Қалалық қоғамдық-саяси газет

Алматыда автобус үстінде отшашу ұйымдастырғандар ұсталды (видео)

0 398

Алматы полициясы қоғамдық көлік үстінде отшашу ұйымдастырған бұзақыларды ұстады, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Бұған дейін әлеуметтік желіде бірнеше адамның автобус үстінде отшашу ұйымдастырған сәтінде түсірілген видео тарады. Ол жерде отшашу қойып, автобустан секіргендердің бірі аяғын ауыртып алғаны анық көрінеді. Алматы полициясының хабарлауынша, бұзақылық жасаушының бірі басын жарақаттаған.

Бостандық аудандық полиция басқармасының мәліметінше, бұзақылық жасаған төрт азамат ұсталды.

«Төрт адамның әрқайсысы алдын ала кімнің не істейтінін жоспарлаған. Біреуі қоғамдық көлік жүргізушісінің назарын аударса, екіншісі ұялы телефон камерасына не болып жатқанын түсірген. Тағы екеуі қоғамдық көліктің төбесіне шығып, отшашу ұйымдастырған», – деп хабарлады Бостандық аудандық полиция басқармасының бастығы Думан Аухадиев.

Олардың арасында кәмелетке толмағандар да бар.

Қазір аталған факті бойынша қылмыстық кодекстің 293-бабы («Бұзақылық») бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр.

Сонымен қатар бұзақылардың әрекетінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 436-бабында («Елдi мекендерде атыс қаруынан, газды, пневматикалық, лақтырылатын және электрлі қарудан оқ ату, пиротехникалық бұйымдарды қолдану») көзделген құқық бұзушылық белгілері бар, деп хабарлады полиция.

Енді құқық қорғаушылар жастардың не себепті мұндай әрекетке барғанын анықтайды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.