Университетті басқарған нағыз жайсаң азаматтар уақыт өте келе халық есінде ерекше қырларымен сақталып, тұлғалары асқақтай түседі. Сондай жанның бірі – Әшімжан Сүлейменұлы Ахметов.
Жуырда М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің бас ғимаратының мәжіліс залында тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰИА академигі Әшімжан Ахметовті еске алуға арналған «Табиғатты ұтымды пайдалану және экологиялық қауіпсіздік контекстіндегі өңірлердің орнықты даму проблемалары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Пленарлық мәжілісті М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің басқарма мүшесі-ректордың міндетін атқарушы Гульвира Мусабекова ашып, әуелі ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау жеделхатын оқып берді. Бұдан соң ол академиктің өмірі және еңбек жолына шолу жасады.
Шарада сөз алған Әшімжан Ахметовтің шәкірті, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, ҚР ҚПН академигі, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ректоры Дария Қожамжарова «Қоғам қайраткері: ұлы тұлға, ұлтжанды ұстаз, көрнекті ректор Ә.С.Ахметов» тақырыбында баяндама жасап, ғалымның қызмет жолына кеңінен тоқталды.
Сонымен қатар басқосуға Израильден техника ғылымдарының докторы, профессоры Валерий Кац және Өзбекстан Республикасы ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, «Ирригация және мелиорация», «ТИАШМИИ» ҒЗУ кафедрасының профессоры Бахтияр Матякубов онлайн байланыс арқылы қатысып, ғалымның техника ғылымдарының дамуына қосқан үлесі туралы сөз қозғады.
Халқымыз «Ғалымның хаты, жақсының аты өлмейді» дегенді жиі айтады. Сондай тұлғаның бірі Әшімжан Сүлейменұлының жарқын болмысы жұрт жадынан бір сәтке де өшпек емес.
Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ