Әсілінде, біздің күн сайынғы жасап жүрген мақтаулы әрекеттеріміз, қызметіміздегі жетістіктер, бар махаббатымыз бен мейіріміміздің бәрі – балаларымыздың жарқын болашағы үшін. Адам өмірін басты байлыққа балаған біздің мемлекетіміз үшін де балаларымыздың бас амандығы аса маңызды. Өкінішке орай, күнделікті тірлікте балаларға қатысты жүрек ауыртар жаңалықтарды оқып, алаңдап отыратын болдық. Көзіміздің қарашығы, өміріміздің мәні, тынымсыз тіршілігіміздің заңды жалғасына баланған бөбектеріміз қоғамдағы жауапсыздықтың кесірінен құрбан болып кетіп жатыр. Бұл, ең бірінші, ата-ананың жауапкершілігінен болатын жағдай.
Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың өңір тұрғындары үшін БАҚ беттеріне жариялаған үндеуіне арқау болған оқиғалар өзіміздің көз алдымызда орын алып жатыр. Соғыс жоқ, бейбіт заманда ата-ананың балаларға бас-көз бола алмай, қараусыз қалдырып, келеңсіз жайтқа душар болып, ізінше қайғылы оқиғадан қан жұтып жатқаны – нағыз қасірет. Әрбір ата-ана өздерінің әке-шеше болатынын білген күннен бастап өмірге келетін саналы тіршілік иесінің қауіпсіздігін, мейірім мен махаббатқа бөленіп өсуін ең бірінші кезекте қамтамасыз ете алуы тиіс. Ақиқатында, бала – Құдайдың аманаты. Бала ананың құрсағына тіршіліктен теперіш көруге емес, махаббатқа бөленіп өсуі үшін бітеді. Сол үшін де ешбір бала айналасындағылардан жәбір көруге, қисынсыз қателіктен жапа шегуге, ең қорқынышты жауапсыздықтың кесірінен өліп кетуге лайық емес. Әр сәтімізге сән берген сәбилер өмір сүруі тиіс. Жауапсыздық салдарынан бейкүнә баласынан айырылған ата-ана әрі қарай ар азабымен өмір сүреді. Ал кей жүрексіз әке мен шеше оны да сезінбеуі мүмкін. Сол үшін де қажетті ресурстарды пайдаланып, ата-ананың өзіне жауапкершілікті сезіндіру бағытында мақсатты шаралар ұйымдастыру қажет деп ойлаймын.
Біз, әрбіріміз өзіміз өмірге әкелген перзенттеріміз үшін үлгіміз. Олар бізге қарап бой түзейді. Балалар – біздің айнамыз. Бізге біткен даналық олардың бойынан табылатын болады. Біз сорақы болсақ – балаға сын, сүйекке таңба. Тәрбие мен тәлімнің орны ерек, әлбетте. Ал перзенттеріміздің қауіпсіздікте өмір сүруі, ең бірінші, толғандырар мәселе болуы тиіс. Рас, бұл тұрғыдан келгенде, әлемдегі ахуал ешкімді мәз етпейді. Сириядағы соғыс, Африка елдеріндегі аштық, тағысын тағы. БҰҰ жанындағы ЮНИСЕФ балалар қоры бұл тұрғыда жыл сайын дабыл қағып келеді. Ал біз ше? Ай-күннің аманында көз алдымызда жүрген баладан айырылып қалып отырмыз. Айналып келгенде, бәрі де жауапкершіліктің төмендігінен.
Жас сананың жадында әрбір ақпарат сақталып, жатталып қалады. Бала ешқашан бір көргенін ұмытпайды. Балаға жақсы мен жаманды саралауды үйретудің маңызы осында. Ал жас күнінде зорлық көрген, жәбір көрген балада жан жарақаты болатыны бесенеден белгілі. Ал жауапсыздық кесірінен бала майып болса, өмір бақи кімді кінәлайтынын білмей, қатарына қызығып, жасық болып өседі. Бұдан өзге бала денсаулығы мен рухани жай-күйіне байланысты факторлар жетіп артылады. Сондықтан да бала өміріне бейжай қарамай, қараусыз қалдырмай, дұрыс тәлім беріп, бойларына даналық дарытып өсірелік. Әр бала өзінің ата-анасына, қоғамға, мемлекетке керек екенін сезініп өсуі – жарқын болашағымыздың кепілі.
Эльмира Мырза-Ғали,
облыстық ата-аналар
қауымы кеңесінің төрайымы