Қалалық қоғамдық-саяси газет

Кім болам?

0 179

– Мен суретші болам деп,
Асқар шықты мақтанып.
– Кез келген сурет салам деп,
Жүрді біраз шаттанып.
Бірақ салған суретін,
Түсінбеді ешкім де.
Салса адам келбетін
Ұқсамады ешкімге.
Намыстанып ол енді
– Ақын болам мен, – деді,
Жақсы жазам өлеңді.
– Сенбесең, оқып көр, – деді
Сөйтті де көп сабылмай,
Өлеңге кетті кірісіп.
Бірақ ұйқас табылмай,
Шекесі қалды тырысып.
Біраз өзін әурелеп,
Көргенменен болмады.
Жазып еді өлеңді,
Көңілі еш толмады.
Шаршап одан ақыры
Қолын бір-ақ сілтеді.
Отырмай ми қатырып,
– Шофер болам мен, – деді
Машинасы зырылдап,
Жатты құмдар тасылып.
Одан да бірақ тез шаршап,
Қалды көңілі басылып.
Алақайлап жіберді
Ұшақ ұшып өткенде
– Ұшқыш болам мен, – деді
Ер жігіт боп өскенде.
Осы кезде атасы
Қасына келіп Асқардың:
– Талаптансаң, – деді ол,
– Әрине, ұшқыш боларсың.
Мамандықтың жаманы
Болмайды егер түсінсең.
Мұратыңа жетерсің,
Көп оқып, сен көп білсең.
Таңдауың керек бірақ та
Біреуін ғана ішінен.

Бақытжан СОВЕТҰЛЫ, облыстық «Jambyl» радиосының жетекшісі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.