Қалалық қоғамдық-саяси газет

Байланыс сапасы – басты назарда

0 1  348

Байланыс сапасын жақсарту – халықты алаңдатып келе жатқан мәселелердің бірі. Сондықтан аймақта бұл саладағы олқылықтардың орнын толтыру үшін кешенді шаралар қолға алынған.

Облыс әкімдігі цифрлық технологиялар басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, елді мекендерді мобильді байланыс және интернет желісімен қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді екен.
Бүгінгі таңда өңірдегі 367 елді мекеннің 50-і – 2G, 69-ы – 3G, 248-і 4G мобильді интернетімен қамтамасыз етілген. Талшықты-оптикалық байланыс желісі 371 елді мекеннің 199-ына тартылған.
– 2023-2024 жылдары «Қолжетімді интернет» Ұлттық жобасы аясында мобильді операторлар тарапынан 180 елді мекенге 4G базалық станциясын орнату жоспарланған. Бүгінгі таңда 72 елді мекенде тиісті жұмыстар атқарылып отыр.
Ұлттық жобаға сәйкес, 2024-2027 жылдары аралығында өңірдің 170 елді мекені мен сол елді мекенде орналасқан 455 мемлекеттік мекемені талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамту жоспарға енгізілген. Ағымдағы жылы 30 елді мекен мен 144 мемлекеттік мекемеде жұмыстар жүргізілетін болады.
Биыл республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойына 7 антенна-діңгек (АД) орнату жоспарланған. Атап айтқанда, Қордайда – 3 АД, Жуалыда – 1 АД, Меркіде – 1 АД, Т.Рысқұловта 2 АД орнатылады. Нәтижесінде, 449,8 шақырым автожол бойы мобильді интернетпен қамтылады, – дейді басқарма басшысы Руслан Ноқрабеков.
Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар антенна-діңгек құрылысы және электр желісімен қамтамасыз еткен жағдайда 28 елді мекенді 4G мобильді байланысымен қамтамасыз ету көзделіп отыр екен.
Десе де, кейбір елді мекендерді мобильді және талшықты-оптикалық байланыс желілерімен қамту мәселесі әлі де өзекті болып отыр. Өйткені тұрғындар тарапынан байланыс пен интернет сапасына қатысты жиі шағым түседі. Шалғайдағы елді мекендерді былай қойғанда, облыс орталығы Тараз қаласының аумағында ұялы байланыс және интернетпен қамту мәселесі бар. Басқарма басшысы аталған бағыттағы жұмыстар облыс әкімінің тікелей назарында тұрғанын айтып, жүргізіліп жатқан жобаларды жетілдіру басты назарда екенін айтады.

Аман Есен

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.