Қалалық қоғамдық-саяси газет

Аспандап рухы Жамбылдың!

0 290

Қазақтың қаймағы бұзылмаған қасиетті өнері аламан айтыс Әулиеата өңірінде салтанат құрды. Кіл мықты мен Жамбылдың сөз жүйріктері бас қосқан жыр додасына 20 айтыскер қатысып, бақ сынады.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ Суреттерді түсірген Ю.Ким

Осымен екінші жыл қатарынан өтіп жатқан сөз бәйгесі орталықтағы Жамбыл Жабаевтың ескерткішіне гүл қоюдан басталды. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген сөз зергерлері мен айтыстың қазылар алқасы құрамы ақын рухына тағзым етіп, жиында әулиеаталықтарға ризашылықтарын білдірді.

«Баласағұн» ОКЗ-да өткен айтыс әулиеаталықтардың жырға шөліркеп, домбыра үнін сағынған жан сарайына сәуле төкті деуге болатындай. Республикалық айтыстың тізгінін әдеттегідей Жүрсін Ерманның өзі алды. Талай додада оза шауып, әуезді мақамымен ел есінде қалған Әзімбек Жанқұлиев, сөздің шырайын келтірген Шорабек Айдаров, бертіндегі айтыстағы беделді ақындардың бірегейі Мұхамеджан Тазабеков шыққан өңірде республикалық айтыстың кезекті рет шымылдық түруі бекер емес-ті. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен былтырдан бері қолға алынған аламан өткен ғасырдың Гомері, қазақ әдебиетінің тау тұлғасы Жамбыл Жабаевтың туған күніне орай ұйымдастырылған. Дәстүрлі шараның «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» аталуы да осыдан болса керек. Айтыстың алтын кеніне айналған Жамбыл жеріндегі бәйгеде алыстан ат оздыра келген, 2 мәрте «Алтын домбыра» иегері атанған от ауызды, орақ тілді Мұхтар Ниязов, Торғайдың тарланы, айтыстың ақтаңгері Айбек Қалиев, Қарағандының хас ақыны Дидар Қамиев, керекулік Аспанбек Шұғатаев, түрлі хит әндердің авторы, айтыстан біраз уақыт қол үзіп қайта оралған Қайнар Алагөзов, Оралдың оғланы Талғат Мықи, сүбелі сөз саптауымен көрерменнің көңілін өзіне аударған Бауыржан Шимердин, Жуалының жампозы, айтыстағы аламанда талай ат оздырып жүрген жас ақын Қанат Мырзахан, Тараздың тумасы Олжас Отар, Шымкенттен тура тартқан Қажымұқан Абзалов, алматылық Шұғайып Сезімханмен бірге әулиелі Тараздың 8 бірдей жас жыр тарланы сайысқа түсті. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, айтыскер ақын Аманжол Әлтаев айтысқа төрағалық етсе, композитор, Қазақстан және Қырғыз Республикаларының Халық әртісі Алтынбек Қоразбаев, ақын, «Ана тілі» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан, айтыскер ақындар Бекарыс Шойбеков, Бауыржан Халиолла, ақын Қайырбек Асанов, Жамбыл атындағы «Руханият» орталығының меңгерушісі Ахметжан Өзбеков сайысқа түскен сөз зергерлерінің әділ бағасын берді. Жыр тарландарының тартысын облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков ашып беріп, айтыскерлерге сүбелі сөзбен сахна сәнін келтіріп, сөз қадірін ұғынған халықтың көңілін табуға сәттілік тіледі.

Сахнаның төріне алғашқы болып тараздық жас айтыскер Дархан Әбдіманат пен керекулік ақын, талай додада атой салып жүрген Аспанбек Шұғатаев көтерілді. Көрермендердің жерлестеріне деген ықыласы ерекше болса керек, Дархан домбырасына қол тигізген сәттен бастап сөздің тиегін ағытты.
Қазаққа пана болған қара шаңырақ,
Қаратау қара дауыл соқтырмайтын.
Тарихын топырақпен көміп қойған,
Халықпыз бақ қумайтын, тақ қумайтын.
Әулиеата деген атың да бар,
Жеріміз дұшпанды да жат қылмайтын.
Құт қонған қасиетті топырағыңа,
Бұл күнде адам бар ма бет бұрмайтын?!
Қарахан, Айша бибі кесенесі,
Шертілген шежіресін шет қылмайтын.
Тектұрмас кесенең де тек тұрған жоқ,
Таразым неткен жерсің таптырмайтын.
Қаласының қасиеті соншалықты,
Моласының өзі де тек тұрмайтын, – деген Дархан әулиелі жердің бар болмысын таңдайына түскен алғашқы тіркестерден-ақ шебер көрсете білді.
Нәтижесінде керекулік ақын Аспанбектің ұпай саны өз елінде тамаша айтыс көрсеткен Дарханнан аздау болды.

Келесі болып сахнаға осыдан бір ай бұрын өткен іріктеу сынынан сүрінбей өткен жуалылық Қанат Мырзахан мен оңтүстік астанадан келген Шұғайып Сезімхан шықты.
Кез келді қарт тарихпен санасатын,
Таразым тәжісіндей дала, шәрдің.
Тас үңгірде жүргенде талай жұрттар,
Тастан қашап, құбырлы қала салдың, – деп қарт Тараздың тарихын аспандата жыр бастаған Шұғайып Сезімхан қарсыласының жуырда құлағына ота жасатқанын жария қылып, «Аузыңменен әрекет жасамасаң, құлағың құтқармайды бүгін сені» деп мысқылдады. Жұбының тиісе сөйлеген сөзіне мырс етпеген Қанат әуелі туған жерге тағзым етіп, «Таразым, менен басқа ұлың көп қой. Ал менде туған жер жоқ сенен басқа» деген тіркеспен жерлестерінің рухын оятты. Артынша қарсыласына: «Ал сенің сүйрейтін де құлағың жоқ, Құйрығыңнан теппесе қозғалмайсың» – деп екі ауыз сөзбен Шұғайыптың шаңын қақты.

Үшінші болып сахнаға тараздық, шымкенттік қос Нұрлыбек көтерілді. Бір-біріне құрмет көрсетіп, бір-бірін сөзбен түйреп, қалжыңдай қоймаған ақындар Тараздың тарихын, өткенін, бүгінін жырға қосты. Төрге шыққан төртінші жұп жамбылдық Асхат Қылышбек пен Сырдан келген сабаз ақын Ержеңіс Әбді астарлы әзілге, тартымды тартысқа толы айтыс көрсете білді. Қос мықтыдан кейін әулиеаталық жас ақын, «Жүрсіннің жүйріктері» қатарына енді ғана қосылып жүрген, Қытай елінен келген қандасымыз Шапағат Әбдір мен Түркістаннан келген Нұрлан Есенқұловтың айтысы нағыз аға мен інінің сыйластығына үлгі болар тартыс ретінде көптің есінде қалды. Әсіресе, Шапағаттың:
Асанбай Асқаровты білесің бе?
Елге мақтан қылмаған еш ерлігін.
Сол кісі Шымкентті гүлдендірген,
Ер болсаң, елдің солай көтер жүгін, – деп тарихқа тамыр жүгіртіп, қос өңірдің бауырластығын жырға қосқаны көрермендерді сүйсінтті.
Ізінше сөзден іркелмеген түркістандық ақын:
Жақсылық алма-кезек демейді ме?
Біздерден де жақсылық қайтады әлі.
Ал Асқар Мырзахметов бізде туған,
Тараздан оң өзгеріс байқалады.
Бұл қала танымастай өзгереді,
Тараздың құтқа толған байтақ әрі.
Асқаров жасап кеткен жақсылықты,
Асқар ағам асыға қайтарады, – деп әдемі жауап қайырды.

Аға мен інінің тағылымға толы тартысынан соң, аламанның төріне ақтөбелік Қайнар Алагөзов пен батысқазақстандық Бауыржан Шимерден көтеріліп, сөз қағыстырды. Айтыстан көптен қара үзіп қалған Қайнардың қарсыласы оның эстрада жұлдыздарының әндеріне сөз жазып жүргенін айтып, уытты әзілдермен қағытты. Алайда әрдайым сөзден соққан дауылдың небір түріне дес беріп, уды умен қайтарып үйренген Қайнар қарсыласына бұл жолы да әдетінен жаңылмай, көптің де көңілін тауып көрегенділікпен жауап қайырды.

Мұнан соң қарағандылық Дидар Қамиев пен Түркістан облысынан келген Қажымұқан Абзалов бақ сынады. Айта кететін жайт, Қажымұқан бұл айтысқа анасы дүниеден озуына байланысты сахна төріне шыға алмаған Алтынкүл Қасымбекованың орнына қатысты. Дидар тоқсаныншы жылдары айтыстың аспанында жасындай жарқыраған Әзімбек Жанқұлиевтің мақамымен жамбылдықтардың көңілін елеңдетті. Бұл айтыстың ерекшелігі – сөз сайысына тосыннан қосылған Қажымұқан болды. Ол «Тек қана Қажымұқандар толтыратын, Алтынкүлдің орны кең екен ғой» деп елді бір шулатса:
Қысқасы, бұл айтыстың тізімінде,
Жоқ жерден қосылғандар жоқ екен ғой.

Ойда жоқта топ етіп төрден шыққан,
Тоқаевтан кейінгі мен екен ғой, – деп елдегі саяси жағдайды уытты қалжыңмен атап өтіп, көптің көңілін таба білді.

Бір сағаттық үзілістен кейін көрермен алдында «Айтыстың ақтаңгері» төсбелгісінің иегері, торғайлық Айбек Қалиев пен айтысқа енді ғана қадам басқан Ербол Елшат шықты. Жарасымды сөз жарысының соңында Айбек ағалық танытып, Ербол інісіне бата беріп, ақ жол тіледі. Мұнан кейін Сыр сүлейі атанған қызылордалық Мұхтар Ниязов пен Нұр-Сұлтан шаһарының туын жықпай топқа қосылған, Тараздың тумасы Олжас Отар сөз барымтасына түсті. Бұл жұпта Мұхтар ақынның салмақты әрі көптің көңіліне дөп түскен ойлары оның мықтылығын айқындап берді деуге болады.

Айтыстың бірінші айналымын батысқазақстандық Талғат Мықи мен жерлесіміз Медеу Мырзатай қорытындылады. Бұдан кейін сегіз ақын ақтық сынға жолдама алып, финалдық бәсекенің көркін қыздырды.

Аламан соңында қазылар алқасының төрағасы Аманжол Әлтаев сөз сөйлеп, жыр бәсекесін ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» демекші, бұл додада Аспанбек Шұғатаев, Қайнар Алагөзов, Дархан Әбдіманат ынталандыру сыйлығын місе тұтты. Қазылардың шешімімен төрт бірдей үшінші орын жерлесіміз Асхат Қылышбекке, Қажымұқан Абзаловқа, Нұрлан Есенқұловқа, Мұхтар Ниязовқа бұйырса, Шұғайып Сезімхан, Айбек Қалиев, Бауыржан Ширмедин екінші орынның жүлдесін қанжығаға байлады. Дидар Қамиев бірінші орынды жеңіп алды. Бас жүлде «Hyundai Accent» автокөлігі жерлесіміз, Жуалының жампозы Қанат Мырзаханға бұйырды. Автокөліктің кілтін облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков тапсырды.

Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен, Мәдениет архивтер және құжаттама басқармасы ұйымдастырған республикалық аламан айтыс осылайша жоғары дәрежеде өтті. Мұны көпшіліктің ақындарға деген құрметі мен қошеметінен аңғардық. Жамбыл бабамыздың рухын аспандатып, есімі бүгінгі ақындардың үнінде әуелеген дәстүрлі айтыс келесі жылы да жалғасын таппақ.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.