Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бала қауіпсіздігі – басты назарда

0 321

Балалар – біздің болашағымыз. Олардың амандығын қорғау – біздің борышымыз. 1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай Жамбыл облысы Полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция полковнигі Қалжанов Қуанышбек Жақсылықұлымен сұхбаттастық.

–Жамбыл облысында балаларды қорғау қаншалықты қамтамасыз етілген?

– Біздің облыста Полиция департаменті ювеналды полиция қызметкерлерімен жасөспірімдердің құқықтарын қорғау бойынша бірқатар профилактикалық іс-шаралар білім бөлімдерімен бірлесе атқарылады. Аталған жұмыстардың қорытындысымен есептегенде, жасөспірімдермен жасалған қылмыстар саны 9 пайызға төмендеді.

– Әлеуметтік желілерде бала жоғалды дегенді жиі көзіміз шалады. Жыл басынан бері қанша бала жоғалды, қаншауы табылды? Ол балалардың жоғалуына не себеп? Бұл ата-ана жауапкершілігінің төмендігінен бе әлде өздерінің бейқамдығынан ба?

– Ағымдағы жылғы есеп беру қорытындысымен салыстырғанда жасөспірімдердің үйден кету деректері 50 пайызға өскен, яғни былтыр 42 дерек тіркелсе, биыл 63 дерек тіркеліп отыр. Сонымен қатар екіден астам жасөспірімнің үйден кету дерегі тіркелсе, 18 жасөспірім профилактикалық тізімге алынды. Олардың ішінен 4 жасөспірім арнайы мектепке 6 айдан 1 жылға дейін сот шешімімен орналастырылды (төртеуі де қыз бала). Ал олардың үйінен кетуіне себеп болған жағдай – отбасындағы тәрбиенің жоқтығы, ата-аналарын тыңдамауы және үйдегі кикілжің болып отыр. Ал енді мектепке дейінгі балалардың да жоғалуы да аз емес, алайда олар 3-4 сағатта табылып, ата-аналарының қолына тапсырылады, кейде ең ұзағанда тәулікке жетпей табамыз. Яғни есік алдында ойнап жүріп, келесі аулаға кетіп қалып, адасып кету жиі болып тұрады.

– Ал жоғалып, табылған жасөспірімдерге қандай көмек көрсетесіздер? Ондайда олардың ата-анасына қандай жаза қарастырылған?

– Ондай жағдайда біз ата-анасына бір ғана дерекпен шара қолданып, жаза тағайындай алмаймыз. Бар болғаны ауызша ескертумен шектелеміз. Бірақ үйден кеткен балалардың бәрі толық отбасында, яғни әке-шешесінің қасында тәрбиеленіп жатқандығын айтып өтуіміз керек, яғни бұл жерде ата-ана балаларының есік алдында жүргендігін толығымен бақыламайды, тек жоқ екенін байқағанда «102» жедел қызметіне шығып, хабарлама береді. Полиция қызметкерлері тұрып жатқан мекенжайы, келесі жерде орналасқан көшелер мен аулаларға іздеу салып, балаларын тауып, ата-анасына тапсырады.

– Ал балалар көбінде қандай жерлерде жоғалуы мүмкін? Баласын жоғалтқан ата-ана бірден не істеуі керек?

– Балалар өз үйінің маңында, аулада ойнап жүріп немесе көшелерде адасып қалып, жоғалуы мүмкін. Менің айтатыным, әрбір ата-ана, біріншіден, өз баласын қадағалауды, бақылауды ұмытпау керек. Екіншіден, дереу «102»-ге хабар бермей тұрып, жоғалып кеткеніне әбден көз жеткізу керек. Өйткені көбінде жоғалды деген баланы полиция қызметкерлері бір сағаттың айналасында келесі ауладан немесе көршісінің үйінен тауып жатады.

– Ешбір ата-ана балаларына жамандық тілемейді, алайда кәмелетке толмағандар арасында келеңсіздіктер көп кездесіп жатады. Сондай жағдайда балалар баратын қылмыстың алдына қандай тосқауыл қоюға болады? Жасөспірімдерді көбінде қылмысқа не итермелейді?

– Балаларды қылмысқа итермелейтін – көбінде отбасындағы тәрбиенің жетіспеушілігі, онан қалса материалдық жағдайларының төмендігі. Өздеріңізге белгілі, биылғы оқу жылы оқушылардың қашықтан оқуынан басталды. Балалар көбіне ата-аналарының қадағалауында болды, бұл үрдіс әлі де жалғасуда. Бүгінгі таңда біздің тарапымыздан интернет желілері арқылы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ата-аналармен жиналыстарды білім бөлімімен бірігіп ұйымдастырдық. Сонымен қатар түнгі сағат 23.00-ден кейін ата-аналарының қарауынсыз жүргендерді тексеру үшін рейдтік іс-шаралар жүргізіледі. Білім ошақтарынан он тәулік ішінде қашықтан оқуға қатыспаған оқушылардың үйлеріне барып себептерін анықтаймыз. Сонымен қатар жайсыз отбасыларында тәрбиеленетін балалар ұдайы тексеріліп отырады. Қазіргі таңда жаздық демалыс келе жатыр, сол себептен біздің тарапымыздан жоғарыда көрсетілген іс-шаралар жалғаса бермек. Әрі БАҚ өкілдері арқылы да түсіндіру жұмыстары жүргізіледі және Полиция департаментінің басшылық құрамдарының назарында болады. Міне, осындай қадағалаудың арқасында біздің қоғам тыныш болып, балалар тарапынан жасалатын қылмысты да азайтуға болады деп ойлаймын.

– Қалада жасөспірімдерге қарсы қандай қылмыс өршіп тұр?

– Бүгінгі таңда көп орын алып отырған қылмыстың түрі – қоғамдық көліктерде жасөспірімдердің ұялы телефонын ұрлау. Атап айтар болсақ, ағымдағы жылдың 4 айында жасөспірімдерге қарсы жасалған 65 ұрлық дерегі тіркелсе, соның 64-і балалардың ұялы телефонын ұрлау фактісі. Бұл бағытта сараптама жасағанымызда анықталғаны, жасөспірімдердің жеке мүліктеріне ұқыпсыздығы, кейбіреулерінің ата-аналары қымбат телефондар табылады деген мақсатпен бізге «ұрлап кетті» деген шағыммен келіп жатады. Ал олар өздері қай жерде түсіріп алғанын, қай жерде жоғалтқанын білмей, үйлеріне келгенде ғана іздеп жатады. Біз осындай оқиғалар жиі орын алмау үшін балаларды өз заттарына ұқыпты болуға шақырамыз.

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Шапағат ӘБДІРҰЛЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.