Қалалық қоғамдық-саяси газет

Өңірдегі өрт сөндіру қызметінің ахуалы қалай?

0 266

Бүгінде Байзақ ауданындағы әскери қоймадағы жарылыстың салдарынан зардап шеккен ауылдарға көмек көрсетіліп, қираған нысандарды қалпына келтіру жұмыстары қызу жүргізілуде,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.

Аталған оқыс оқиғадан кейін елдің назары өрт сөндірушілерге ауғаны рас. Мамандар өрт сөндірушілердің техникалық базасы мен дайындығы туралы да біраз дүниенің басын ашты. Сенат депутаты Бекболат Орынбеков те қайғылы оқиғаға қатысты пікір білдіріп, сала жұмысында күрделі мәселелер барын жасырмады. Осы орайда біз де облыстық төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мекемесіне барып, өңірдегі өрт сөндіру қызметінің ахуалын біліп қайтқан едік.

Біз елдің амандығы үшін от пен суға түсуден тайынбайтын мамандардың көзсіз ерлігі жайында жиі естиміз. Расында, өрт шыққан аумақтан қарапайым халық жапатармағай қашып жатса, қауіпке қарамай, кез келген жағдайға сақадай сай болып, тәуекелге бас байлаудан да қорықпайтын бейбіт күннің батырлары қандай құрметке де лайық. Өрт сөндіру қызметіне екінің бірі қабылдана бермейтіні де содан. Осы салада еңбек етуге бел буған азаматтардың физикалық әлеуеті мығым, жауынгерлік рухы жоғары, жедел шешім қабылдауда ширақ болуы қажет. Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің бастығы Жомарт Бекболаттың айтуынша, биыл өрт сөндірушілер 433 өрт оқиғасына, 238 авариялық-құтқару жұмысына шықса, бұдан бөлек, тағы 1230 оқиғаға дабыл бойынша жедел барған екен. Соған қарамастан, облыста 14 адам өрттің құрбаны болып (оның ішінде 5 бала), 6 азамат жарақат алған. Оның ішінде 247 азамат жедел құтқарылып (10 бала), 316 тұрғын өрттен кейін басқа орынға көшірілген. Аталмыш мекемеде жалпы 753 азамат жұмыс істесе, оның ішінде 652 адам аттестатталған құрамда (127 офицер, 525 сержант). Үш жыл сайын сала мамандарының біліктілігі тексеріліп, жан-жақты дайындығы пысықталады. Әрине, одан жақсы өту үшін әрбір өрт сөндіруші бабында болуы қажет. Ал жас өрт сөндірушілер барлық нормативтерді тапсырған соң, алғашқы дайындықтан өтіп, жұмыстың қыр-сырымен жан-жақты танысады. Олардың қатарына 35 жасқа дейінгі азаматтар қабылданады.
Жалпы өрт сөндіру қызметінің техникалық жағынан қамтамасыз етілуі бекітілген нормаларға сәйкес жүзеге асырылады. Бүгінде облыстық төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мекемесіне қарасты өрт сөндіру, құтқару бөлімшелерінде облыс бойынша 130 техника бар екен. Бұл, әрине, бүтін бір өңірге жеткілікті деп айтуға келмейді. Бірақ Жомарт Серікұлының айтуынша, өрт сөндіруге арналған көліктер мекеменің қазіргі базасына жеткілікті көрінеді. Ал жыл сайын мерзімі өткен техникалар өзге өрт сөндіру бекеттеріне бөлініп берілуде. Десе де, өрт сөндіру көліктерін көптеп алып, барлық базаны жаңартуға мүмкіндік жоқ. Себебі бөлімдерде техникаларды сақтайтын орын тапшы. Мәселен, аймақтағы өрт сөндіру бөлімдеріне бар болғаны 3-4 техника сыяды. Нәтижесінде өңірдегі өрт сөндіру қызметінің нормаға сәйкес жабдықталуы 32 пайызды ғана құрап отыр. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін жаңа өрт сөндіру бөлімдерін ашу керек.
Өрт сөндіру қызметі саласына жыл сайын арнайы бағдарлама бойынша Үкіметтен, жергілікті басқару органдарынан қаражат бөлінеді екен. Кезең-кезеңімен атқарылатын жұмыстың басында мекемедегі барлық техниканы жаңарту түйткілі тұр. Осылайша өңірде жыл сайын өрт сөндіру техникалары сатып алынса да, ескірген көліктерді есептен шығарып жатқан ешкім жоқ. Ал өрт сөндіру бөлімін ашу бірден біте қоятын тірлік емес. Оған республикалық бюджеттен қаржы қаралмаса, облыстың әлеуеті жете қоймайды. Бүгінде аудан орталықтарында өрт сөндіру бөлімдері бар болса, бұған қоса төрт елді мекенде мекемеге қарасты төрт сөндіру бекеті салынған. Олар Жуалы ауданындағы Көлтоған, Талас ауданындағы Ақкөл, Сарысу ауданындағы Саудакент және Қордай ауданындағы Отар ауылында орналасқан. Әр бекетте он адам жұмыс істейді.
Жомарт Серікұлының айтуынша, сол бекеттер әуелде бөлім болып құрылғанда, өрт сөндіру қызметіне үлкен септігін тигізеді екен. Алайда оның да өз талаптары бар. Біріншіден, өрт сөндіру бөлімдерін халық саны бес мыңнан асқан елді мекеннен ғана ашуға болады. Екіншіден, елді мекендерде өрт сөндіру қызметі оқиға орнына жиырма минутта жетуі тиіс. Яғни ауылдарда осы екі талап орындалмаса, өрт сөндіру бөлімі ашылмайды. Тағы бір ескеретін жайт, қатар орналасқан ауылдардың халқы бес мыңнан асса, екі ауылға ортақ бір бекет салынады екен.
Бүгінде Қордай ауданында өртке қарсы қызмет бөлімшесінен басқа, жергілікті әкімдіктің үш өрт сөндіру бекеті бар. Шу ауданындағы Шоқпар ауылында, Жамбыл, Байзақ және басқа да аудандарда жергілікті әкімдік өрт сөндіру бекетін ашқан. Олардың негізгі міндеті – өртке қарсы ерікті құрылымдарды жасақтау. Арнайы қойма дайындап, бекетті техникалармен жабдықтау. Бұл бекеттердің басымдығы – төтенше жағдай кезінде шұғыл көмек көрсетуге сақадай сай болуында. Яғни мамандар өрт шыққан аумақты негізгі күш келгенше ауыздықтауға атсалысады. Бұл бірінші кезекте шалғай ауылдар үшін тиімді. Себебі орталықтан алыс орналасқан аумақтарға өрт сөндіру қызметі жеткенше, қызыл жалынның таралуына жол бермеу аса маңызды.
Сонымен жергілікті әкімдік өрт сөндіру бекетін ашқан соң, Төтенше жағдайлар департаментінен тозығы жеткен техникалар оларға бөлінеді. Кейін ондағы қызметкерлерге білікті мамандар дәріс жүргізеді. Осы процестің барлығы мінсіз атқарылған соң ғана өрт сөндіру қызметінің басшылығы жергілікті әкімдік пен министрлікке хат жазып, қажетті техника алуға сұраныс жасайды.
Биыл жергілікті билік тарапынан үш өрт сөндіру автокөлігі алынса, өткен жылы бес техника, бір автосаты бөлінген екен. Неге аз дейтін болсаңыз, мұның себебі өрт сөндіру техникасының құны жай көліктерден он есе қымбат. Арнайы техниканың ішіндегі жабдықтар да қолжетімді емес.
– Бізге жыл сайын өрт сөндіру машиналары бөлінеді. Бірақ ол облысқа жеткіліксіз. Бірінші кезекте өрт сөндіру бөлімдерін көбейту қажет. Байзақтағы оқиғадан кейін бір күнде 18 бірлік техника жарамсыз болып қалды. Оның ішінде жедел қызмет көрсетуге арналған және штабтық автокөліктер, үш автосаты, сонымен қатар өрт сөндіруге арналған тоғыз негізгі техника бар. Өзіміз өрт сөндіру көліктерінің басын қосып, жағдайды енді реттеп жатқанда, бұл оқиға жығылғанға жұдырық болып тиді. Осы тұста сенатор Бекболат Орынбековтің көтерген мәселесі орынды. Ол облыста жүргенде бізге барынша қарайласып, соңғы жылдары төтенше жағдай саласына кураторлық етті. Төтенше жағдайлар орын алған аймаққа өзі де бірнеше рет барып, өрт сөндірушілермен құтқару операцияларына да қатысты. Бекболат Серікбекұлы біздің мәселемізді Төтенше жағдайлар комиссиясында көтеріп, жаңа техникалар алуға ықпал етті. Бір сөзбен айтқанда, үлкен қолдау көрсетті.
Қызметкерлеріміз эвакуация жасалып, адамдар қашып жатқан аймаққа күн-түн демей дереу жетеді. Су тасқыны, қар көшкіні, өрт пен дауылға қарамайды. Осыдан кейін техникалар қалай ескірмейді? Байзақтағы оқиға қабырғамызға батты. Біраз білікті мамандардан айырылып қалдық. Сонымен қатар 49 қызметкеріміз түрлі дене жарақатымен ауруханаға түсті. Оларға жан-жақты көмек көрсетіліп, бүгінде дені ауруханадан шықты. Біз сол өр тұлғалы азаматтардың қайта қатарға қосылғанын тілейміз. Осы оқиғадан кейін Тараздағы өрт сөндіруге арналған көліктер кемігенімен, жағдай қиындады деп алаңдамасаңыздар болады. Себебі бізге аудандардан техникалар жеткізілді. Бұл – қалада үлкен өрт шықса, оны ауыздықтауда дәрменсіз болып қалмау үшін жасалған қадам. Сонымен қатар төтенше жағдайдан кейін министрліктің тапсырмасымен әр облыстан бір-бірден өрт сөндіру машинасы келді. Олар 12 көлік шығынға ұшыраған өрт сөндіру бөлімшелеріне үлестіріліп берілді. Бөлімдер штаттық режимде жұмыс істеуде. Жеке құрам төтенше жағдай бойынша кез келген тапсырманы орындауға дайын, – дейді бөлім басшысы Жомарт Серікұлы.

Бүгінде Тараз қаласында төрт өрт сөндіру бөлімі бар болса, оның екеуі мамандандырылған екен. Сондай-ақ өрт сөндіру бөлімдеріне қызмет көрсететін арнайы бөлім де жұмыс істеуде. Қуаныштысы, облыс әкімдігінің қолдауымен аталмыш бөлімнен өрт сөндіру бөлімшесін ашу жоспарланыпты. Енді стандартқа сай жасақталып жатқан нысан қараша айында пайдалануға берілмек. Бұл да болса өрт сөндіру қызметіндегі тапшылықтың орнын толтыруға бағытталған сәтті қадам екені анық.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.