Демография – кез келген елдің дамуындағы маңызды, шешуші фактор. Мемлекеттің өсіп-өркендеуіне халық саны барынша ықпал етеді. ХХ ғасырдың басында ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлы жазбаларында сол кездегі халқымыздың саны 6 миллионға жеткені туралы мәлімет бар. Бірақ халықтың басына түскен түрлі нәубет – аштық, қуғын-сүргін, соғыс сынды сұрапыл оқиғалар қазақтың демографиялық өсімін тежеп, 6 миллионды 1,5 миллионға дейін азайтып жіберді. Ал ХХІ ғасырда 20 миллионға жеттік. Бағалай білсек, бұл да болса егемендіктің арқасы, ел тарихындағы ең басты жетістігіміздің бірі.
Егемендіктің елең-алаңында кедейшілік пен жұмыссыздық, экономикалық тұрақсыздық пен әлеуметтік шиеленіс шегіне жетіп, 90-жылдардың тоқырау кезеңіне тұспа-тұс келген еліміз оны да еппен еңсеріп шыққаны бүгінде баз біреулерге ертегідей көрінуі мүмкін. Азаттықтың алғашқы қиын-қыстау кезеңдерінен бастап, мемлекет халықтың өмір сүру сапасын жақсарту мен әлеуметтік қолдау шараларын бірден қолға алып, қордаланған түйткілдің түйінін шешуге кірісті. Халықтың мазасы қашқан сонау тұста негізгі заңда еліміз «әлеуметтік бағдарлы мемлекет» деп жарияланған еді. Осылайша, әлеуметтік бағытқа ерекше басымдық берілді. Оның аясында халықтың демографиялық ахуалы мен әл-ауқатын дамыту мақсатында мемлекеттің ұзақмерзімді стратегиялық бағдары белгіленіп, еліміз нарықтық экономикаға сай әлеуметтік қолдаудың жаңа үлгісін жасауға бел буды.
Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы халық санағы 1999 жылы ұйым-дастырылды. Ұлттық статистика бюросының әр кезеңдегі санағына көз жүгіртсек, 1989 бен 1999 жылғы халық санының қозғалысына қатысты қызықты деректер кезіктіруге болады. Мәселен, 1989 жылы елде 16 199 154 адам бар екені анықталса, 1999 жылы 14 953 126 адам тіркеліп, он жылдың ішінде 1,2 миллионға азайыппыз. Әрине, мұның себебіне терең бойлайтын болсақ, бұл жайтқа әсер еткен шешуші факторлар аз емес. Тоқырау жылдарындағы жұмыссыздықтың тұрмысты тұралатып, оның бала туу көрсеткішіне кері әсер еткені, өзге этнос өкілдерінің тарихи ота-нына көшуі – айтпаса да түсінікті факт.
1999 жылғы санақта он жыл ішінде республиканың барлығына дерлік өңірлерде халық санының азайғаны байқалды. Тек Астана мен Алматы қалаларында, Атырау, Қызылорда, Түркістан (бұрынғы Оңтүстік Қазақстан) облыстарында ғана өскен. Айталық, аталған онжылдықта Астана тұрғында-ры 38 109 тұрғынға көбейсе, алматылықтар 107 961 адамға артқан. Ал жоғарыда аталған облыстар арасында Оңтүстік Қазақстан облысының хал-қы 108,5 пайызбен өңірлер көшін бастағанымен, сол кездегі орталығы Шымкентте халық 1989 жылғыдан біршама кеми түскен (98,7%).
Облыстардың ішінде Астанаға жақын Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарында халық санының азаюы алдыңғы үштіктен көрінген. Соған қарағанда Астананың байырғы тұрғындары өзге өңірлердегідей-ақ азайғанымен, елордалықтар негізінен Алматы қаласынан және осы аталған үш өңірдің қоныс ауыстырған тұрғындары есебінен көбейгені тағы бір көрсеткіште келтірілген.
Бұл жерде Астанадағы қазақтардың саны ғарыштық жылдамдықпен өсе түскенін қоса кеткен жөн. 1989 жылы небәрі 17,7 пайыз төңірегінде болса, 1999 жылы елордадағы қазақтар 41,8 пайызға жеткен. Алдыңғы санақпен салыстырсақ, 268,3 пайызды құрап отыр.
Ауыл мен қала халқының ара-салмағын таразыласақ, жалпы 1989 жылдан 1999 жылға дейін ауылдағы ағайынның қатары сирей түсіпті. Шамалап айтсақ, жарты миллионға жуық. Жұрт тоқырау жылдарының қыспағынан қарашадағы қара үйін қиып, қалаға үдере көшкен екен ғой деген ой бірден келеді. Себебі алтын бесігін тастап, күнкөрістің қамымен бақытын қаладан іздеп кеткен отбасылар әр ауылда болды. Алайда осы кезеңде қалалықтардың да саны 755 мыңға кеміп кетіпті.
Сонда айналасы он жылдың ішінде бұл халық қайда кетті деген заңды сұрақ мазалайды. Жауабын іздеп, тағы бір статистикаға үңіліп көрсек, елдегі ажырасқандар мен отбасынан кетіп қалғандар саны: ерлер 39 424-ке (1989 жыл – 179 986, 1999 жыл – 219 410 адам), әйелдер 106 406 (1989 жылы – 354 407, 1999 жыл 460 813) адамға арта түскен екен. Яғни бұл жағдайдың да халықтың туу көрсеткішіне кері әсер ететіні белгілі.
Жалпы, КСРО тарағаннан кейін біраз халық Қазақстаннан сыртқа қоныс аударды, олардың ішінде славян этностары, әсіресе немістер көп болды. Неке және отбасы мәселелері қиындай түсті. Сол себепті де 1999 жылғы санақта халықтың саны 10 жыл бұрынғы көрсеткіштен 1,2 миллионға аз болып шықты.
1999 жылғы санақ бойынша қазақтың саны 7,9 млн адамды құрады. Бұл – жалпы халықтың 53,4 пайызы. Сөйтіп, қазақ өз жерінде қайтадан көпшілікке айналды. XX ғасырдың басында басталған геноцидтік және отарлау саясатының салдарынан аштыққа ұшырап, атылып, қудаланған қазақ 50-жылдары өз жерімізде 29%-ды құрап, азшылыққа айналған дәуірден кейін, араға жарты ғасыр салып қайта көпшілікке айнала алдық.
2009 жылы кезекті халық санағы өтті. Нәтижесінде, елімізде 16 004 800 адам тұратыны анықталды. Яғни 1989 жылғы деңгейге араға 20 жыл салып барып әрең жеттік. Қазақтар саны 63,10 пайызға көтерілді, яғни он жылда тағы 10%-ға артқаны көрінді. Оның ішінде сырттан атажұртқа қоныс аударған қандастардың да үлесі бар.
2019 жылы өтуге тиіс халық санағы маңызды себептерге байланысты 2021 жылға дейін шегеріліп келді. Бұл санақта біз еңсе тіктер көрсеткішті көре алдық. Республика халқының саны 19 186 015 адамға жетті. Халық санының өсуі осы 30 жылдағы елеулі жетістіктердің бірі болса керек. 1991 жылмен салыстырғанда қатарымыз 14,8 пайызға өсіп, жылдық өсім 1,3%-ды құрады. Ал тәуелсіздік жылдарындағы табиғи өсім 5 миллионнан аса адамды құрады.
Айрықша атап өтерлігі, соңғы 2 жыл қатарынан көші-қонда оң динамика байқалады: елге көшіп келушілер саны елден қоныс аударғандардан еселеп асып түсті. Бір жыл – кездейсоқтық болуы мүмкін, екінші жыл – тұрақты тренд.
Бұған дейінгі жылдың бәрінде ақпарат құралдары мен сарапшылар тоқтаусыз дабыл қағумен болды. Олар жат жұрттан тұрақты мекен тапқан қазақстандықтардың ондаған мың адамнан тұратын ірі лекпен елден кетіп жатқанына, үлкен бөлігі – еңбекке жарамды, білімі мен біліктілігі жоғары екеніне назар аудартып, қапаланды.
Шынында, жұртының шетелге бошалап, босып жатуы мемлекеттің беделіне кір, намысына сын емес пе?! Бүгінде сол алаң көңілдер тыншығандай, мазасыздық басылғандай. Себебі басты байлығы – бірлігін бағалаған, ырысты ынтымағын сақтаған Қазақстан қазіргі құбылмалы за-манда, алмағайып кезеңде бейбітшілік пен тұрақтылықтың аралына айналды. Жан тыныштығын қалаған өзге мемлекеттің азаматтары үшін тартылыс орталығы болып отыр.
Ұлттық статистика бюросы демографиялық статистика аясында еліміздегі халықтың көші-қонының 10 жылдық есебін жариялады (ведомство келесі есебін 2026 жылғы 12 наурызда жария етпек). Бұл құжаттан республикамыздың осы салада ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке жеткенін көруге болады.
Сөйтіп, статистикалық динамика мынадай: 2015 жылы Қазақстанға 16 581 адам ғана көшіп келді, 30 047 қазақстандық шетелге көшіп кетті. Келушілер мен кетушілер арасындағы теріс айырма-сальдо 13 466 адам (бұған дейін жылдардағыдай бұл жылдың да көрсеткіші – минус). 2016 жылы 13 755 адам келді, 34 900 кетті, әлемнің өзге елдеріне қоныс аударғандар саны жаңадан қазақстандық атанғандардан 21 145 адамға көп (көрсеткіші – тағы да минус).
2017 жылы 15 595 адам келді, 37 725 адам кетті, миграция сальдосы – минус 22 130 адам. 2018 жылы 12 747 келді, 41 868 кетті, миграция сальдосы – 29 121 адам (минус). 2019 жылы 12 255 келді, 45 225 кетті, 32 970 адам (минус). 2020 жылы 11 370 келді, 29 088 кетті, миграция сальдосы – 17 718 адам (минус). 2021 жылы 11 039 келді, 32 256 кетті, айырмасы – 21 217 адам (минус). 2022 жылы 17 425 келді, 24 147 кетті, сальдосы – 6 722 адам (тағы да минус).
2023 жылы Қазақстанға 25 387 адам тұрақты тұруға көшіп келіп, азаматтық алды, 16 094 экс-қазақстандық керісінше, көшіп кетті, миграция сальдосы – 9 293 адам (көрсеткіш – плюс, оң мәнде!). 2024 жылы Қазақстанды 29 282 шетелдік жерсініп, Қазақстан Республикасының көк паспортына ие болды. Одан 12 732 адам бас тартты. Көші-қонның жағымды сальдосы – 16 550 адамға дейін жетті. Сала көрсеткіші – тағы да оң мәнде.
Ұлттық статистика бюросының хабарлауынша, осыдан он жыл бұрын, 2015 жылы Қазақстан азаматтығынан бас тартқан адамдардың басым көпшілігі яғни 25 682-сі Ресей азаматтығын алып, сонда орнықты. Екінші орында Германия болды: 2 196 экс-қазақстандық соны жаңа отаны ретінде таңдады. Қазақстаннан кеткендердің таңдауына айналған мемлекеттердің бестігіне сондай-ақ Беларусь (605), Өзбекстан (364) және АҚШ (265 адам) кірген еді.
Содан бері эмиграция саласында жағдай қаншалықты өзгерді? Статистика мамандарының айтуынша, 2024 жылы елдер қатарында біраз өзгеріс болыпты: бұрынғы қазақстандықтардың 11 737-сі – ресейлік, 2 283-і – германиялық, 452-сі – америкалық, тағы 334-і – польшалық, 232-сі қырғызстандық атанды.
Жалпы, демографтар: «Өткен отыз жыл ішінде Қазақстаннан кеткісі келгендер кетіп болды» деп жүр. Бұл сөз шындыққа жанасатындай. Бюро мәліметінше, халық елден миллиондап ауған тоқыраулы тоқсаныншы жылдарды айтпағанның өзінде, 2000 жылы Қазақстан азаматы болудан 155 749 адам айныпты. Оның көбі – байырғы тарихи отанына оралған. Атап айтқанда, 108 724-і – Ресейге, 35 938-і – Германияға, 3 265-і – Беларуське, 2 172-і Украинаға қоныстанды.
Содан соң үрдіс бағыты, көші-қон ауаны ауысты. Осы ғасыр басынан елден қоныс аударушылар саны қарқынды түрде азайып келеді. 2001 жылы Қазақстан азаматтығынан 141 710 адам бас тартса, 2002 жылы бұл көрсеткіш – 120 223, 2003 жылы – 73 890 адамға дейін кеміген. Одан бергі көрсеткіштер жоғарыда келтірілді. Енді Қазақстанды «жаңа Отаным» деп танығандар жайына тоқталайық.
– 2024 жылы елге келгендер саны 29 282 адамды, елден кеткендер саны 12 732 адамға жетті. Көші-қон айырымы – 16 550 адам. 2023 жылмен салыстырғанда, былтыр Қазақстанға келгендер саны 15,3%-ға өсті. Ал Қазақстаннан кеткендер саны бірден 20,9%-ға елеулі азайды. Елдің негізгі көші-қон алмасуы ТМД мемлекеттерімен арада жүреді. Қазақстанға келгендердің ішіндегі ТМД елдерінің үлесі – 81,6%, сондай-ақ шетелге көшіп кеткендердің 74,8%-ы ТМД елдерін таңдады, – деп түсіндірді Ұлттық статистика бюросының мамандары.
Олардың мәлімдеуінше, Қазақстанның көгілдір паспортын иеленгісі келетіндер саны да ХХ ғасыр соңында көп болды. 2000 жылы – 47 442 шетел азаматы қазақстандық атанды. Алайда сол жылы көші-қондағы теріс айырма 108 307 адамға жетті. Яғни, өзге елге қоныстанғандар саны жаңа қазақстандықтардан осыншаға асып түскен.
Содан кейін сала статистикасы түзелген. Бұған жаңа ХХІ ғасырда шетелдегі қандастардың ата-жұртқа қайтадан үлкен лекпен орала бастауы оң ықпал етті. Нәтижесінде, 2001 жылы – 53 548, 2002 жылы – 58 211, 2003 жылы – 65 584, 2004 жылы – 68 319, 2005 жылы – 74 807, 2006 жылы – 66 731, 2007 жылы – 53 397 шетелдік Қазақстан азаматтарының санатын толықтырды. Бұл жерде неге 2007 жылға дейінгі статистиканы келтіріп отырмыз? Одан кейін «оралмандардың» қатары күрт сұйылды және сол бойы 50 мыңдық межеге жете алатын емес.
Соңғы онжылдықтың статистикасын келтірсек, 2015 жылы – 16 581, 2016 жылы – 13 755, 2017 жылы – 15 595, 2018 жылы – 12 747, 2019 жылы – 12 255, 2020 жылы – 11 370, 2021 жылы – 11 039, 2022 жылы – 17 425, 2023 жылы – 25 387, 2024 жылы – 29 282 шетелдік азаматтығын қазақстандыққа ауыстырды. Осы деректерден кейінгі онжылдықта көгілдір паспорттың иегері атанғысы келетіндердің саны екі еседей өскенін байқауға болады. Мұнда да үрдіс оң сипатта.
Ғажабы сол, тіпті дамыған елдердің азаматтары өз елдерін тәрк етіп, тұрақтылық аралына айналған Қазақстанның көгілдір паспортын кеудесіне басты. Тарата айтқанда, 2024 жылы Америка Құрама Штаттарының – 133, Германияның – 403, Оңтүстік Кореяның – 123, Грекияның – 21, Канаданың 41 азаматы қазақстандық атанды. Израильдің 46 және Иранның 46 азаматы Қазақстанға түпкілікті көшіп келді. Биылғы әскери қақтығыстан соң олардың қатары өсуі де мүмкін.
Былтырдан бастап, өзі мен ұрпағының болашағын тек Қазақстанмен байланыстырған азаматтарының саны артқан келесі елдердің ондығын да атап өтуге болады: Өзбекстанның – 12 140, Ресейдің – 7 984, Қытайдың – 2 009, Моңғолияның – 1 271, Түрікменстанның – 1 123, Қырғызстанның – 842, Тәжікстанның – 749, Түркияның – 527, Әзербайжанның – 403, Украи-наның – 373, Грузияның 238 азаматы қазақстандыққа айналды.
«Еуразиялық мониторинг» талдау зерттеулері орталығының сарапшылары Қазақстанда көші-қон процестері әлеуметтік, экономикалық және геосаяси факторлар ықпалымен өзгеріп жатқанына екпін түсірді.
– Бүгінде елдегі экономикалық және демографиялық теңгерімге тірек болған бірнеше басты үрдісті бөліп көрсетуге болады. Біріншіден, ұзақ жыл бойы Қазақстаннан жоғары білікті кадр шетелге қарқынды түрде, лек-лекпен кетті. Қазір олардың тапшылығы байқалады. Мамандардың жетіспеушілігі оны шетелден алғызуға серпін берді. Әйткенмен, ел Үкіметі шетелдік жұмыс қолының келуін тежеп отыр. Еңбек министрлігі жұмыс берушілердің шетелдік жұмыс күшін тартуына бекітілген квотаны 2025 жылы елдегі жалпы жұмыс күшінің 0,2%-ы мөлшеріне дейін азайтты. Бұл шетелдік білікті мамандарды Қазақстанды жерсініп, азаматтық алуға икемдейді, – деді сарапшылар.
Республикадағы көші-қонның екінші тың ерекшелігі сол, урбанизация күшейіп, халық ірі қалалар мен мегаполистерде шоғырлана бастады. 2025 жылғы 1 маусымда қазақстандықтардың саны 20 370 672 адамға жетті. Ауылда 7 493 264 адам ғана қалды. Ал қала халқының саны 12 877 408-ге дейін өсті. Бұрынғы онжылдықтарда елдің шамамен жартысы қалада, жартысы ауылда тұрса, шамалы уақыттан соң шаһар тұрғындарының саны ауылдықтардан екі есе асып түспек.
Бұл үрдіс қалалардың инфрақұрылымының жүктемесін алапат көлемде арттырды. Оны күтіп ұстау және дамыту үшін маман қажет. Сондай-ақ сарапшылардың пайымдауынша, Қазақстанда кәсіпкерлікті қолдау жобалары, халықты солтүстік өңірлерге қайта қоныстандыру бағдарламасы да мемлекетті иммиграция үшін тартымды етеді.
Бірақ проблема да жоқ емес. Тарихи Отанына оралған қандастар сол бұрынғыдай бейімделумен байланысты қиыншылықтарға душар болады. «Сондықтан олар негізінен қазағы қалың тұратын, тілдік кедергі жоқ оңтүстік өңірлерде немесе мұнайлы Маңғыстауда орнығып қалуға тырысады. Бұл өңірлік дисбалансты ушықтырады. Өзге өңірлерде қандастар әлі күнге мәдени ерекшеліктер мен тілдік кедергі кесірінен жергілікті қоғамға интеграциялануда қиындық көреді. Сондай-ақ солтүстік өңірлерге қоныстандыру қарқыны төмен, ынталандыру шаралары жеткіліксіз. Бұл мәселелерге Үкімет назар аударғаны жөн», – дейді «Еуразиялық мониторинг» мамандары.
Белгілі маркетолог Айсұлу Адам бір жайтты қаперге салды. Шетелдік қазақтардың көбі елге көшкісі келеді, алайда оны қалай жасауға болатынын, ең бастысы – оның неге соқтыратынын білмейді. Далада қалмайтынына, баспанамен қамтылатынына, жұмысқа тұратынына, балаларын мектеп пен балабақшаға орналастыра алатынына қатысты мемлекеттен белгілі бір кепілдіктер болғанын қалайды.
Батыстың дамыған елдерінде, АҚШ, Германия, Франция, Дания және басқасында елге заңды кірген кез келген мигрант пен босқынға уақытша тұратын баспана ұсынылады, тегін тамақ үлестіріледі. Дәл сондай тегін болмағанымен, қолданыстағы әлі де болса олқы қолдау тетіктерін күшейту қажет. Және барлық мигрантқа емес, қандастарға тегеурінді мемлекеттік қолдау шаралары болғаны абзал. Мысалы, Израиль Иранға қарсы шабуылы мен қысымы әрі қарай үдеуі мүмкін.
– Иран қазақтары негізінен елдің солтүстігіндегі Голестан останында (провинциясында) жинақы тұрады. Басым көпшілігі большевиктердің қуғын-сүргінінен қашып, түрікмен асып, қызылбас елін паналаған. КСРО ыдырағаннан кейін олардың үлкен бөлігі атамекенге оралды. Кейбірі кейін кері қайтыпты. Бүгінде аймақта 10 мыңнан аса этникалық қазақ өмір сүреді. Бәрі қазақ және парсы тілдерінде сөйлейді. 2007 жылдан бері қазақтар – экономикалық мигранттар негізінен Атырау, Маңғыстаудан қоныс аударып, ирандық Горган, Бандар-Торкаман, Гонбад-е-Кабус қалаларына орнықты. Оларды негізінен орысша сөйлеуінен ажыратуға болады, – деді А.Адам.
Иранның ішіндегі және айналасындағы геосаяси ахуал күрделенген соң қазақтар, әсіресе жастар жағы өзге елдерге көше бастапты. Сарапшы олардың арасында Қазақстанның жауапты құрылымдары ешқандай жұмыс жүргізбейтінін, атажұртқа көшуге шақырмайтынын, соны қалайтындарға арманын қалай жүзеге асыруға болатынын түсіндірмейтінін, ақпарат аздығын айтады. Иран қазақтары кириллицада оқи алмайды, орысша түсінбейді. Атажұртты аңсаған қандастар араб әліпбиінде қазақша жазылған брошюраларға, хабарлама-түсініктемелерге зәру. Оралғысы келетін жергілікті жұртты мазалаған сұрақтарға жауап беретін Call-орталық немесе сайт ашылса, артық болмас еді.
Қалай болғанда, сарапшылардың тоқтамы бір арнада тоқайласады: Қазақстанға көші-қонды басқарудың кешенді жаңа тәсілдемесі қажет-ақ. Тынышы кеткен әлемді жайлаған иммиграция, эмиграция, ішкі көші-қон, урбанизация процестері жыл сайын ушыға түседі. Бұл мәселелер жаһандағы бірқатар мемлекетте, соның ішінде дамыған елдерде ел басшылығының, жетекші саяси күштердің ауысуына түрткі болды.
Сондықтан Қазақстанды әрі қарай да тыныштық пен тұрақтылықтың құт мекені ретінде сақтау, адами капиталды жүйелі дамыту, халықты ұлан-байтақ Ұлы далада біркелкі орналастыру, еңбек адамдарының құқықтарын лайықты қорғау үшін Үкімет көші-қонды бақылау мен басқару тетіктерінің тиімділігін арттырып, жұмысын жетілдіргені маңызды. Онсыз Қазақстанда экономикалық кернеу және әлеуметтік сын-қатерлер туындауы бек мүмкін.
Мемлекет басшысы Жолдауында: «БҰҰ-ның еліміздегі халық санының өсіміне қатысты болжамы Орталық Азиядағы көршілес мемлекеттермен салыстырғанда көңіл көншітпейді» деген еді. Расында, еліміз тұрғындары 1991 жылмен салыстырғанда 12% көбейсе, осы аралықта өзбектер 59%, тәжіктер 68%, қырғыздар 43%, әзербайжан халқы 37% өсіпті. Қанша дегенмен жоғарыдағы демографиялық биік меже – республика халқы санының 20 миллионға жетуі, соның ішінде мемлекет құраушы ұлт – қазақтың ел аумағында санының басымдыққа ие болуы «мың өліп, мың тірілген» халқымыздың зор жетістігі. Осы тұрғыда егемендік басымыздағы бағымыз ғана емес, қызғыштай қорғайтын алтын тәжіміз екенін әр кез естен шығармауымыз керек.
Аман ЕСЕН