Қалалық қоғамдық-саяси газет

Балаларға базарлық

0 293

Өскелең ұрпақты рухани құндылықтармен сусындату қашанда маңызды. Ал мұның негізгі құралы балғындарға арналған шығармалар екені белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялаған болатын. Осыған орай балалар тақырыбында қалам сілтеген бірқатар жерлестеріміздің туындыларын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

Шаншар атайдың шертпегі

Шаншар атай қызық өзі. Бала біткенге бүйідей тиеді. Қашан көрсең, шертпек алып жатқаны балалардың шекесінен. Ауылдағы бала біткен Шаншар атайға басын тосуды кешпес қарыз деп біледі. Кімде-кім шақырғанына бармай, қиқаңдап қашып кетсе, Шаншар қарт ерінбей, жалықпай, оны кешке үйіне әдейілеп іздеп барып, шертпекті әке-шешесінің көзінше алады. Атай енді аямайды, бағана қашқаныңның жазасына деп, аузына неше шертпектің саны түссе, соны алады. Үш іліксе – үшеу, бес деп қалса – бесеу, он бес деді екен – он бес.
Бір қызығы, ауылда жан адам ол кісінің бетін қағып көрген емес. «Әй дейтін ажа, қой дейтін қожа жоқтың» дәл өзі бұл Шаншар атай. Бұған балалар қашанғы шыдасын, әлбетте, ә дегенде ауырсынады, бірақ оған атай міз бақпайды. Балалар не қылса, ол қылсын, бірақ оған бірде-бір ата-ана араша түсіп көрген емес.
– Өзіңдікі жақсы ма енді? Бағана шақырғанда қарызыңды беріп кетсең болмайтын ба еді? Үлкен кісіні әурелеп, қарашы, – деп қайта баланың өзін кінәлайды.
Шаншар атайдың бұл сырын білетін балалар тынышы осы деп, анадайдан шақырғаннан-ақ шекелерін тосып, икемделе бастайды. Ал сондайда шертпек алып қана жіберсе жөн ғой, одан рахаты бар ма? Шертпек алу деген жай аты, онымен іс бітпейді. Сылтауы толып жатыр атайдың. Алдымен шұқшиып тұрып үсті-басыңды қарап өтеді. Егер киім-кешегіңнен не аяқ-қолыңнан бір ши шығып қалса, бәленің болғаны дей бер. Онда шертпек үстіне шертпек жамалады.
– Мына ердің құлағына қараңдар. Кірі бес елі тура! Бес шертпек. Тырнағы аюдай боп кетіпті ғой мына сабаздың, масқара-ай! Төрт шертпек… Шашыңды неге алдырмағансың? Мұның үшін үш шертпек. Пәлі, сияның бәрі мына шіркіннің қолында жүр ғой. Азып-тозуын сонша бәтшағардың! Екі шертпек, – деп тізе береді, тізе береді.
Құтылып көр енді. Барша балалардың алдында бетің бар, жүзің бар демей, масқара етеді өстіп.
Ал үсті-басы тап-тұйнақтай, аяқ-қолы тап-таза балаларды:
– Е-е, міне, азамат! Адам болатын баланы қойсаңшы бұ. Жасынан тындырымды болады бұлар, – деп жер-көкке сыйғызбай мақтап ала жөнеледі.
Шертпек беруден құтылудың бір-ақ жолы бар, ол үшін дойбы ойнап, Шаншар атайды ұтуың керек. Ұтылсаң, тағы пәле, әр ұтылғаныңа үш шертпектен жамалып отырады. Ал ол кісіні әлі күнге бірде-бір бала ұтып көрген емес.
Шаншар атай – дойбыға жаны құмар, атақты ойыншы адам. Дойбы десе, ішкен асын жерге қояды. Анау-мынау ойыншысымақтарды төрт-бес жүріске келтірмей қағып тастайды. Ал оның соңы біздің шекемізге келіп бір-ақ тіреледі. Сондықтан бала біткен Шаншар атайдың алдынан қия өтпейміз. Сонадайдан сәлем беріп, сызылып тұрамыз. Барлығымыз да ол кісіге тек жақсы жағымызбен көрінуге тырысамыз.
Атайдың балалардың шекесін тызылдатуға неге сонша құмартып тұратынын бірде-біріміз білмеуші едік. Тіпті үлкендер де білмейтін. «Бір еріккен шал» десетін де қоятын. Ал атайдың шертпек алуы мүлде еріккендік емес болатын. Егер Бекенге Шаншар атайдың өзі айтпағанда, ол жайды мүмкін ешкім біле алмас та ма еді, кім білсін…
Атайдың айтуынша, Бекен – адам болатын балалардың бірі. Өздері көрші тұрады. Сол Бекен биылғы жазғы демалыста лагерьге барған. Содан бір ай демалып, үйіне бүгін түс ауа келді. «Үйге барысымен, амандықтан соң Шаншар атайға жолығып, сәлем беремін» деп-ақ ойлап келіп еді, бірақ үй іші өзін қатты сағынып қалған екен, көкесі мен апасы әрнені кезек-кезек сұрап, босатар болмады. Бірнеше рет терезеден көз тастап еді, үнемі қыбырлап далада, есігінің алдында жүретін атай көріне қоймады Бекенге. Содан үй ішінен әрең дегенде босап, сәлем беруге келсе, Шаншар атай қолдан шапқан қоңыр домбырасын шертіп, екі қабат көрпенің үстінде жантайып жатыр екен. Шынтағында жастық, жанында дойбы.
– Ассалаумағалейкум, ата!
– Ә-әликумассалам. Бекен бе, ей, мынау?! Қашан кеп қалғансың? Әй, айналайын-ай, атаңды сыйлап сәлем беруге келдің ғой. Бәсе-бәсе, Бекеннен басқа балалардың бәрі көше таптарлар демеп пе едім? Ауырып жатқанымда, біреуі есіктен сығаламады-ау, – деп Шаншар атай Бекеннің қолын алып, кеберсіген ернімен маңдайынан сүйді.
Бекен енді байқады, Шаншар атайдың ат жақты үлкен ақ сұр жүзі сарғыш тартып, азып, әлі күнге жанары сөнбеген қой көздері шүңірейіп қалған екен.
– Ауырып қалдыңыз ба, ата?
– Сен кеткен күннің ертеңіне оңбай жығылып едім, шүкір, әйтеуір. Жан қалды бір жолға. Өтіп бара жатқан заман-ай десеңші, соған да, міне, айға жуықтап қалыпты ғой. Е-е, айтпақшы, шекең шертпекті сағынып қалған жоқ па? Бірақ сені қойшы, таза жерде демалып, асыр салып ойнап қайттың. Бәрінен де көшедегі шаңға аунап жүрген сумұрындарды айтсаңшы. Бетінен қағатын пенде жоқ. Сыпыра бір шертпек алып, тәртіпке келтірер ме еді өздерін… Ал, қарап отырмалық, бермен жақында, шертпек тігіп, дойбы ойнап жіберелік. Байқайын сені…
Бекен лагерьде дойбыны жан-тәнін сала көп ойнап, әбден үйреніп қайтқан. Алғаш кейбіреулерден ұтылып қап жүріп, кейінгі кезде ойыншылдығына жан шақ келмей қойған. Дегенмен де, Бекеннің ойынша, Шаншар атайдан асқан ойыншы жоқ, «қазір жеңіліп қап, шертпек беретін шығармын» деп қорқақтаңқырады. Шаншар атай жастығын биіктетіп, көтеріліңкіреп отырды.
Бір рет ойнады. Шаншар атай ұтылды.
– Шалымыма келмеуші ең. Апырай, не ғып жіберді? Апай-топайымды шығарды-ау лезде. Қайта тікші.
Шаншар атай екінші рет тағы ұтылды.
– Мынау, қайтеді, ей? Жан қоятын түрі жоқ қой өзінің. Енді бір көрейінші.
Атай бұл жолы да жеңілді.
– Паһ, шіркін, оқыған баланы қойсаңшы бұл, жөні бөлек қой… Бұларға тең келіп болмайды. Бұлар біліммен ойнайды ғой, ал біздікі қайбір ойын дейсің. Тағы тігіп жібер, Бекенжан.
– Шертпегімді беріңіз.
– Әй, жаман неме, шертпекті мен сендерден қайбір қолым қышығаннан алып жүр дейсің. Осылар намыстансын, өнегелі болып өссін, үсті-басы таза жүрсін, өнер үйренсін деп алам да. Міне, сенің басың піскен екен, енді сенен алмаймын, сен де мені кеш. Ал ана шіріктер де мені өстіп жеңіп құтылмайынша, шертпек алғаным алған.
Шекені ойып кете жаздап тызылдататын шертпектердің сырын Бекен енді түсінді. Бұрын атайдың бұл қылығына кейде ыза болып қалатын, бақса, бәрі бос түсінбеушілік екен ғой. Шаншар атай бұларға титтей де жамандық ойламайды екен, қайта барлығын осылар адам болсын деп істейді екен. Сөйткен абзал атайды қайта-қайта жеңе бергені үшін біртүрлі аяп, іші-бауыры елжіреп кетті. Мейлі, жүз рет ойнайық десе де, мақұл.
– Ата, қазір сіз жеңетін шығарсыз. Жүріңіз.
– Сен мені өйтіп алдаусыратпа. Мен жеңгеніме қуанбаймын, жеңілгеніме қуанам. Біз қайбір ойыншы дейсің. Кезек сенікі, өзің бастап жүре бер, – деді Шаншар атай кеудесін кере бір дем алып.
Атай жастығын жоғарылатып отырды.
– Ал, онда жүрдік, ата.
Бекен алғашқы жүрісті жасауға құлшына қол созды.

Әлдихан Қалдыбаев, жазушы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.