Қалалық қоғамдық-саяси газет

Балалардың балконнан құлауы жиіледі

0 184

Ағымдағы жылдың соңғы айларында облыста көпқабатты тұрғын үйлердің терезелерінен балалардың құлау жағдайлары жиілеп кетті. Көбінесе мұндай оқиғалар балалар мен олардың ата-аналары үшін қайғылы аяқталады.

Мысалы, ағымдағы жылдың басынан бері облыс аумағында кәмелетке толмаған балалардың көпқабатты үйлердің терезелері мен балкондарынан құлауының 12 жағдайы орын алды. Онда 2 жастан 17 жасқа дейінгі 12 бала зардап шекті. Әрине, қарапайым сақтық шараларын сақтай отырып, балаларды құтқаруға болады.
Балалардың терезеден құлауының алдын алу, сондай-ақ жер сілкінісі кезіндегі жасалатын іс-әрекеттерді азаматтарға түсіндіру мақсатында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындарымен 600-ден астам адамды қамти отырып, үгіт-профилактикалық іс-шара өткізді. Мұнда балалардың терезеден құлауының алдын алу және жер сілкінісі кезіндегі іс-қимылдар бойынша жадынамалардың 2 түрі таратылды. Бұдан басқа, бұл жадынамалар көпқабатты тұрғын үйлердің әрбір кіреберісінің шығыс есіктерінде ілінген.
Алты жасқа дейінгі балаларды ересектердің қарауынсыз қалдыру көбінесе қайғылы жағдайға ұрындырады. Мұндай кездерде тек терезелер ғана емес, жанғыш заттар, электр энергиясы да қауіпті болуы мүмкін. Ата-аналар үшін терезелер мен балкондар ашық бөлмелерде терезелердің қауіптілігін түсіндіріп, көрсету маңызды. Ең қауіптісі, терезедегі москит торлары болып табылады. Өйткені олар балаға қауіпсіз секілді көрінеді. Сол үшін бала торларға сүйенген сәтте ол оның салмағын көтере алмай түсіп кетеді. Терезелерді қорғау үшін балалардың құлап кетуіне жол бермейтін арнайы пластикалық торларды орнатуға болады. Мұндай торлар 30-40 килограмға дейін төтеп бере алады. Сонымен қатар олар пластиктен тұрады, жарық өткізеді, ал егер бөлмеден терезе арқылы эвакуациялау қажет болса, ересек адам оларды бұзып шыға алады.
Көбінесе балалардың терезеден құлау фактілері жазда, ыстық ауа райында орын алады. Егер ата-аналар пәтерді желдетуді қаласа, онда барлық терезелерге торларды орнатқан дұрыс. Мұндай торлардың орташа бағасы 8-ден 15 мың теңгеге дейін болады.
Балалар сіздің бақылауыңызсыз бөлмеде болған кезде терезелерді өз бетінше аша алмауы үшін оларға арнайы бекіткіштер немесе блокаторлар орнатуға болады. Олардың құрылғысы көбінесе велосипед құлыптарына ұқсайды. Бөліктердің бірі терезенің жақтауына жоғарыдан, ал екіншісі қабырғасына бекітіледі. Сондай-ақ барлық жиһаздарды, соның ішінде дивандарды, үстелдерді, орындықтарды терезеден алшақ жылжыту қажет.
Егер сіз жоба нұсқасында жаңа пәтер сатып алсаңыз немесе жөндеу жасасаңыз, терезе төсеніштерінің жоғары екеніне көз жеткізген жөн. Қазіргі заманғы үйлерде әзірлеушілер әдетте мұны ескереді, бірақ ескі жоспарларда балалар көбінесе терезе төсенішіне оңай көтеріле алады. Егер пәтерде балкон болса, онда оған балаларды жібермеу керек.
Көптеген ата-аналардың ерте жастан бастап баланы терезе төсенішіне немесе балконға шығарып, ауланы көрсететін әдеті бар. Алайда мұның қауіпті екенін ескеріп, сақтық шараларын сақтау қажет. Балалар көбінесе балконда ескі жиһаз, ойыншықтар, сөрелер және де басқа қоқыстар арқылы терезеге қол жеткізе алады. Сондықтан балаларды ешқашан жалғыз қалдырмаңыз. Өз перзентіңіздің өмірі өз қолыңызда.

Сәулекүл МҰНАТАЕВА, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.