Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қарағанды тұрғыны дәрігердің кесірінен сал болып қалған

0 66

Қарағандыда дәрігердің қателігінен сал болып қалған Айғаным Сейдуалиеваның ұлы анасының еміне халықтан көмек сұрайды. Айтуынша, анасы венеролог дәрігердің кесірінен 2 жарым жылдан бері төсек тартып жатыр, деп хабарлайды “Jambyl-Taraz” ақпарат агенттігі Stan.kz а сайтына сілтеме жасап.

Ал медицина қызметкерінің үстінен қозғалған қылмыстық іс жабылып қалған.

Алмас анасын осылай арнайы зонтпен тамақтандырып, тәулік бойы күзетеді. Небәрі 47 жастағы Айғаным Сейдуалиева 2 жарым жылдан бері төсек тартып жатыр, тіпті сөйлей алмайды. Венерелог дәрігердің теріс емінен кейін осындай күйге түсті дейді Алмас. Қауіпті антибиотикті анасына үй жағдайында өгей әкесі салған, дәрі тамырға енген бойда науқас есінен танып қалғанын жеткізді.

«Анам уколдан кейін анафилактикалық шок алып, есінен танып жүре алмай қалды, миы зақымдалған. Антибиотик негізсіз тағайындалған. Екіншіден, аллергиялық тексеру жасамаған. Үшіншіден, бұл «ротоцеф» деген антибиотик 2015 жылдан бастап протоколдан алынып тасталған», – дейді науқастың ұлы Алмас Жеңісбек.

Дәрігердің өрескел қателігі арнайы тексеру кезінде расталған. Қылмыстық кодекстің 317-і, яғни «медицина жұмыскерінің кәсіптік міндетін тиісінше орындамауы» бабымен іс қозғалған. Ол туралы бізге медициналық бақылау департаменті мәлімдеді. Алайда сот- медициналық сараптама комиссия «науқастың жағдайына дәрігердің теріс емі тікелей әсер етпеді» деп шешкен. Осыдан соң полиция істі жауып тастапты.

«Медициналық көмек көрсету стандарттары өрескел бұзылған. Науқас ақылы түрде қаралған. Сөйте тұра еш келісімшарт жасалмаған. Дәрігер ішетін дәрі тағайындауы тиіс еді, оның орнына қарсы көрсетілімі жоғары «Ротацеф» екпесін тағайындаған. Оны аллергиялық сынамасыз үй жағдайында салуға мүлде болмайды. Оның үстіне жедел жәрдем де кеш келген. Қазіргі таңда науқасқа бас миының анаксикалық зақымдануы диагнозы қойылып отыр», – дейді медициналық бақылау басқармасының басшысының орынбасары Наталья Нармағамбетова.

Осы жағдайдан соң өгей әкесі отбасынан ізін суытқан. Айғаным Сейдуалиеваны Қазақстанда емдеу мүмкін емес. Еріксіз халықтан көмек сұраудан басқа амалы жоқ. Өйткені ол анасының күтімінен бөлек, екі кішкентай қарындасы үшін де жауапты.

«Қазіргі уақытта көзге қарайды, дауыстарды таниды, жылайды.  Дәл қазіргі уақытта бізді Грекияға шақырып жатыр 3 айға реабилитацияға. Ол жердің сомасы өте үлкен. 19 млн қазақстандықтың көмегімен 13 млн 500 мың жиналды. Қалған соманы жинап, Грекияға кетсек деген арманым бар», – дейді ұлы.

Полиция департаменті аталған іске қатысты қандай да бір ақпарат бермеді. Отбасының бар үміті қайырымды жандарда ғана.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.