Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қаракемер ауылы – байланыста

0 990

Әр дәуірдің өз талап-тілегі бар. Жаһандану дәуірі есік қаққалы жұрт жаңа технологияның тілін меңгеруге асықты.

Әрине, заманның көшінен қалмай, өзге мемлекеттермен терезе теңестіру – уақыт талабы. Ал «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы технологиялық тұрғыда дамуымызға үлкен қол жеткізеді. Сонымен қатар, IT бағдарламалар шығындарды азайтып, уақытты үнемдеуге көмектеседі, адамдар өзара ақпарат, тауар және қызмет түрлерін алмаса алатын болады.

2016 жылы қабылданған бұл бағдарламаның негізгі мақсаты – тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру.

Цифрландыру демекші, бүгінде Қаракемер ауылында байланыс операторының мәселесі түбегейлі шешімін тапты,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Жамбыл облысы баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Ауыл азаматтары аудан әкімі Сәкен Арубаевтың қабылдауында, есептік кездесулерінде осы сауалды ылғи көтеріп, шешілу жолдарына ықпал етуін өтінген болатын.
Қаракемерліктердің қынжылатындайы бар. Аудан орталығынан 7 шақырым қашықтықта орналасқан елді мекеннің әлем арнасына ілесе алмауы жергілікті жұртшылықтың шынбайына тиген.

Бүгінде ауылға Beeline, Activ, Kcell, Tele 2 байланыс операторын орналастыру жұмыстары қарқын алды. Жуық күндері жұмыстар мәресіне жетер болса, қаракемерліктер жылдам интернеттің (4G) қызығын көретін болады.

Ауылдағы өзгерістер туралы ауыл әкімі Жәнібек Әуелбаев: «Тұрғындардың өтінішін қанағаттандыру жергілікті билік өкілдерінің – міндеті. Ауылға қолайлы жағдай қалыптастыру мақсатында өткен жылы газ құбыры тартылып, халықтың қажетіне берілсе, жаңадан салынған 90 орынды ауылдық клуб ауыл ажарын келтіріп-ақ тұр.
Ал ұялы телефонмен байланыс қиынның-қиыны болатын. Қауырт орындалуы қажет құжаттар сымсыз байланыстың салдарынан жергілікті мекенжайға уақытылы жіберілмей әбігерге салып келді. Бұл қиындық мектепте де байқалғанын несін жасырамыз. Қазіргі таңда мұның бәрі артта қалды. Ауылдың екі басынан жер телімін қарастырдық. Бүгінде тиісті компания өкілдері биіктігі 22 метрді құрайтын мұнараға байланыс операторларын орнатуда, – дейді Жәнібек Әлімбайұлы.

Жамбыл ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.