Қалалық қоғамдық-саяси газет

Шаңырағы биік, босаған берік

0 667

«Табалдырықтан биік тау жоқ» деген аталы сөз бар. Яки өз үйіңнен асқан асқардың жоқтығы. Осы тұста «Шаңырағың биік, босағаң берік болсын» деген әдемі тілектің де қадірі білінеді. Әр адамның жанұясы – маздап жанған шамшырағы. Ендеше, шырағыңыз сөнбесін!

Ұстаздар династиясы

13 қыркүйек – Отбасы күніне орай өзіне тән қызығы, бақыты мен бастауы бар, керегесі кең бірнеше отбасымен тілдескен едік. Ең алдымен біз жолыққан отбасы «Ұстаздар династиясы» атанғалы қашан! Әділбек Әлмен 20 жылға жуық Амантай Дәулетбеков атындағы орта мектептің директоры қызметін атқарса, жұбайы Гүлбану Тоқберген сол мектепте физика пәнінің ұстазы болды. Бұл отбасының ұл-қыз, бауырлары – ұстаздық жолын жанына мәңгілік серік еткен жандар.

– Бірде жол қарап тұрғанбыз. Универмагтан шыққан бойжеткенге қасымдағы жігіт аяғын тоса қалды. Аяқ астынан туындаған кедергіні елемей, шалт қимылмен секіріп өтіп кеткен қызды көргенде, «Ох!» деп дауысым шығып кетті. Физика факультетінде оқығандықтан, мұндай ұтымды реакция таптырмайды. Қыз еліктің лағындай болып, үн-түнсіз қасымыздан өте шықты. Оның еш артық сөз айтпастан кете барғаны тіпті елітіп қойды. Бойжеткеннің бұл қылығы оның тәрбиелілігі деп түйсіндім. Содан қызыға түсіп, танысып, жатақханаға дейін шығарып салып, қыз қолынан шай ішу бақыты да бұйырды. Сөйтсем, бұл қыз мен оқитын университетте, дәл мен сияқты физика факультетінің студенті екен. Міне, сол күнгі таныстықтан кейін шаңырақ көтеріп, бір үйде тұрып, бір мектепте жұмыс істеп, бір пәннен сабақ беріп, бір бөлмеде ғұмыр кешіп жүргенімізге елу жылға жуықтады. Тұрсынай, Әділет, Майра, Айдын атты төрт перзент сүйдік. Бүгінде төрт балам мен қос келінім, немерем де ұстаз мамандығын таңдады. Қайын атам да көп жылдар Жамбыл облысы, Талас ауданы, Қожағаппар ауылында мектеп директоры қызметін атқарған, – дейді отағасы Әділбек ағай. Қай ұлт, қай адам болмасын бас иіп, құрмет тұтқан мамандықтың тұтқасын ұстаған жандардың отбасы – бүгінде үлгілі қара шаңырақ. Бұл отбасының тұңғышы Тұрсынай Әділбекқызымен сұхбаттасқан едік.

– Бала күнімнен әкем мен анамның «ұят болады, сендер мұғалімнің баласысыңдар» деген сөзін естігендіктен, сол сөзге лайық болып, ата-анамыздың атына кір келтірмеуге тырыстық. «Тәрбие басы – талбесік» деп, сол талбесіктен-ақ ұстаздың қандай сыйлы адам екенін сезінгенбіз. Кейін ата-анамыздың жолын қуып, бауырларыммен бірге ұстаз мамандығын таңдадық. Бүгінде мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да программистпін. Әке-шешемнен алған үлгі-өнегені өз балаларымның бойына құйып, өсіріп келемін, – дейді Тұрсынай.

Балаларым – байлығым

Бала – көздің нұры, отбасының үкілі үміті. Ендігі кезекте шаңырағын шаттыққа бөлеп, жеті перзент сүйіп отырған Мұхтар Төлебайұлы мен Аманкүлдің отбасына бас сұққан едік. Балалы үйді базар, баласыз үйді қу мазар көрген қазақтың бар байлығы – расында, перзенттері.
– Ұл-қызымыздың үлкені кішісіне қамқор, кішісі үлкеніне ізетті болып өсіп келеді. Бір-біріне білгенін үйретіп, бір-біріне мейірбандық танытады. Өз төркінімде бір ұл, бір ғана қыз болып өскен едік. Көпбалалы отбасыға келін болып түсіп, енді міне, өзім де көпбалалы ана болып отырмын. Әкесі тракторист, өзім үй шаруасындамын. Үлкен ұлым қолғанат, техникаға жақын, бүгінде комбайн айдап жүр. Әке-шешеге баласының күлгені мен қуанышынан, денінің саулығынан артық не керек?! Осы балаларымыздың қызығын көріп, тек жақсы күндерде жанымызды жылылыққа толтырып, ұрпағымызбен мың жасайық деген ой бар бізде. Қазақ айтады ғой: «Бір қозы туса, бір жусан артық өседі» деп. Ол рас, тапқан-таянғанымызды балаларға тосып, жеткізіп келеміз. Құдай көп көрмесін. Барша қазақтың келіндері көбейсін, – дейді отанасы Аманкүл.
«Әкеге қарап ұл өсер, анаға қарап қыз өсер». Аманкүл қыздарын үй тірлігіне баулыса, күйеуі ұлдарына шөп шауып, отын жаруды, балға ұстап, шеге қағуды, көлік айдап, табыс табудың жолдарын үйретеді. Мұхтарды ауылдықтар «өнертапқыш» деп атайды. Ол жеңіл көлікке трактордың моторын салып алып, қара жолды құйғыта жүйткіп жүр.
– Өзім көпбалалы отбасында өсіп-өнгендіктен, әр қазақтың төрінде осындай «алтын алқалы» аналар отыру керек деп ойлаймын. Жұмыстан шаршап келгенде, кішкентайлар «әкелеп» алдыңнан шығып, мойныңа асылғанда, бар қиындықты ұмытасың. Алла жеті перзент сүюді нәсіп етіпті, разымын. Бір-бірін жетелеп өсіп келеді. Енді алдағы мақсат-мұрат – ұлымды ұяға, қызымды қиясына қондырсам, басқа арман да болмас еді, – дейді Мұхтар.

Махаббат ұлтқа қарамайды

Ендігі сөз өз ұлтынан өзге ұлтқа тұрмысқа шығып, өзге ұлттан қыз алып, бақыттың бақшасында шаңырақтарын биіктетіп жүрген Шамаил Жаттоев пен Сара Рахымбекованың жанұясы жайлы болмақ. Бұл отбасының ғұмыр дерегіне сүйенсек, әу баста ата-әжелері Кавказдан 1943 жылы қазақ жеріне жер аударылған екен. Содан бері қазақ еліне сіңісіп, қазаққа қыз беріп, қыз алған жайы бар. Бұл отбасы бүгінде қырғыз және әзірбайжан ұлттарымен де төс қағыстырып, құда атанып отыр.
– Өзім өзге ұлттың жігітіне тұрмысқа шыққаныммен, қазақтан келін алып, қыздарымды қазаққа ұзаттым. Бұл – ұл-қызымның өз таңдаулары. Қаршадайымнан қарашай ұлтының қара шаңырағына келін болып босаға аттадым. Осы ұлттың салт-дәстүрін көріп, үйреніп, сіңіріп келемін. Біздің байлығымыз – бүгінгі сүйген ұл-қызымыз. Махаббат ұлтқа бөлмейді адамды. Жүрек кімді таңдайды, Алла кімді қалайды, сол жандар бақыттың құшағында ғұмыр кешеді деп ойлай-мын, – дейді Сара апай.
Т.Рысқұлов ауданы, Көкдөнен ауылының тұрғыны, қарашай жігіті Шамаил 23 жасында ауылдағы көп сөйлемейтін, екі әженің тәрбиесін көрген, көшеге шықпайтын Сара деген қазақ қызына ғашық болады. Сезімге бөленген жас жігіт қызбен қанша тілдесуге тырысса да, көшеге шықпайтын қыз кездесуге асықпайды. Сөйтіп, қарашай жігіт қызды алып қашып кетеді. Сөйтіп, олар бас қосып, шаңырақ көтереді. Кейін уақыт өте келе Сара да дәл осы қарашай жігітіне сырттай ғашық екенін мойындайды. Міне, сол шынайы махаббаттан бүгінде ұл-қыз тарап, немерелер өсіп келеді.
– Бізді бала күнімізде әжелеріміз қарашай тілінде сөйлетіп, ойнатып отыратыны есімде. Ал қазір қарашай тілін тек әкемнен естиміз. Барлық мәміле қазақ тілінде шешіледі, ортақ әңгіме де осы тілде айтылып жүр. Тіпті әкемнің туыстарымен қарашай тілінде сөйлегенін естіп таң қалғаным бар. Мен де қазақтың келінімін. Қазақстан Республикасында туған соң, осы ұлттың ұл-қыздарына бауыр басып, аралас-құралас болып өстік. Бала күнімде қычым, пышлақ, қарашай халва жеп өстік. Әлі күнге төркінге барғанда, осы тағамдардан дәм татамыз, – дейді осы отбасының қызы, бүгінде қазақтың келіні атанған София Жаттоева. Бақыттың құшағында тербелген шаңырақтарыңыздан шаттық кетпесін!

Жұматай КӨКСУБАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.