Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасынан сақ болайық!

0 60

Аурудың алдын алу – әр азаматтың міндеті

Көктем мен жаз мезгілінде табиғат аясында демалушылар, мал шаруашылығымен айналысатын тұрғындар және далада жұмыс істейтін азаматтар үшін кене шағу қаупі артады. Соған байланысты аса қауіпті жұқпалы аурулардың бірі – Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы туралы халықтың хабардар болуы маңызды.

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы дегеніміз не?

Бұл – кене арқылы таралатын қауіпті вирустық инфекция. Ауру адам денсаулығына ауыр әсер етіп, дер кезінде ем қабылданбаса, өмірге қауіп төндіруі мүмкін. Вирус көбіне кененің шағуы арқылы немесе ауру малдың қаны мен биологиялық сұйықтықтары арқылы жұғады.

Аурудың негізгі белгілері

Дерт кенеттен басталады. Төмендегі белгілер байқалуы мүмкін:
• дене қызуының көтерілуі;
• қатты бас ауруы;
• әлсіздік пен бұлшық еттің сырқырауы;
• жүрек айну, құсу;
• мұрыннан, қызыл иектен қан кету;
• денеде көгерген дақтардың пайда болуы.
Осындай белгілер байқалған жағдайда өз бетінше емделмей, дереу медициналық мекемеге қаралу қажет.

Кене шаққан жағдайда не істеу керек?

• Кенені жалаң қолмен ұстамаңыз;
• Мүмкіндігінше медициналық мекемеге барып алдыртыңыз;
• Кенені езбеңіз және лақтырмаңыз;
• Дәрігер бақылауында болыңыз.

Аурудан сақтану жолдары

Мамандар келесі сақтық шараларын ұстануға кеңес береді:
• Табиғатқа шыққанда жабық, ашық түсті киім кию;
• Шалбардың балағын шұлықтың ішіне салу;
• Денеге және киімге кене қашыратын арнайы құралдар пайдалану;
• Мал қораларын және аула аумағын таза ұстау;
• Үй жануарларын уақытылы дәрілеп, кенеге қарсы өңдеу жүргізу;
• Табиғаттан келген соң денені толық тексеру.

Денсаулық – ең үлкен байлық. Әрбір тұрғын жеке қауіпсіздік шараларын сақтап, өз отбасының амандығына жауапкершілікпен қарауға тиіс. Кене шаққан жағдайда уақыт жоғалтпай, медицина қызметкерлеріне жүгіну – қауіпті аурудың алдын алудың тиімді жолы.
Аурудың алдын алу – баршамызға ортақ міндет. Сақтық шараларын есте ұстаңыздар!

Медет НҰРДІЛЛӘҰЛЫ,
Тараз қаласы әкімінің кеңесшісі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.