Қалалық қоғамдық-саяси газет

Нұрлан Ноғаев жаңа орынбасарын Атыраудан алдырды

0 759

Бүгін Маңғыстау облысы әкімінің жаңа орынбасары болып Әлімұхаммед Құттымұратұлы тағайындалды.

Екі күн бұрын ғана облыс әкімінің орынбасары болған Нұрлыбай Аққұлов денсаулығына байланысты жұмыстан кеткеннен кейін босаған лауазымға Атыраудан ат арытып жаңа кадр келіп жеткен жайы бар.

Әлімұхаммед Құттымұратұлы «экономист» және «құқықтану» бойынша екі мамандықты қатар меңгерген. Мемлекеттік қызметте басшылық лауазымдарды атқаруы Нұрлан Ноғаевтың Батыс Қазақстан облысына әкім болып тағайындалуымен тұспа-тұс келеді.

Ол 2012-2016 жылдары Орал қаласы әкімінің орынбасары, Атырау облысы әкімі аппаратының басшысы, Атырау облысы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы секілді қызметтерді атқарған. Кейін Нұрлан Ноғаев Атырау облысына әкім болғанда Махамбет ауданын басқарды. 2017 жылдың тамыз айында Жылыой ауданының әкімі, 2018 жылдың ортасынан Атырау қаласының әкімі лауазымында болды. 2019 жылдың соңында Нұрлан Ноғаев министрлікке қызмет ауыстырғанда Әлімұхаммед Құттымұратұлы да бір ай өтпестен Атырау қаласы әкімі қызметімен қош айтысқан.

Қыркүйек айында премьер-министрдің кеңесшісі Ербол Еділов телеграм-каналында Маңғыстау облысының жаңа әкімінің командасы туралы айтқан болатын. Олардың арасында Әлімұхаммед Құттымұратұлының да есімі аталды.

Нұрлан Асқарұлы Маңғыстауға келгелі тек екі шенеунікті ғана тағайындады. Екі ай бұрын «Маңғыстауда тек маңғыстаулықтар, Атырауда тек атыраулықтар жұмыс істесін дегенге қарсымын» деген әкім кадрларды «топырлатып босатпай, талапқа сай келмегендерін ғана қозғап жатқан» сияқты.

malim.kz

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.