Ол – төл өнерге адалдығын сақтаған санаулылардың бірі. Ұлағатты ұстаздың аманатына қиянат жасамауды, саңлақтардың сара жолын жалғауды шәкірттік парызым деп біледі. Сананы тұрмыс билеген қиын-қыстау күндер де оны ұлттық ұстанымнан айныта алған жоқ. Қазақстанның Халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевтің шәкірті үнемі ұлттық мұраны дәріптеумен келеді. Сондықтан дәстүрлі әннің бүгінгі тынысы туралы сөз қозғалса, оның есімі бірінші аталуы заңдылық. Қазақтың төл өнерін насихаттап жүрген күміс көмей әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері Сәуле Жанпейісовамен сұқбаттасқан едік.

– Сәуле Стаханшылқызы, әңгімемізді алдымен шығармашылығыңыздағы жаңалықтардан бастасақ. Қазіргі таңда немен айналысып жүрсіз?

– Менің шығармашылығымда жаңалық көп. Жаңа әндер және термелермен репертуарымды толтырып жатырмын. Соңғы төрт жылда Жамбыл облыстық филармониясында қызметте болдым. Мемлекеттік қызметтен кеткен соң қайта оралмадым. Кәсіп ашамын деп жүріп, дәстүрлі әннің жалғасы болатын мектеп аштым. Алдымен Астанада ашып, кейін Алматы қаласы әкімдігінен «дәстүрлі өнер театрын ашқалы жатырмыз» деген шақырту келді. «Алатау» дәстүрлі өнер театрының ашылатынын естіп, театрдың ішінен балаларды дәстүрлі өнерге баулуға, бойларына ұлттық қасиеттерді сіңіруге үлес қосатын мектеп ашуды ұсынып, «Аманат» өнер студиясы жұмысын бастады. Студияның 1 жылдығына орай Алматы, Астана қалаларында «Аманат music» республикалық конкурс-фестиваль ұйымдастырғанбыз. Ал биыл ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауына орай, сонымен бірге «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларын басшылыққа ала отырып, «Аманат» өнер орталығы «AMANAT musiс» ІІ халықаралық конкурс-фестивалін бастады. Конкурс-фестиваль «Аманат» өнер орталығы, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі және Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өткізіліп отыр. Алғашқы көш Маңғыстау облысынан басталды. 362 әулие жатқан жерден бастау алған байқау дәл Амал мерекесіне тұспа-тұс келді. Сосын Алматы облысы Талдықорған қаласында жалғасып, Тараз үшінші қала болып отыр. Дәл осылай маусым айына дейін еліміздің барлық қала орталықтары мен Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында жалғасады. Сонымен қатар Азия, Еуропа елдеріндегі қандастарымыздың арасында да бұл конкурс-фестиваль өтіп, дүниежүзінің түкпір-түкпіріндегі қазақтарды ұлттық өнер ордасына жинауды жоспарлап отырмыз. Ал финал қараша айында үлкен гала-концертпен түйінделеді. «Аманаттың» артып отырған жүгі ауыр. Сондықтан біздер күні-түні жұмыс жасап, дәстүрлі өнердің шамшырағы сөнбесін деп еңбектеніп жүрміз.

– Бүгінгі таңда үш қаланы аралапсыз. Жалпы байқауға қатысушы жасөспірімдер мен балалардың дәстүрлі өнерге деген махаббатына қандай баға бересіз?

– Алдымен Батыстан бастадық. Қатысушылардың саны 100-ге жуық болды. Дәстүрлі ән, жыр-терме, аспапта орындаушылық, вокал, халықтық ансамбльдер, актерлік өнер (көркемсөз, пародия, кішігірім сахналық қойылым, этюд), ұлттық би аталымдары бойынша қатысушылар сынға түскенде, әр аталым бойынша 20-30-ға жуық өнерпаз өнер көрсетті. Маңғыстауда ұлттық өнерге деген махаббат, ұлттық рух қаз қалпында сақталған. Сахнаға шыққан әрбір қатысушы жоғары деңгейде өнер көрсетіп, тіпті арасынан үздігін таңдап алу қиынға соқты. Ал қалған қаладан әлі ондай өнерпаздарды жолықтырмадым. Таразда қатысушылар саны көп болмады. Вокалға тек екі адам келді. Соның бірі – Бекмұхамед Ғазизжанұлы. Алдымен итальянша ән айтып, қазақша сұрағанымда «Дударайды» іркілместен жоғары деңгейде орындап шықты. Аспапта ойнау, би топтары да жолдама алды. Сондай-ақ Дархан Мәтібай деген бүлдіршін Маралтайдың «Мұхаммедті растау» жырын оқып, көркемсөз аталымы бойынша үздік көрінді. Туған жерімде дәстүрлі өнерге деген көзқарасым жоғары еді. Бірақ дәстүрлі әннің кенжелеп тұрғаны жүрегіме батты. Тіпті туған жерім Сарысудан бірде-бір қатысушы болмады. Неге өнерлі жандар жоқ? Ұстаздардың барлығы сол өңірде отыр емес пе? Жақында Абай атындағы гуманитарлық-педагогикалық колледжінде дәстүрлі өнерден сабақ беретін курс ашылыпты. Онда Камал Нарбатыров сабақ береді екен. Өнерлі азамат. Міне, дәстүрлі өнерді дәріптеп жүрген азаматтарға жағдай жасау керек. Сонда ғана бұл өнер көтеріледі.

– Дәстүрлі өнердің бүгінгі аяқ алысы қандай?

– Білесіз бе, дәстүрлі өнер кештеріне көрермендердің қызығушылығы аз. Біздегі үлкен мәселенің бірі – сол. Не себепті біздің концерттерге адамдар бұрынғыдай ығы-жығы болып келмейді? Себебі бұл өнердің насихатталуы азайып, көрерменінен көз жазып қалды. Шындығында, біздің қазіргі әндерімізбен кезіндегі Ақан, Біржан, Әсет, Мұхиттардың әнін салыстыруға да келмейді. Жастарымызды ұлттық өнерден алыстатып алдық. Дәстүрлі әнді тыңдау, түсіну үшін адамға қандай даярлық керек, білесіз бе? Тыңдармандарымыздың қатарын көбейтіп, жастардың қызығушылығын арттыру әрі өнерлерін ұштау мақсатында жұмыс жасауымыз керек. Қазір барлық ата-ана баласын түрлі курстарға береді. Одан қалаберді мектептегі қосымша тапсырмалар мен міндетті пәндер. Осының бәрімен балалардың ойлау жүйесін роботқа айналдырып жатырмыз. Мәселен, біздің өнер орталығына жоғары сыныптың балалары аз келеді. Неге? Себебі олардың сабағы ауыр, уақыты жоқ. Олар өнерден алшақ жүр. Мектепте музыка пәнін тек 6-сыныпқа дейін ғана оқытады. Ұлттық өнерді дәріптеп жатқан телевизиялық бағдарламалардың өзі жоқтың қасы. Сонда біз ұлттық өнерден, мәдениеттен алыс жүрген адамды қалай ұлтжанды етіп тәрбиелейміз? Бұл саланың маманы ретінде осыдан үлкен мәселе көремін. Ертең ұрпағымыз өзінің өнерін түсінбейтін, қазағының әнін жат көретін болса, ол бізге мін, үлкен қылмыс болмақ. Бабалардан қалған аманатқа қиянат жасаумен бірдей.

– Шын таланттар біздің қоғамда бағаланып жатыр ма? Дәстүрлі әннің дүлдүлісіз. Шәкірт тәрбиелеп жүрсіз бе?

– Шәкірттерім еліміздің түкпір-түкпірінде бар. Талай жыл өз саламда ұстаздық еттім. Сол кездегі оқушыларым бүгінде өздері шәкірт тәрбиелеп отыр. Сонымен қатар ұйымдастырып отырған конкурс-фестивальдегі әр бала менің шәкіртім емес пе?! Жеңімпаздармен ертең жеке дайындалып, гала-концертке дейінгі жолды бірге жүріп, өнердегі білген-түйгеніммен олармен де бөлісемін, қолымнан келгенше бағыт-бағдар беріп үйретемін. Бүгін де дәстүрлі өнерді іздейтін көрермен бар. Зал толады, тыңдарман ұйып тыңдайды. Арасында «Ой, пәлі!», «Шап!», «Бәрекелді!» деген демеулер болады. Бірақ бұл аз. Қазақтың дәстүрлі өнері, әні мен жыры, күйі болсын, көрерменнің қиқуынсыз көкке өрлей алмайды. Көрермен қиқулап, қолдап-қолпаштап отырса, орындаушы арқаланады. Шабыттың ашылмаған есіктерінің бәрі айқара ашылады. Сол кезде әртіс бар ынтасымен өнер көрсетіп, шығармаға жаңа тыныс береді. Әсіресе, сахнаға жаңадан шығып жүрген қыз-жігіттерге мұндай демеу ауадай қажет. Жанқожа, Күнқожа, Нұрым секілді талантты шәкірттерім бар. Бірақ халық оларды танымайды. Біздің идеологияның қызығы сол, бүкіл ел Қайрат Нұртас, Ернар Айдар секілді эстрада әншілерін таниды да, дәстүрдің тереңінен сусындаған таза таланттарды, сыңғырлап тұрған күміс көмей, жез таңдай әншілерді білмейді. Тыңдаса да, мән бермейді. Оларға мән бергізу үшін, олар арқалап жүрген өнердің өрісін кеңейту үшін не істеу керек? Қанша жерден дарынды болса да, бұл жастардың оған шамасы жетпейді.

Репертуары қаншалықты бай болғанымен, елдің назары болмаған соң олар бірте-бірте тойға қарай ығыса бастайды. Тойдың дүрмегімен саф өнерден алыстай береді. Халықты тәрбиелейтін не? Эфир. Эфирден көрінбесе, қалай танылады бұл өнерпаздар? Телеарналардың күні-түні айналдыратыны эстрада әншілері болғандықтан, көк жәшікке телміретіндердің көбі – соларды тыңдайтын жастар. Ал үлкен кісілер осы күні теледидар көруді қойған, өйткені көңілі қалған. Сондықтан концертке де келуді сиретті. Келсе де көпке дейін өз дүниесін өзі жатырқап, түсіне алмай, қабылдай алмай отырады. Кеш соңында ғана «бізде әлі мынадай бар екен ғой, өнеріміз өлмепті-ау» деп естерін жинайды. Алайда дәстүрлі өнердің келесі концерті өткенше, олар тағы қарайып қалады. Эфирге көп шыға бермейміз. Наурызда бір көрінеміз, Астана күнінде бір шығамыз, болды. Басқа кезде халық біздің қайда жүргенімізден, не істеп жүргенімізден бейхабар. Опера, драма театрларындағыдай біздің өнерге де жүйелі жұмыс керек. Мәселен, көрермен драма театрларына күнде барады. Өйткені қолдарында театрдың репертуары бар. Қай күні қандай қойылым болатынын біліп, алдын ала билет алады. Сол сияқты болашақта бұл саланы да қолға алу керек.

– Шәкірттеріңіздің ішінде эстрада арқылы танылғандары көп. Сізді де жаңа бағытқа бейімделуге үгіттегендер жеткілікті. Бірақ сіз домбыраны ештеңеге айырбастаған жоқсыз. Ұлттық ұстанымға адалдық қанмен берілетін қасиет пе?

– Жоқ, ол қасиет қанмен берілмейді. Бәрінің бойында қазақтың қаны емес пе? Өнер иесінде діттеген мақсат, берік ұстаным болуы керек. Табаны тайғанақтар жел қай бағытқа соқса, қаңбақ секілді соның ықпалына ілесе береді. Ұстанымнан айнымас үшін табанның бүрі мықты болуы керек. Әріден ойлайтын көкірек көзі ояу болуы қажет. Қазіргі уақыттың бұйырғанын орындай берсең, алысқа бармайсың. Жеңіл-желпі ән жазып алып тойға шықсам, қыруар ақша тапсам деп бір күндік тірлігін ғана күйттейтіндер ұзаққа шаппайды. Кезінде мен де қөп қиналдым. Сол кезде тұрмысымды түзеу үшін домбырамды тастап, эстрадалық әндерді айтып кететін болсам, сахнада жүрген бүгінгі әншілерден әлдеқайда танымал, халыққа әлдеқайда өтімді болар едім. Бірақ мен ондайға бармадым. Ұстаздың артқан аманаты бар. Біріншіден, сол аманатқа қиянат жасамау үшін, екіншіден, дәстүрге адал болып қалу үшін бағытымнан тайған жоқпын. Эстрадаға бет бұрсам, зәулім үйім, қымбат көлігім болар еді. Қазіргіден әлдеқайда танымал болатын шығармын, бәлкім. Бірақ қазаққа дәл бүгінгідей қадірім болмас еді. Мүмкін, мені қазір көп болса 1 млн адам танитын болар. Демек, қалған 17 млн халық дәстүрлі өнерден бейхабар деген сөз. Оларға Сәуле Жанпейісованы танымағаны үшін ренжуге қақым жоқ. Алайда ұлттық өнерді менсінбейтіндерге мін арта аламын. Әр қазақ өзінің тілі мен ділін, салты мен дәстүрін білуге міндетті.

– Жалпы, өнер жолы – ауыр жол. Кейде адам болған соң күресуден, өзіңді дәлелдеуден шаршайтын кез болады емес пе?! Тіпті қолды бір сілтеп, бәрін тастай салғыңыз келетін сәттерде сізге не күш береді?

– Рас, Жамбылдағы жағдайдан ел хабардар. Бұл жерде көптің емес, жекелеген 6-7 адамның тірлігі. Соған тіпті халықтың өзі үн қоса алмай қалды. Ал жалғыз өзім не істей аламын? Алланың демеуімен, бұл қиындықтан өттім. «Диірменде туған тышқан дүбірден қорықпайды» дегендей, ол қиындықтан да өттім. Әрине, бірінші – Алланың арқасы. Оның үстіне жақын адамдарым демеу болды. Мен жұмыссыз біраз уақыт үйде болдым. Ештеңеге қолым бармай, шығармашылығымды ұмыттым. Содан денсаулығым сыр беріп, аурудан көз ашпадым. Сол кезде мен жұмыссыздықтан ауырады екенмін. Қой, бұлай жату болмас деп өзімді қолыма алып, жұмыстарды бастап кеттім. Жоғарыда айтқанымдай, жұмыс көп. Ұлттық өнерді ұлықтауда, оны халық арасында танытып, жандандыруда қолымнан келгеннің барлығын жасаймын.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан Арайлым ШАБДЕНОВА

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған