Қалалық қоғамдық-саяси газет

Атамның суреті менімен сөйлескісі келгендей

0 364

Бұрнағы жыл болатын. Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы Таразда облысымыздың 80 жылдығына арналған «Архив – тарих қазынасы» атты фотокөрме ұйымдастырды. Ашылу салтанатына арнайы шақырылып, қатыстым.
Архив қызметкерлері сол кездегі облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова, облысымыздың зиялы қауым өкілдері Сағындық Ордабеков, Батырбек Құлекеев, Өмен Байшығашев, Гүлдара Нұрымова және мені өлке тарихынан сыр шертетін көптеген құнды фотоқұжаттармен таныстырды.
Он бөлімнен тұратын стендтерде негізінен облыстық «Еңбек туы», «Знамя труда» газеттерінде фототілші болған Орлик Ким мен Тілеумағамбет Елемісовтің бұрындары жарияланбаған 100-ге жуық фотосуреттері ілініп, үстел-сөрелерге облыстың әлеуметтік, саяси-экономикалық дамуына еңбегі сіңген архив қорындағы 80 адамның жеке тектік құжат көшірмелері, фотоальбомдары қойылыпты.
Әр суреттің тарихы берілген, болған оқиға, Жамбыл жеріндегі кездесулер, сол кездесу куәгерлері айтқан, жазбаша газеттерде сақталған деректер негізінде жазылған тарихнамалар өте қызықты еді. Елімізге танымал тұлғалармен бірге қарапайым еңбек адамдары жайлы тағылымды жайттарды баяндаушы қыз бен архив басшысы Сара Мадиева кіреберіс оң жақ қабырға тұстан бастап, жағалай көрсетіп, кезекпен түсіндіріп келе жатқан соң, бәріміздің назарымыз сол жүргізушіге ауды. Елең ететін деректерге құлақ түріп, мұқият тыңдап тұрған менің кенет сол жақ желке тұсымнан біреу маған қарап тұрғандай болды. Алаңдап артыма қарап едім, қалың көпшіліктің ар жағындағы қабырғадағы көне суреттердің бірі көзімді магниттей тартты. Не сурет екені де алыстан анық көрінбейді. Мойнымды бұрып, жүргізушінің нұсқаған мәліметтеріне көңіл бөліп, жұртпен бірге келесі тақырыптарға қарай жүріп, алға адымдасам да, артымда қалып қойған әлгі ақ-қара шағын сурет мені арбап, жүгендеп алғандай өзіне әлсін-әлсін тарта берді. Екі бөлмені түгел аралап, айналып келіп барып, ең соңынан мені өзіне тарта берген сурет ілінген стендке жеткенде, жүргізуші біз кірген есіктің сол жақ шетіндегі бұл қабырғада Ұлы Отан соғысы кезіндегі әртүрлі фотолар жинақталғанын қысқаша айтты да, қатты мән берместен келесі бөлмеге өтіп, кезекті тақырыпқа ойысып кетті.
Аяғы шідерленген асаудай кібіртіктеп, елге ілеспей қалып қойған мені көрінбес жіппен матап баураған шағын суретті жақыннан, оңаша үңіле қарап көре бастағанымда, құйқа шашым тік тұрғандай, тұла бойым шымырлай жөнелді. Денем бір ысып, бір суынды. Сырт қарағанға сонша мән беретіндей сурет емес еді. Топтасып тұрған бірнеше ауыл жігіттерінің иығына қару асынып, жымия, мәз болып түскен суреті. Астына жазылған анықтамадан олардың Луговое ауданынан майданға аттанғалы тұрған сәті екенін оқығанымда, тіпті аң-таң күйге түстім.
Сегіз-тоғыз азаматтың ішіндегі берірек тұрып, анығырақ көрініп тұрғанының күлімдей түскен үлкен бейнесі менің әкемнен аумай тұр еді!..
Мені өзіне ерекше тартқан бұл бейне, әрине, әкем емес. Әкем 1938 жылы туған. Соғыс кезінде шыбықты ат қып мініп ойнайтын балдырған бала-тұғын. Көзімді айыра алмай қараған бейне менің әкемнің әкесі, яғни атам шығар онда?! Шын мәнінде, қазіргі Т.Рысқұлов ауданының тумасы, (қазіргі құландық) бұрынғы луговойлық атам Бұлдыбай Битенов соғыста хабарсыз кеткен.
2004-2005 жылдары Жеңіс күнінің қарсаңында атам туралы аздаған дерек шығып, майдан даласында ерлікпен қаза тапқандығы жөнінде мәлімет табылып, өзі секілді бірнеше батыр жерлестерімен қатар ардақталып, Малдыбай ауылында ашылған ескерткіш монументке есімі ұлықталып жазылды. Марқұм атам туралы бұдан басқа ештеңе де білмеймін. Ол кісі түгілі, оның жалғыз ұлы әкешім де жастай бақилық боп кетті. Әкемнен қалған естелік фото көп. Бірақ әкемнің әкесінің бірде-бір суреті жоқ. Түрі қайдан сақталсын?!
Жә-ә…
Бұл суреттегі адам менің атам болмауы да мүмкін. Онда неге сурет маған әсер етіп, өзіне ерекше тарта түсті? Бәлкім, менің кіндік қаным тамған ауданымнан, ата-бабамның атамекенінен аттанған сарбаздардың әруағы менің де түбімнің луговойлық екендігін сезгендей, маған ғана білдіртіп, мені ғана өзіне тартты ма?..
Бұл түсініксіз жайтты үйге келе салып күйеуіме жеткізгенім болмаса, басқа еш жерде қозғамай, жылы жауып тастағам. Жақында жазушы ағамыздың мына сөзі сол оқиғаны қайтадан ойыма салды. «Өзім туралы әңгіме болса мен оны сеземін, тіпті алыстан бірнеше шақырым жерден маған көрінбей тұрған бір қоғамның, бір ұйымның немесе бір топтың мен туралы әңгімесін қатты сеземін. Алланың берген бұл бір қасиеті деп ойлаймын», – деген классик жазушымыз Әкім Таразидің «Андрей» атты эссесіндегі осы жолдарды оқығанда, менің де басымда болып тұратын осындай жайттар көз алдыма келді. Ол кісі бұны «Алланың берген бір қасиеті» деп есептейді екен. Ал мен… Ал мен… не дейін… Мені де Хақ Тағала шыр етіп дүние есігін ашқанымнан бастап таңғалдырумен келеді.

Үміт БИТЕНОВА,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.