Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қан алдырудың қаупі қандай?

0 745

Халық арасында қан алу немесе хиджама жасау бүгінде кең етек алды. Алайда «арам» қанды бойыңыздан шығарудың пайдасы мен зияны қандай? Дұрыс қан алдырмасаңыз, ауру жұқтырып алуыңыз бек мүмкін екенін білесіз бе? Жалпы хиджаманың сіз бен біз білмейтін қандай тұстары бар?

Хиджама жасау кезінде адам бойындағы қан алмасу жақсарып, «арам» қандар сыртқа шығады, барлық жасушалары жаңарып, ағзаға оттегі мен нәрлі заттар тарайды.
Қан алу әдісі Қазақстанда 2000-жылдары басталған. Ал Сирия, Мысыр, Сауд Арабиясы секілді мұсылман елдерінде хиджама өте жақсы дамыған. Тілімнің жасалу жерлеріне қарай хиджама үш түрге бөлінеді. Бірінші түрі – құрғақ хиджама, яғни ол қан шығарусыз жасалады. Бұл әдіс көп қолданылмайды. Екінші түрі – күретамыр хиджамасы. Оны варикоз секілді сырқаттарды емдеуде қолданады. Соңғы түрі – тілдің астына жасалатын хиджама. Хиджаманың бұл түріне ішкі ағза мүшелерін, бас ауруларын емдеу кезінде жүгінеді. Айта кететін жайт, хиджама мамандарының көбісі емдеу кезінде Құран оқиды немесе таспаларды қосады екен. Қан алдырудың ешқандай кері әсері болмайды. Өйткені Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мұның адам ағзасына пайдалы екенін айтып кеткен. Хиджаманы үлкен-кіші, бәріне де, сондай-ақ жүкті әйелдер мен емшектегі баласы бар аналарға да қолдануға болады. Тіпті әйелдер хайыз және нифас кезінде де хиджаманы жасай алады. Сондай-ақ кішкентай балалар шетпе болып ауырған кезде ата-бабаларымыз олардың арқа тұсынан қан алатын болған.
Хиджама қандай ауруларға көмектеседі? Мойынға жасалған хиджама бас ауруына, құлақ, тамақ, мұрын және тіс ауруларына, уланған жағдайда шипа. Басқа жасалған хиджама – психикалық ауруларға (күйзеліс), тіс ауруына, әлсіздікке, бас сақинасына, көру және есту қабілетін жақсартуға, ми қабынуына пайдасын тигізеді. Сондай-ақ тіс ауруын банканы иекке қою арқылы емдейді. Осы арқылы түрлі микробтар мен бактериялар жиналатын ағзаның ең лас аймағы – ауыз қуысы тазаланады. Табанда жазылмайтын іріңді жара болса, банканы аяқтың артқы бөлігіне қояды. Етеккірдің кешігуі және жамбас, сан жүйкесінің қабынуы кезінде хиджама өкшеге жасалады. Ішек аурулары, семіздік, қан айналым жүйесінің бұзылуы, бронх демікпесі жағдайында бөксеге жасалады. Алайда хиджама кез келген ауруға ем бола бермейді. Мұндай әдістер дұрыс жасалмаған жағдайда ағзаға үлкен зиян тигізуі де мүмкін. Сондықтан да хиджаманы арнайы маманнан кеңес алғаннан кейін ғана, білімді, тәжірибелі адамға жасатқан дұрыс.
Кімдерге қан алдыруға болмайды дегенге келсек, хиджаманы қан қысымы төмен, аурудан енді айыққан, әсіресе отадан кейін шыққан адамдарға, қант диабеті, бүйрек ауруына шалдыққандарға, жүктіліктің алғашқы 4 айында жасауға болмайды. Дұрыс жасалмаған хиджаманың арты қатерлі болуы мүмкін. Елімізде хиджама жасаушыларға арнайы лицензия берілмейді. Хиджама мамандары егер Қазақстанның халық емшілері Ассоциациясынан куәландыратын құжат болса, оны алуға болады деп есептейді. Хиджама барлық ауру түрлеріне ем бола бермейді. Асқынып кеткен немесе жаңа заман індеттері саналатын ЖИТС (СПИД), онкология секілділерге хиджама көмек бере алмайды. Адам жеңілдік сезінуі мүмкін, бірақ толыққанды айығып кетпейді.
Хиджаманы кімдер және қандай жағдайда жасап жатыр, пациенттерінің денсаулығы туралы қан алушылардың хабары бар ма? Оларға алдын ала анализдер жасата ма? Осыны білу мақсатта біз хиджама жасатпақ болып мамандарға жүгіндік. Кезек күтіп отырғанда бірнеше адамды тілге тарттық.
– Шыны керек, о баста қатты қорқып келгенмін. Бармаған жерім, баспаған тауым жоқ. Ине де салдырдым, ауруханаға да жаттым. Бірақ бас ауруынан арылмадым. Дәрігер берген барлық дәріні іштім, пайда болмады. Сонымен таныстарымнан естіп, хиджамаға келдім. Сенесіз бе, о баста 400 миллилитр қан алды. Көзім шайдай ашылды. Осымен 4-ші рет келуім. Екі айда бір рет келіп жүрмін. Бастапқыда басымнан, арқа тұсымнан, кейін аяғымнан және өкшемнен алдырдым. Шүкір, қазір өзімді жеңіл сезінемін. Айлап көтере алмай жүрген басымның ауруы қайтты, – дейді өзін Аманбек деп таныстырған азамат.
– Жалпы хиджаманың ешқандай зияны жоқ, адам денесінен лас капиллярды, қандарды алып тастаймыз. Жақсы нәтиже беріп жатыр. Қазір адамдар ұлты мен діні, танымы мен сеніміне қарамай келіп жатыр. Арнайы құралдар, аппараттарымыз бар, осындай арнайы кабинет аштық. Қауіпті ештеңе жоқ. Құны – 5000 теңге. Барлық ауруға нүктелері арқылы жасауға болады, – дейді емші Жанар Аманбекқызы.
Бөлмеге кіргенімізде, алдымен қан қысымымызды өлшеп, кейін науқастарды ретімен сұрап шыққан медбике қандай шағыммен келгенімізді білді. Бәрін айтып тілдескеннен кейін, етбетінен кереуетке жатқызып, арқаны толығымен дезинфекциялап, арнайы банкаларды қысып қойды. Екі-бес минуттан кейін арқаны тесіп, банканы қайта қойды. Бұл процесс шамамен 30 минуттай уақытқа созылды. Медбике банканы аларда қаннан сарысу бөлінгенін, қан барынша қатты атқылап, жақсы шыққанын жеткізді. 45 минутқа созылған ем-шарадан кейін 15 минут отыруымды сұрады. Барлығы біткеннен кейін қайтадан қан қысымымды өлшеп, үйге қайтарды.
– Хиджамадан кейін күтіну маңызды. Сіздің жасушаларыңыз толығымен ашылғандықтан, артық токсиндер шықты. Енді босанған әйел сияқты сіздің денеңіз кез келген суықты тез қабылдап алады. Сондықтан жылы киініп, күтініңіз. Сондай-ақ майлы, сүтті тағамдардан, суық заттардан 1 апта бас тартқаныңыз дұрыс, – деп маман кеңес берді.
Хиджамаға қатысты қолында құжаты бар медицина мамандарының ойы басқа. Олар бірінші кезекте қан алу процесінің ойын еместігін айтады. Тазалық талаптары мүлтіксіз орындалуы тиіс.
– Адамнан қан алынып жатқандықтан, стерильді жағдай сақталуда ма, сақталмаса организмге инфекция түсуі мүмкін, басқа да аурулар жұқтыруы ықтимал. Банканы бір-ақ адам пайдалануы керек. Бірақ сол бір рет қана пайдаланып жатыр ма, мүмкін ол ауру адамның пайдаланған банкісі болуы мүмкін. Ем-доммен айналысатын кез келген маман адам анатомиясын толық біліп, алдына келген әр адамды диагностикадан өткізіп барып қабылдауы шарт. Ал хиджама жасайтындар ше? Олардың біліктілігі қай деңгейде?Ол дәрігер маман болуы керек. Өйткені кез келген нүктеден микроб кіреді, инфекция түседі. Бір ауруды емдетемін деп, науқас екінші дертті қосып алуы мүмкін. Қазір хиджаманы табыстың көзі етіп, қанды көрінген жерде алып жатыр. Бұл дұрыс емес, – дейді дәрігер Алтынкүл Абдулаева.
Осы тұста айта кетерлігі, еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі дәстүрлі медицина мекемелерінің қызметін ғана тексеруге хақылы. Ал дәстүрлі емес – хиджама тәсілімен емдейтіндерге әзірге бақылау болмай тұр. Алдағы уақытта Үкімет тарапынан осы бағытқа көңіл бөлініп, хиджама сынды қан алу әдістері қадағаланады деп сенеміз.

Арайлым Бақытжанқызы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.