Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қала келбетін айшықтаудың тетіктері қандай?

0 593

Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев «Қазақстан Q88» урбанистер қауымдастығының өкілдерімен кездесті. Жиынға қауымдастық мүшелері мен қоғам белсенділері қатысты. Алдымен сөз алған шаһар басшысы кездесудің мән-маңызына тоқталды.

– Былтыр елімізде урбанистер қауымдастығы құрылған болатын. Жалпы урбанистика дегеніміз – қалаларды дамыту, адамдардың өмір сүруіне қолайлы жағдай туғызу үшін шаһардың кеңістігін дұрыс пайдалану туралы ілім. Сондықтан бүгінгі басқосудың берері мол, – деді Ержан Жұматұлы.
Бұдан кейін бірлестік төрағасы Ерлан Әукенов қауымдастықтың қызметі мен жүзеге асырып жатқан жобалары туралы кеңінен баяндап, қаланың инфрақұрылымына жүргізген талдау нәтижелеріне сүйеніп, ұтымды ұсыныстарын жеткізді.
– Біздің жүргізген талдауымызға сәйкес, саябақ, сквер, аллеялар сынды қоғамдық нысандардың көпшілігі типтік жоба бойынша жоспарланбағаны, соның салдарынан сәулет пен ландшафттың үйлесімділігінің төмен деңгейде екеніне көз жеткізіп отырмыз. Сондай-ақ әлеуметтік кеңістік дұрыс қолданылмауы, веложолдардың жоқтығы, саябақтық жиһаздың тапшылығы және талдардың бірізділігі секілді жайттар да кездеседі. Мұның бір себебі – қоғамдық нысандарды урбанистика және дизайн сарапшылары емес, тек құрылыс мамандарының салғандығында да жатса керек, – деген Ерлан Мұратұлы әлемдік мегаполис- терді мысалға ала отырып, қалалық инфрақұрылымды трансформациялау- дың презентациясын ұсынды. Мұнда веложолдар орнату үшін қолайлы маршрут, скверлерді, саябақтарды жайластырудың көрнекі мысалдары, біздің климатқа қолайлы, жыл бойы гүлдейтін жасыл желектердің түрлері түгелдей қамтылған.
Келесі кезекте қоғам белсендісі Жанна Мамашева аталған мәселеге өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, көптеген нысандар кеңестік кезеңде салынғандықтан, ең алдымен олардың тарихи маңызы мен жеке құрылымын ескеру қажет екен. Сондай-ақ ол шаһар көшелеріндегі аншлагтарды біріздендіру керектігіне ерекше екпін түсірді.
Басқосуды қорытындылаған Ержан Жұматұлы қауымдастықтың өзге өңірлерде атқарған жұмыстарына жоғары баға беріп, биыл облыс орталығының келбетін жақсарту бойынша бірнеше ірі жоба қолға алынатынын жеткізді.

Құрмаш Қаптағай 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.