біз әлі күнге дейін табылады деген үмітпен отырмыз. Ана жүрегі алдамайды ғой. Баласының тірі екеніне сенеді. Бір күні Бауыржан табылып, арамызға қосылса ше? Ол жағын ойлап жатқан ешкім жоқ. Жоғарыдағылар көмек қолын созып, тікұшақпен іздестірудің орнына «өлді» деп істі жылы жаппақшы. Мені соны түсінбеймін. Министрлік ондай мәлімдеме жасайтындай баламыз мал емес қой. Сонда үкімет біздің жағдайымызға бей-жай қарап отыр ғой» дейді жоғалып кеткен әскеридің әпкесі Фарида Дәуітбаева.

Олар билік іздестіру жұмысын тоқтатпауын сұрады.

«Мүмкін ол есін жоғалтып, біз білмейтін, біз көрмеген бір фазендада жүрген шығар?! Неге солай ойламасқа? Неге өлді деп шығарғалы отыр? Біздің нақты талабымыз ― биліктегілер іздестіру жұмыстарына көмектессін. Қандай жағдай болмасын, тауып берсін! 8 ай болды ― күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айрылдық. Шынымды айтсам, не істерімізді білмейміз» деді Фарида Дәуітбаева.

Еске салсақ, 26 тамызда Жамбыл облысының әскери бөліміндегі қоймалардың бірінде жарылыс болды. Салдарынан 17 адам мерт болып, 100-ге жуық адам түрлі жарақат алған. Қаза тапқандардың арасында өрт сөндірушілер, төтенше жағдай министрлігінің, әскери бөлімнің, әскери күзет пен әскери прокуратураның қызметкерлері бар.

Ашық дереккөздерде Бауыржан Дәуітбаевтың төрт баласы (үш ұл, бір қыз) бары, ал әйелінің бесінші баласына жүкті екені айтылған.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.