Адам жегіш Николай Жұмағалиевті тәртіп сақшылары қалай құрықтады? Оны 31 наурыздан бастап еліміздің барлық кинотеатрынан шығатын «Три» атты фильмінен біле аламыз. Туындыда тұтас Кеңес үкіметін үрей құшағында ұстаған қанішердің жаға ұстатар қылмыстары көрсетілген деп хабарлады turkystan.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Тіпті авторлар жұртты дүр сілкіндірген істің ел біле бермейтін деректерін де туындыға қосқан. Фильмнің сценариі 80-жылдары болған жантүршіктірер оқиғаларға негізделген. Туындыда үш сюжет желіcі қарастырылады. Біріншісінде милицияның арнайы бөлімшесіне тәлім алуға келген Садықовтың өмірі көрсетілген. Жұмысқа кіріскен алғашқы күннен-ақ жас тергеуші қанды қылмыстарды ашумен айналысатын топқа ілесіп, бұрын-соңды көрмеген сұмдықтарға куә болады.
«Біріншіден, маған өте қызық тәжірибе. Өйткені Оңтүстік Кореядан келген топ. Мен басты рөлде ойнадым. Кейіпкердің аты – Шер. Тергеуші болдым. Бір маньяктың ізіне түсіп, сол Шер деген адамның өмірі 180 градусқа бұрылды ғой», – дейді актер Асқар Ілясов.
Келесі бөлімдерінде өрімдей қыздардың жанын алып, қанын ішіп, етін жеген атышулы Николай Жұмағалиевтің қылмыстары көрсетілген. Тәртіп сақшылары үйін тінту кезінде бөлшектелген адамдардың мәйітін табады. Алайда қаныпезердің өзі қашып құтылған. Енді оны ұстау оңайға соқпайтын сыңайлы.
«Психикалық ауытқуы бар кейіпкерді ойнаймын. Ол әйелдерді өлтіріп, етін жейді. Николайдың рөлі негізі қиын болды. Бірақ тек соның образын көшірдім деп айтпаймын. Маньяктың образына ену үшін бірнеше фильмдерді қарадым. Эмоционалды шаршау ғана болмаса, түсірілім жеңіл өтті», – дейді актер Жандос Айбасов.
Рөлдерін шебер сомдаған танымал ресейлік және қазақстандық актерлер кинокартинаға тыңғылықты дайындалған. Фильм осыдан үш жыл бұрын Алматыда түсіріліп, бір жылдан кейін Пусандағы халықаралық кинофестивальде арнайы сыйлықпен марапатталды. Бюджеті жарты миллион долларды құрайтын триллер кореялық мамандармен бірлесе түсірілген.
«Мен актерлердің бейнесіне қарап, іріктеуден өткіздім. Олармен көрісіп, сөйлесіп, кімнің қандай образға сай келетініне байланысты таңдадым. Біз фильмді бір айдың ішінде 24 түсірілім күнінде бітірдік. Мұндай үлкен көлемдегі туындыға бұл өте аз уақыт. Себебі, түсірілім тобы үйлесімді жұмыс істеп, барлығы жеңіл түсірілді», – дейді фильмнің режиссері Руслан Пак.
Қыз-қырқынға қырғидай тиген каннибалды тергеушілер қайдан тауып, қалай құрықтайды? Оны 31 наурыздан бастап отандық триллерден көруге болады.