Қалалық қоғамдық-саяси газет

Азалы жылдардың ақтаңдақтары

0 268

31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Нәубет жылдардан тарихтың жадында тек қанды, шерлі, қазалы күндер қалды…

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Юрий КИМ

Өткен күндерге көз жүгіртсек, жанардан тамған жас та алқызыл түске боялып, Жер үстін өлім ізі кезіп кетті. Ілбіп басып, қабырғасы ырсиып, сіңірі шыққан аш адамдар амалсыздан көрдегі мәйітті де жеуден тайсалмады. Сүрінгені, сүйегені мен сүйенгені де ажал болғандардың жан төзгісіз қасіретіне тұнған уақыттың бақытсыздығын тасқа қашап жазған уақыт еді. Деректер мен дәйектерге сүйенсек, Кеңес өкіметінің басшылары Қазақстанды жайлаған ашаршылық туралы бір ауыз сөз айтуға да, жазуға да қатаң тыйым салғаны белгілі. Сол себепті мұрағаттарда 1930-1933 жылдары Әулие-Ата уезінде қанша адамның опат болғаны туралы деректі құжаттар мен жеке адамдардың естеліктері кездеспейді екен.

Осынау аштық жайлаған жылдар жайлы Жамбыл облыстық Асқар Тоқпанов атындағы драма театры Олжас Жанайдаровтың пьесасы бойынша «Жұт» атты спектаклінің премьерасын ұсынды. Қойылымның режиссері Қуандық Қасымов болса, басты рөлдерді Самат Махамбетов, Елена Казаченко және Анатолий Просалович сомдады.

Спектакль 30-40-жылдары қазақ даласында болған үрей мен жан азабына толы оқиғалардың тізбегімен өрбіді. Репрессия мен аштық жылдары 100 мыңнан астам адам жер аударылса, 25 мыңнан астам адам өлім жазасына кесілген. 1932-1933 жылдардағы жаппай ашаршылық кезінде Қазақстанда бір жарым миллионнан астам адам қайтыс болды. 600 мыңнан астам қазақ елінен кетіп тынды.

Ауыр жылдардың аманатын арқалаған пьеса Сталин басшылық еткен тұстағы Ахмет пен Сәуленің отбасының басынан кешкен қасіретін баяндайды. Бұл – Олжас Жанайдаровтың пьесасы. «Жұтты» жазу барысында ол атасының әңгімелеріне сүйенген. Бұл спектакль болған оқиғаларды еске салуға ғана ұмтылмады. Тарих тамырында із қалдырған жылдар жайлы баяндай отырып, ол бүгінгі күннің жарық шуағы мен балалардың сыңғыр күлкісін бағалауды үйретті. Күдігі қою, күреңіткен шерлі күннен алқызыл таңға үмітпен аяқ басқан тағдырдың батыл кейіпкерлері жайлы сыр шертті. Бір ғана отбасының ғұмырын баян еткен пьеса бүкіл ұлттық трагедияның ауқымдылығын айқын көрсетті.

Сахнада үш кейіпкер, үш үміт қана қазақ даласының зұлматты жылдардағы бар ғұмырын жайып салды. Ашаршылық. Ұжымдастыру. Азық-түліктің жетіспеушілігінен есінен танған адамдар өлгендердің денесін жеп, жаңа қабірлерді қотарып жатты…

Ахмет пен Сәуле алдымен үш жасар ұлын жер қойнына тапсырады. Енді олардың жарық сәулесіне айналған Зере атты қызы ғана бар еді. Сәуле байдың қызы болғандықтан, күйеуінің партия қатарында жұмыс істейтінін құптамайды. Ол кедейлердің бәрін жау көреді. Ахметтің жұмыстан босатылуына оның бұрынғы әлеуметтік жағдайы себеп болады да, отбасы қайтадан аштықпен бетпе-бет кездеседі. Көп ұзамай олардың жалғыз үміті – қыздары дүниеден өтеді. Қызының өлімін көтере алмаған Сәуле өзінің жүрек тұсына пышақ сұғып қайтыс болады. Ол өлер алдында күйеуінен оңтүстікке кетіп, бақыт тауып, отбасын жалғастыруды сұрайды. Өлім, шарасыздық пен қайғы қабаттасқан бұл қойылым бүгінгі ұрпақты шүкір етуге шақыратындай еді…

– Бұл тақырып маған жақын. Әкем бұл сұмдық жылдар туралы көп айтты. Мен спектакль барысында депортация кезінде вагондағы адамдардың жолда қайтыс болғанын, оларды пойыздан лақтырып тастағанын есіме алып отырдым. Мұндай көріністерді жас ұрпақ біліп, сезініп өсуі үшін дәл осылай шынайы бейнелеп, сахналап отыру керек. Бұл – бүгінгі күнді бағалаудың айқын көрінісіне бастайтын жол. Спектакльдің өзі бір жанұя мысалында адамдардың барлық жан азабын жеткізді, – дейді облыстық драма театры директорының орынбасары Валерия Сон.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.