Алматы облысында автобус пен жеңіл көлік қатысқан жантүршігерлік жол апаты орын алды. Апат салдарынан үш адам көз жұмып, тағы үшеуі жарақат алды, деп хабарлайды “Jambyl-Taraz” ақпарат агенттігі Zakon.kz басылымына сілтеме жасап.
Жол-көлік оқиғасы Алматы-Бішкек тас жолының 105 шақырымында орын алды. Көк тайғақ салдарынан Mercedes-Benz E-Class автокөлігі мен жолаушылар тасымалдайтын автобус бетпе-бет соқтығысқан. Жеңіл көлік Алматыға бет алған.
Қатты соққы салдарынан автокөлік жолдың шетіне ұшып кеткен. Ал автобус Mercedes-Benz-тің үстінен басып қалған.
Куәгерлердің сөзінше, автобуста Өзбекстан азаматтары болған. Ал Mercedes-Benz E-Class көлігінде 6 адам отырған.
Апаттан жеңіл көліктің үш жолаушысы қаза тапты. Кейінірек көз жұмғандардың бірі Mercedes-Benz жүргізушісінің әйелі екені анықталды.
Зардап шеккендердің қатарында екі көліктің де жүргізушілері бар. Автобус жүргізушісі алғашқы медициналық көмек көрсетілген соң үйіне қайтарылған. Екі жолаушының жағдайы ауыр.
Оқиғаның мән-жайы анықталуда. Сараптамалар тағайындалған.