Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ауданда не жаңалық?

0 416

Таласта тіршілік қыза түсті

Талас ауданында 140-тан астам трактор қажетті ауыл шаруашылығы техникаларымен бірге көктемгі егіс-дала жұмыстарына қатысуда.
Ағымдағы жылы ауданда ауыл шаруашылығы дақылдары 14 095 гектарға орналастырылып, өткен жылмен салыстырғанда егіс көлемі 330 гектарға ұлғайып отыр.
Қазіргі таңда егістік жердің жартысынан көбі жыртылған. Егін егуге қажетті 260 тонна кепілдендірілген дизель отыны 194 теңгеден шаруаларға өткерілуде.
2022 жылдың өнімі үшін егілген 5,0 мың гектарға жуық күздік бидайдың шығымы жақсы. Бұрын егілген көпжылдық шөп те біркелкі көгеріп келеді. 2,0 мың гектардан астам жерге арпа, жоңышқа егілуде.
Биыл аудан 300 тоннаға жуық минералды тыңайт- қыш алуды жоспарлауда. Қазіргі уақытта 8 шаруа қожалығы 300 гектар егістік жерді тамшылатып және жаңбырлатып суару әдісімен игеруге дайындалып отыр.

Самат Селеубаев – аппарат басшысы

Жамбыл ауданы әкімінің өкімімен Самат Селеубаев аудан әкімі аппаратының басшысы лауазымына тағайындалды.
Жаңа басшыны аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы таныстырып, аппарат жұмысын жетілдіру, тапсырмалардың уақытылы орындалуы бойынша міндеттер жүктеді.

Зертхана бөлімі жаңа қондырғымен толықты

Жуалы аудандық орталық ауруханасының клиникалық-диагностикалық зертханасы қазіргі заманның талабына сай жабдықталған заманауи зертханалық аппараттарымен, тұтыну материалдарымен қамтамасыз етілген.
Зертхананың негізгі жұмысына стационарлық, шұғыл қызмет және емхананы қамту жұмыстары кіреді. Бөлімшені жоғары категориялы, тәжірибелі дәрігер Ақәділ Жанғазиев басқарады.
Зертханаға бүгінде жаңа қондырғылар келіп, зертхана жұмысы едәуір жеңілдеген. Қазіргі таңда зертханада жұмыс өтілі 5-25 жыл аралығын қамтитын орта буынды зертханашылар медициналық қызмет көрсетуде. Тоғыз зертханашы және екі кіші медицина қызметкері жұмыс істейді.
Ағымдағы жылдың ақпан айында аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Батырбек Үсенбаевтың бастамасымен зертхана бөліміне заманауи анализатор алынған. Содан кейін зертханаға биохимиялық қан талдау DIRVI CS-T240, жалпы қан талдау DIRVI BCC-3900 және жалпы зәр талдау DIRVI H-100 аппараты, автоматты коагуламетр анализатор С 3100 аппараттары «МINDRAY» фирмасынан алынған.

Шу қаласының ажары айшықталуда

40 мыңға жуық тұрғыны бар Шу қаласындағы Қ.Сәтбаев, Д.Қонаев сынды негізгі көшелер мен кіреберіс қақпаны абаттандыру жұмыстарының жобасы әзірленіп отыр.
Аталған жоба аясында көше бойындағы жаяу жүргіншілер жолдары, жасыл желек қоршаулары, жарық шамдары, орындықтар, қоқыс жәшіктері заманауи үлгіде орналастырылып, көшелердің жалпы келбеті айшықтала түспек.
Дәл осындай жұмыстар легі қаладан бөлек, ауылдық округтерде де жалғасуда. Сол арқылы ауданның сәулеті сәнденіп, ажары ашыла түсетін болады.

Меркіде баға жіті бақылауда

Меркі ауданында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына тұрғындардың қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында, аудан әкімдігі «Юлдуз» жеке кәсіпкерлігімен келіссөздер жүргізген. Нәтижесінде, аталған жеке кәсіпкерлік жалпы 30 тонна картопты арзандатылған бағамен аудан орталығына шығарып, келісін 170 теңгеден саудалауда.

Қарасайлықтардың ауызбіршілігі көпке үлгі

Қордай ауданындағы Қарасай ауылдық округі тұрғындарының ауызбіршілігі көпке үлгі. Бүгінде ауыл жастары жиналып, бұлақтардың көзін ашуда. Оған себеп – Қарасай ауылына ауыз су бұлақтардан келіп, ауылға арнайы арық жүйесімен жеткізіледі. Қазіргі таңда судың ағыны жақсарып, деңгейі көтерілген. Осылайша қарасайлықтар бұлақтың таза суын тұтынуда.

Дайындаған Дариха Үмбетиярова

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.