Қалалық қоғамдық-саяси газет

Барлау

0 297

Генерал Рязанов шақырып жатыр деген соң, Талғат штабқа шұғыл жетті.
Корпус командирі, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, генерал-лейтенант Рязанов ерекше маңызды мәселе болмаса, алғы шепке жайдан-жай келмейтін. Кейде ұшқыштарды барлауға жіберіп, осы жерден тікелей басқарып отырады.
– Жолдас генерал, барлау эскадрильясының командирі, капитан Бигелдинов, сіздің шақыруыңыз бойынша келіп тұр, – деді Талғат, қолын шекесіне апарып.
– Амансың ба, қымбаттым?
Генерал орнынан тұрып, қол беріп амандасты:
– Отыр, әңгімелесеміз, – деп шеткі орындықты нұсқады. – Ал хал-жағдайың қалай? – деді, екеуі орындыққа қатар жайғасқан соң.
– Өте жақсы, жолдас генерал.
– Ұйқың қалай? Тыныш па? Түс көресің бе?
Ұшқыштар Рязановты өте қатал адам деседі. Ал Талғат қаталдығын байқаған емес. Жаймашуақ. Ара-тұра әзіл айтып қоятыны да бар. Қазір де әзілдің шетін шығарғалы отырғаны байқалады. Әйтпесе қатар құрбысы емес, өзінен әлдеқайда жасы кіші, шені төмен кісіге түс көру жөнінде әңгіме қозғай ма? Әзілге әзілмен жауап берген жоқ, әрине. Бірақ әдептен озбау жағын да естен шығармау керек.
– Ұйқым тыныш, жолдас генерал. Түсті сирек көремін.
– Ал мен соңғы кезде тіпті түс көргіш болып кеттім. Түсіме қайдағы жоқ енеді… Қалай, үйіңнен хат алып тұрасың ба?
– Алып тұрамын, жолдас генерал.
– Бала-шаға бар ма?
– Жалғыз ұлым бар.
– Өзің хат жазып тұрасың ба?
– Бір айда, екі айда бір жазып қоямын.
– Мұның жарамайды, жолдас Бигелдинов. Жиі жазып тұру керек.
– Штурвал ұстауға дағдыланып кеткен қолдың қаламсап ұстауға икемі келмейді екен, жолдас генерал.
– Иван Сергеевич, естідің бе, Бигелдиновтің не деп отырғанын?
– Хат жазудан жауды жер жастандыру оңайырақ деп жатқаны ғой, жолдас генерал, – деді арғы жақта қағаз қарап отырған штаб бастығы Иванов. Екеуі де күліп жатыр.
– Қане, планшетіңді әкелші, – деді генерал күлкісін тежеп.
Ол планшеттегі картаға үңілді.
– Біз сені барлауға ұшырғалы отырмыз.
– Мен әзірмін, жолдас генерал.
Талғат генералдың көз қиығы түскен жақты – Берлиннің оңтүстік батыс жақ сыртындағы белгілерді шолды. Жоғарғы командованиенің негізгі мақсаттарының бірі – жаудың сол тұстағы күші мен Берлинде топтасқан әскерінің күш біріктіруіне мұрша бермей, араларын қиып тастау еді. Мұны Талғат білетін.
– Евгений Сергеевич, планшетке жаңағы картаны желімдеңіз! – деді генерал, штаб бастығына бұрылып.
Подполковник Иванов бір картаны әкеліп, планшетке желімдей бастады. Берлин қаласының картасы! Дүниежүзіне тажал оғын сеуіп, қанға бөктірген фашизмнің ордасы – Берлин!
Жау енді Берлинде, Берлин төңірегінде күш біріктіріп жатыр. Оның өзі де аз күш емес. Жаралы қасқыр секілді екі иінін жұлып жеп, аласұрады. Өліспей беріскісі жоқ.
– Байқап тұрсың ба қайда ұшатыныңды? – деді генерал енді Талғатқа мойын бұрып.
– Берлинге ғой.
– Тап өзіне! Тек абай бол! Берлиннің іші, эскадрилья төңірегі толған зенитка. Мейлінше төмен ұш. Керекті объектілерді қалдырмай суретке түсір! Жол бойына жақындама!..
Аспан шайдай ашық. Шөкімдей бұлт жоқ. Талғат жер бауырлап ұшып келеді. Әуелеп ұшқанда бірте-бірте баяу қалып отыратын орман-тоғайлар да, елді мекендер де көз ілестірмей қалып жатыр. Жүз елу, екі жүз шақырым деген не самолетке? Жол-жөнекей жазатайым бірдеңеге ұшырамаса, Берлинге әлі-ақ жетіп барады. Кенет денесі мұздап қоя берді. Төменде жау аэродромы. Қырық-елу шамалы «Мессершмитт» отыр. Мұны көрмей қалуы мүмкін емес. Көрсе болды, бірнешеуі ұшып шығады да, жан-жағынан қоршап, оп-оңай атып түсіреді. Өн бойын мұздай тері жапты. Әншейінде оқша зулайтын «ИЛ-2»-сі бар-жоғы екі шақырым аэродромның үстінде бозторғайша қалықтап қалған секілді. Газды басып-басып жіберді де, штабқа хабарлай бастады.
– «Резеда!», «Резеда!» Мен «Волга», мен «Волга». Төменде неміс аэродромы. Қырық-елудей «Мессер» отыр.
– «Волга!» «Волга!» Тез бағытыңды өзгерт! Орман үстімен ұш!
Корпус командирінің даусы саңқылдай естілді.
Талғат оң қол жақтағы орманға қиялай тартты. Аэродромнан едәуір ұзап кетті. Абырой болғанда соңынан қуғыншы ілеспеді. Себебін кейін білді. Аэродромдағылар жанармайы таусылып отырған «Мессершмиттер» екен.
Енді Берлин үстімен ұшып келеді. Қажетті-ау деген жерлердің бәрін суретке түсіріп алған. Алда үлкен көпір. Көпір үсті сықасқан машиналар.
Талғат рацияның түймесін басты.
– «Резеда!» «Резеда!» Мен «Волга». Мен «Волга». Көпір үстінде сегіз қатар болып машиналар колоннасы жылжып барады. Бомбалауға рұқсат етіңіз!
– «Волга!» «Волга!» Рұқсат жоқ! Суретке түсір де, Потсдамға бет түзе! Бомбалайтын объектілерді сол жерден табарсың. Бәлкім, нысанаңа генералдар мен фельдмаршалдардың виллалары ілігер. Құмардан бір шығарсың әлі-ақ! – деді генерал әзілдеп.
Потсдамға бет түзеді. Ұшып келеді. Кенет сол жақ қанатқа тиер-тимес бір снаряд зу ете түсті. Қараса, төменде зенитшілер батареясы қалып барады екен. Олар зениткадан атып, өздерінің тұрған жерін жария етіп алмағанда, байқамағандай да еді.
– О, нақұрыстар! Аттың екен, құлатуың керек еді. Енді өз обалдарың өздеріңе! – деді қайырылып келе жатып. Зениттер енді алақандағыдай көрінді. Мұны көрген олар бас сауғалап, кез келген жерге етпеттерінен түсіп, құлап жатыр. Әуелі пулеметтен оқ жаудырып, соңынан бомбалап өтті. Батареяны жермен-жексен еткеніне көзі жеткен соң барып, кері бұрылды.
Аэродромдағылар бас киімдерін аспанға лақтыра қарсы алды.
– Жарайсың, сұңқарым! Сен өзі Берлин үстімен күндіз ұшқан алғашқы ұшқыш екеніңді білесің бе? – деді генерал иығына қолын салып.
– Жоқ, жолдас генерал, – деп жымиды Талғат.
– Берлин үстімен ұшқан батырсың! Рақмет саған, қыраным! Мені Бас штабта күтіп отыр.
Талғат түсіріп қайтқан пленкаларды алдырып, генерал Москваға асығып ұшып кетті.

Сұлтан ҚАЛИЕВ, жазушы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.