Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Қазақстанда нақты жалақы көлемі төмендеді

0 126
Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдері ішінде биылғы бірінші тоқсанда Қазақстан азаматтарының нақты жалақысы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда төмендеп кетті. Бұл жөнінде Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) баспасөз қызметі мәлімдеді.

Ресми деректерге сәйкес, 2026 жылдың 1 қаңтары мен 31 наурызы аралығында одаққа мүше барлық мемлекеттерде орташа айлық номиналды жалақы өскен. Алайда тұтыну бағаларының индексін ескере отырып есептелген нақты жалақы көрсеткіші тек үш елде ғана оң динамика көрсетті. Олардың қатарында Ресей (108,7 пайыз), Беларусь (107 пайыз) және Қырғызстан (105,2 пайыз) бар.

Ал Қазақстан мен Арменияда халықтың нақты табысының азайғаны тіркелді. Арменияда бұл көрсеткіш 98,8 пайызды құраса, Қазақстан 97,7 пайызбен одақ бойынша ең төменгі нәтижені көрсетті. Яғни елдегі номиналды жалақының өсімін инфляция толықтай жоққа шығарған.

Бұған дейін Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы елдегі орташа айлық номиналды жалақы 461 486 теңгені құрағанын хабарлаған болатын. Бұл көрсеткіш долларлық баламада 927 долларға тең болып, Қазақстанды ЕАЭО рейтингінде Ресей (1367 доллар) мен Беларусьтен (975 доллар) кейінгі үшінші орынға шығарды.

фото: Depositphotos

Qaz365.kz.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.