Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Балаларға базарлық

0 600

Балалар тақырыбында қалам тербеп жүрген жамбылдық қаламгерлер аз емес. Солардың бірі – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Бақытжан Әлімқұлов. Бүгін газетіміздің жас оқырмандарына автордың бір топ өлеңдерін ұсынып отырмыз.


Жапалақ неге түнде ұшады? 
Ерте, ерте, ертеде
Ешкі жүні бөртеде…
Жапалақ пен Қарлығаш
Екеуі қимас дос бопты.
Күндіз ұшып, ал түнде
Ұяларына қоныпты.
Екеуі бірге жүріпті,
Тату өмір сүріпті.
Қанға тоймас масаны
Көрсе тұра қуыпты.
Зығыр болған масалар,
Жапалаққа келіпті,
Сеніміне еніпті.
– Бүлдіршіннің қаны, – деп
– Ішіп көр, – деп беріпті.
Қанды ішкен жапалақ
Кетіпті көзі қанталап.
«Бұрын неге білмегем», –
деп ішінен таңғалад(ы).
– Қарлығашқа еріп ем,
Қарлығашқа сеніп ем,
Осы кезге дейін мен
Сендерді қуып келіп ем.
Қайдан ғана білейін,
Қанның тәтті боларын.
Ендігәрі тиіспей
Сендермен дос боламын, –
деп уәдесін беріпті.
Адамды жақсы көретін,
Сәби десе өлетін,
Қарлығаш естіп бұл сөзді
Жапалаққа төніпті.
– Сатқын, – деп тап беріпті.
Жапалақ ұшып кетіпті,
Үңгірге әрең жетіпті,
Күндіз сонда паналап,
Көзге түспей өтіпті.
Үңгірде көп жүрген соң,
Үреймен өмір сүрген соң.
Жанары әбден солыпты,
Түк көрмейтін болыпты,
Содан бері жапалақ,
Түнде ұшатын болыпты.

Ит пен мысық 
Ерте, ерте, ертеде
Ешкі жүні бөртеде…
Қырғауыл жүні қызылда,
Құйрық жүні ұзында.
Ит пен мысық дос бопты,
Көңілдері бос бопты,
Басқа аңдар оларға,
Маза бермей өш бопты.
Осындай заман өтіпті,
Бірге туған Қасқыр да.
Итті көрсе қалшылдап,
Аулық жүр деп зекіпті.
Мысығың да мәз емес,
Оның да жауы аз емес.
Арғы атасы Жолбарыс,
Көрсетпепті қолғабыс.
Үйірінен қуылып,
Туыстардан суынып.
Ит пен Мысық жүргенде
Кездесіпті бір жерде,
Бірінші мысық қиылып,
Сәлем беріпті иіліп:
– Сәлеметсіз бе, Төбетім,
Сен десе жанын беретін
Мысықпын ғой мен, – депті,
– Өзіңді жақсы көретін.
Естігенде бұл сөзді
Ит құлағына сенбепті:
– Аңның бәрі маған өш,
Қалай?
Жақсы көресің сен, – депті.
– Ақымақ барлық Аңдарың,
Шығардым мен жандарын.
Қолды сілтеп бәріне,
Өзіңді ғана таңдадым.
Сертіме мен берік ем
Дос болайын сенімен, –
деп мысығың айтыпты
– өзіңді іздеп келіп ем.
Естігенде бұл сөзді,
Итің қатты қуанды.
Құшағын жайып мысыққа,
Дос болуды құп алды.
Содан бері екеуі,
Бірге күнін көреді.
Тапса егер тамақты,
Екіге тең бөледі.
Бәле жоқ деме бірақ та,
Алда екен сынақ та.
Ауырып қалған Итіңді
Мысық,
Тастап кетті жыраққа.
Адам оған жолығып,
Аман қалды төбетің,
Жарығы бар екен көретін.
Қашып кеткен мысығың
Тамағын тауып жей алмай,
Халге жетіпті өлетін.
Оны да адам көріпті,
Үйіне әкеп, сүт беріпті.
Осы кезде мысыққа,
Итің тап беріпті.
«Қой!» дегенге тыңдамай,
Қатты үріп төніпті.
Ашуланған иесі,
Итті қуып шығыпты.
– Үйге енді кірме, – деп,
далаға үйшік тігіпті.
Содан бері төбетің
Қас болыпты мысыққа.
Дос болатындай бірақ та,
Қасиет бар ма мысықта?
Қол алысып, балалар,
Көңіліңе көңіл қос.
Қанша қиын болса да,
Тастамау керек нағыз дос.

Қоянның құлағы неге ұзын, құйрығы неге қысқа? 
Ерте, ерте, ертеде
Ешкі жүні бөртеде…
Бар аңдардай Қоянның
Құйрығы ұзын,
Құлағы қысқа болыпты.
Бірақ…
Бар кінәрат.
Тамаққа тоймапты,
Қомағайлығын қоймапты,
Күндіз тұрмақ түнде де,
Тек ауқатты ойлапты.
Ел ұйқыға жатқанда,
Тәтті ұйқыға батқанда.
Секеңдеген Қояның,
Бау-бақшаға барыпты,
Сәбізді ұрлап алыпты.
Күндіз тыныш жүріпті,
Түнде тағы тұрыпты.
Бау-бақшаны жағалап,
Болмапты онда қанағат.
«Ұрлық түбі – қорлық қой»,
Өспей қапты содан бой!
Сыбдыр еткен сыбысты,
Тыңдаймын деп дыбысты.
Құлақ түріп жүргенде,
Байқап қапты бір пенде.
Шап бергенде Нояның,
Жалт беріпті Қояның.
Құйрығы қолға ілініп,
Қаша алмаған соң жүгіріп,
Ышқынғанда Қояның,
Қалыпты құйрығы үзіліп!
Содан бері адамдар,
Қоянды көрсе төніпті.
«Ұрлықшы» деп ұстап ап,
Құлағын тарта беріпті.
Осылайша Қоянның,
Құлағы ұзарып кетіпті.
Үзілген құйрық келте боп,
Осы күнге жетіпті.

Қиял
Бұзау үстіне мініп ап,
Шапқым келіп кеткені.
Қасына барып мен жайлап,
Үстіне мінсем, біткені.
Астымдағы бұзауым –
«Арғымақ» болып кетеді.
Бір айлық алыс жерлерге,
Бір-ақ күнде жетеді.
Алпамысша айбарлы,
Жауларымды шабамын.
Ақырында жеңіп мен,
Аруымды табамын.
Елге ораламын олжалы,
Күміс теңге, алтын бар.
Байлығымды қолдағы,
Таратып берер халқым бар.
… Осылайша қиялдап,
Қарғып міндім «атыма».
Бұзауым болса мөңкіп қап,
Жалп еткізді тақырға.

Құмырсқа
Жазда көзді ілмейтін,
Жалқаулықты сүймейтін,
Құмырсқа деген мен болам
Ерінуді білмейтін.
Дамыл таппай күніге,
Таси берем түні де,
Азығымды мол етіп,
Жинап алам ініме.
Күн суытып кеткенде,
Қыс қаһарын төккенде.
Қоректеніп жатамын,
Дән жетеді, көп менде.
«Еңбек етсең ерінбей,
Тояды қарның тіленбей».
Біз де еңбек етейік,
Мұратымызға жетейік.

Түлкі
«Кімге күлкі,
Кімге түрпі».
Өте қу ғой,
Қызыл түлкі.
Алдайды аңды,
Алдайды малды.
Сақ болмасаң,
Тірлігі лаңды.
Сығырайып көзі,
Су жұқпас өзі.
Алдап бәрін,
Етті ғой мезі.
 – Әй, қу түлкі,
 Етпе сен күлкі.
 Теріңді сыпырам,
 Тыныш жүрші!

Мен тәртіпті баламын
Мен тәртіпті баламын,
Мектепке қалмай барамын.
Әріптерді танимын,
Жазу да жаза аламын.
Мұғалімді сыйлаймын,
Мектебімді қимаймын.
Он жыл оқып осында
Бойыма білім жинаймын.
Есепті өзім шығарам.
Санның бәрін білемін,
Кілті ашылса бұ ғалам,
Еш қиналмай жүремін.
Бақытты өмір сүремін!

Кім болам?
«Мен суретші болам», – деп,
Асқар шықты мақтанып,
«Кез-келген сурет салам», – деп,
Жүрді біраз шаттанып.
Бірақ салған суретін,
Түсінбеді ешкім де.
Салса адам келбетін,
Ұқсамады ешкімге.
Намыстанып ол енді:
«Ақын болам мен», – деді –
«Жақсы жазам өлеңді,
Сенбесең оқып көр», – деді
Сөйтті де көп сабылмай,
Өлеңге кетті кірісіп.
Бірақ ұйқас табылмай,
Шекесі қалды тырысып.
Біраз өзін әурелеп,
Көргенменен болмады.
Жазып еді өлеңді,
Көңілі еш толмады.
Шаршап одан ақыры,
Қолын бір-ақ сілтеді.
Отырмай ми қатырып,
«Шофер болам мен», – деді.
«Машинасы» зырылдап,
Жатты құмдар тасылып.
Оданда бірақ тез шаршап,
Қалды көңілі басылып.
Алақайлап жіберді,
Ұшақ ұшып өткенде.
«Ұшқыш болам мен», – деді
Ер жігіт боп өскенде.
Осы кезде атасы,
Қасына келіп Асқардың:
«Талаптансаң, – деді ол –
Әрине ұшқыш боларсың.
Мамандықтың жаманы,
Болмайды егер түсінсең.
Мұратыңа жетерсің,
Көп оқып, сен көп білсең.
Таңдауың керек бірақ та
Біреуін ғана ішінен.»

Қос қошақан
Атам барып базардан
Қос қошақан әкелді.
Екеуін де көз жазбай,
Маған бағу жүктелді.
Үй сенімін ақтамау –
Жігіттерге ұятты.
Қошақанды қой қылу,
Бірақ қиын сияқты.
«Ертең-ақ қой болады,
Бағудан сен жалықпа.
Емізікпен сүт бергін,
Аузын ашып, қорықпа».
Деген атам сөзінен,
Жігерленіп кеттім мен.
Сүт беремін күніге,
Тұрып алып ертеңмен.
Қошақанмен ойнаймын,
Шыққанда кең далаға.
Жем де берем бір уақыт,
Кіргізіп ап қораға.
Атам мені мақтайды,
«Міне нағыз жігіт!», – деп.
Бетімнен сүйіп тастайды,
Әжем болса күліп кеп.

Әпкесі мен бөпесі
Бөпе алып кітапты,
Шетінен жырта бастады.
Көріп қойып әпкесі,
Оған ұрсып тастады.
Деді: «Жыртуға бола ма?
Айтқан сөз миға қона ма?
Білсең кітап менікі,
Енді бұған жолама».
Бөпесі бірақ аңырап
Кітапты еш бермеді,
«Берші енді, жылама», –
деген сөзге көнбеді.
Байқап тұрған апасы,
Бөпені сүйіп жұбатты.
«Бере ғой» деді «Әпкеңе
Берші алдағы кітапты.»
Кішкентай ғана Бексұлтан
Сонда барып: – Мә, – деді.
«Ақылыңнан айналдым,
Енді ұрыспайды әпкесі».
Қызарақтап сонда Айгүл,
Түсінді өз қатесін.
Жүгіріп барып Бөпенің
Сүйіп алды бетінен.

Ара мен көбелек
– Ау, сен кімсің?
– Арамын.
– Ара болсаң қайтейін.
– Абайла, тиіссең шағамын.
– Не, сотқарсың ба?
– Жоқ, мен
Адал еңбегіммен.
Нәсібімді табамын.
– Сонда не істейсің?
– Бал жинаймын,
Оны адамдарға сыйлаймын.
– Ии, өзіңде ақымақ екенсің ғой.
Жаз өтеді де кетеді,
Оның соңына кім жетеді.
Оданша мен сияқты
Өмірдің қызығын көріп қал.
Бір күн болса да
Ойнап күліп,
Сауық-сайран сал.
Сол балыңды жиғанша
Өзің жей бермейсің бе,
Дүниенің қызығын көрмейсің бе?
Мен, міне,
Гүлдің нәрін алып,
Өмірден бәрін алып,
Жүргенім рахаттанып.
Ал сен болсаң, тыным таппайсың.
Түн болғанша жатпайсың.
Жаныңды қинап,
Гүл тозаңын жинап,
Оны бал етесің,
Өзің қызығын көрмей кетесің.
– Болды доғар!
Көзіме көрінбей жоғал!
Жалт-жұлт етіп жүріп,
Өтірік күліп,
Масыл болғанша қоғамға,
Адал еңбек еткенім жақсы адамға!
Енді маған жолама.
«Еңбек түбі береке»
Құйып ал оны санаңа.
Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.