Аудан экономикасы әртараптандырылуда
Мойынқұмның жері жұртшылыққа кең жайылымы, бұйрат-бұйрат құмы және малшаруашылығына қолайлы табиғи ерекшелігімен танымал. Жері шөлейтті болғанымен, осындай табиғатқа бейімделген шаруашылық жүйесі аудан экономикасының негізгі тірегінің біріне айналған. Ауданның ауылшаруашылық саласында осы жылдың алғашқы тоқсанында өнім көлемі 1,6 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі 100,8 пайыз деңгейінде қалыптасты. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 247,5 миллион теңгені құрады. Осы арқылы ауылшаруашылығы саласында тұрақты өндірістік база қалыптасып келе жатқанын аңғаруға болады. Жалпы ауданымыздың қазіргі әлеуметтік-экономикалық жетістіктері, ауылшаруашылығын дамытудың жаңа бағыттары көңіл қуантарлықтай деңгейде. Шаруалар да заман ағымына сай әрекет етіп, неғұрлым асылтұқымды мал ұстауға ден қоюда. Соның арқасында қой, жылқы, түйе және ірі қара өсіру ісі жақсы дамып, төрт түлікке қатысты шаруашылықтар өркен жаюда. Мәселен, ауданда 600-ге жуық шаруа қожалық тіркелсе, оның 450-ге жуығы мал өсірумен айналысуда. Атап айтсақ, «Агрофирма Түрікпен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Ресей Федерациясынан 10 мыңға жуық асылтұқымды қалмақ сиырын сатып алып келуіне байланысты соңғы 10 жылда ірі қара саны 30 мыңнан 60 мыңға дейін өсті.
Мойынқұм ауданы табиғи ресурстар мен жерасты байлығына да өте бай өлке. Қойнауы қазынаға толы бұл аймақтың өндірістік әлеуеті жылдан-жылға артып, жер байлығы ел игілігі үшін тиімді игерілуде. Мұнда аймақ экономикасының тірегіне айналған, заманауи технологиямен жабдықталған түрлі өндіріс ошақтары табысты жұмыс істеп тұр. Осы өндіріс кешендерінің ішінде шоқтығы биік, еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі үшін стратегиялық маңызы зор бірегей нысандар да бар. Соның ең бастысы ретінде аудан аумағында орналасқан, мемлекетіміздегі ірі де маңызды энергетикалық нысандардың бірі саналатын «Амангелді газ» кен орнын ерекше атап өтуге болады. Сандарды сөйлетер болсақ, биыл үш айда өнеркәсіптік өндіріс көлемі 47,8 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі 106,2 пайыз деңгейінде қалыптасты. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өндіріс көлемі айтарлықтай артып отыр. 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 31,3 миллиард теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 99,2 пайызды құрады. Өңдеу өнеркәсібі де тұрақты өсім көрсетіп, өндіріс көлемі 43,8 миллиард теңгеге жетті. Нақты көлем индексі 100,4 пайызды құрап, салада оң серпін сақталды. Бұл ауданның өнеркәсіптік құрылымының біртіндеп әртараптанып келе жатқанын аңғартады. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 5 миллиард теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 285,5 пайыз деңгейінде өсім көрсетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда инвестициялық белсенділіктің бірнеше есеге артқанын білдіреді. Жеке инвестициялар көлемі 4,3 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі 263,6 пайыз болды. Осы орайда бизнес сектор мен жеке инвесторлардың аудан экономикасына деген сенімі күшейді деуге болады.
Құрылыс саласында да қарқын бар. Ауданда құрылыс жұмыстарының көлемі 1 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі 212,2 пайыз деңгейінде орындалды. Салада белсенділік артып, инфрақұрылымдық және тұрғын үй құрылыстарының көлемі ұлғайды. Мысалы, пайдалануға берілген тұрғын үй алаңы 1 054 шаршы метрді құрап, нақты көлем индексі 114,8 пайызды көрсетті. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда пайдалануға берілген тұрғын үй құрылысы 136 шаршы метрге артық орындалып, тұрғын үй құрылысы саласында тұрақты өсім сақталды. Бөлшек сауда тауар айналымы 1,4 миллиард теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 207,6 пайыз деңгейінде қалыптасты. Көтерме сауда айналымы 740,6 миллион теңгені құрап, нақты көлем индексі 161,3 пайыз болды. Бүгінде аталған салада да оң динамика қалыптасып, сауда айналымы кеңейіп келеді.
Индустриялық-инновациялық даму қарқыны жоғары
Қазақстан Республикасын индустриялық инновациялық дамытудың 2020 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы ауданда ойдағыдай жүзеге асуда. Негізінде бүгінде іске қосылуы жоспарланған барлығы 7 инвестициялық жоба бар. Жалпы осы инвестициялық жобалардың құны 763,5 миллиард теңгені құрайды. Аталған инвестициялық жобалар 2026-2028 жылы іске асады және осы арқылы 603 жұмыс орны ашылады. Тарқата айтсақ, Ресей Федерациясынан тартылған инвестор «Shagala Mining» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қаржы құюда. Осы арқылы серіктестік катодты мыс өндіруді Мыңарал елді мекенінде жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Жобалық құны – 29,5 миллиард теңге. Жылдық қуаттылығы – 9 мың тонна катодты мыс өндіру. Жоба жүзеге асқан жағдайда 300 адам жұмыспен қамтылатын болады. Аталған жоба осы жылы іске қосылады. Ол үшін Бетпақдала жер қоры жерінен уақытша өтеулі жер пайдалану құқығы бойынша 10 жыл мерзімге, жалпы алаңы 563,0 гектар жер телімі берілді. «Shagala Mining» ЖШС бойынша қазіргі уақытта кәсіпорын қызметін қайта жаңғырту мәселесі қарастырылуда. Осы бағытта тиісті дайындық және ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде. Өндірістік процесті толық іске қосу үшін қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мәселелері бойынша нақты шешімдер қабылдау сатысында. Аталған бағыттағы жұмыстар жалғасуда және тиісті шешімдер қабылданғаннан кейін кәсіпорын қызметін кезең-кезеңімен іске қосу жоспарлануда.
«Аметист-2012 БР» ЖШС Мойынқұм ауданы Ақбақай ауылында орналасқан. Мұндағы жұмысшылар саны 50 адам. Жоба құны 2 миллиард теңге болса, қуаттылығы жылына 80 келі алтын өндіруге қауқарлы. Өзбекстандық инвестор есебінен жүзеге асатын жоба 2026 жылы іске қосылады деп жоспарлануда. Жоба кен орнын игеру кезеңінде тұр. Өндіруге лицензия 2023 жылы алынған. Бұған дейін өндіру жұмыстары жүргізілген. Қазіргі уақытта экологиялық рұқсат алу қажеттілігіне байланысты өндіру жұмыстары уақытша тоқтатылған. Рұқсат құжаттары алынғаннан кейін кен өндіру жұмыстарын қайта бастау жоспарлануда. Салықтар мен басқа да міндетті төлемдер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленген тәртіпте төленуде.
«Total Energies», яғни «Актас Энерджи» ЖШС (инвестор Франциядан) жел энергиясын өндіруді ауданның Мирный елді мекенінде жүзеге асыруды көздеуде. Жобалық құны шамамен 650 миллиард теңге көлемінде. Жоба іске асқанда жылына 1 ГВт электр энергиясы өндіріледі. Сол кезде кәсіпорын 150 адамды жұмыспен қамтымақ. Аталған жел электр стансасын кезең-кезеңімен салып, 2028 жылға дейін жүзеге асыру мақсат етілген. Осы жылдың 19 наурызында «Total Energies» ЖШС-ның Хантау ауылының маңында қуаты 1 ГВт болатын жел электр стансасының құрылыс алаңына капсула салу рәсімі өтті.Құрылыс кезеңінде 2 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылады. Жобаны толық іске қосу 2028 жылдың аяғына жоспарланып отыр.
Тағы бір ауыз толтырып айтарлық бастама – «Turan Industry» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің инвестициялық жобасы. Осы жобаның жалпы сипаттамасы мен мақсатын сөз етсек, аталған өндірістік бастама тікелей отандық инвестор тарапынан, яғни Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы тарапынан қаржыландырылатын жоба болып саналады. Тұрғындар мен мемлекеттік органдар алдында осы маңызды жобаның басы-қасында жүріп, оның толықтай іске асырылуына тікелей жауап беретін жоба басшысы Талғат Искенов есімді азамат. Бұл заманауи өндіріс орны да аталған Мирный ауылының аумағында орналасқан. Болашағы зор, алдағы уақытта кәсіпорынның ауданның өнеркәсіптік әлеуетін арттыратынына сеніміміз мол. Кәсіпорынның негізгі қызмет түрі құрылыс саласына аса қажетті өнім өндіруге қатысты. Нақты айтқанда, жоғары сапалы қаптау плиталарын өндірумен айналысатын болады. Экономикалық көрсеткіштері мен әлеуметтік маңызына тоқталсақ, жобаның жалпы инвестициялық құны 500 миллион теңгені құрайды. Бұл қаражат өндірістік цехтарды салуға, заманауи қондырғыларды сатып алуға және қажетті инфрақұрылымды тартуға жұмсалады. Кәсіпорын толық қуатына енген кезде оның жылдық қуаттылығы 130 мың шаршы метр қаптау плитасын өндіруге әлеуеті жетеді. Осы арқылы ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз етуге мүмкіндік тумақ. Жоба сәтті жүзеге асып, өндіріс ошағы толықтай іске қосылған жағдайда жергілікті тұрғындар арасынан 50 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылады деп жоспарлануда. Бұл да аймақтағы жұмыссыздық деңгейін төмендетуге ықпал ететін маңызды әлеуметтік көрсеткіш болып есептеледі. Өндірістік нысанның негізгі іске асырылуы мен алғашқы өнім шығару мерзімі осы жылға жоспарланған. Жобаның қазіргі жағдайын сөз еткенде оның инфрақұрылымдық мәселелеріне тоқталмасақ болмас. Қазіргі уақытта кәсіпорынға қажетті сыртқы электр желісі мен су құбырын тартуға арналған техникалық құжаттама әзірленген. Бұл бағыттағы жобаны бас жобалаушы болып саналатын «Taraz Geo Project Lux» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі толық жасап шығып, құжат заңнама талаптарына сай мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алынған болатын. Алайда құрылыс-монтаж жұмыстары кезінде электр желісін салу барысында бекітілген бастапқы жобадан біршама ауытқулар орын алғаны белгілі болды.
Электр беру желісін сапалы жүргізу үшін мемлекет тарапынан «Сыртқы электр желісін салу және оны алдағы уақытта күтіп ұстау үшін» деген арнайы нысаналы мақсатымен жалпы ауданы 1,3119 гектарды құрайтын жер учаскесі заңды түрде тіркеліп берілген еді. Құрылыс жұмыстары жүріп жатқан кезде электр желісін тарту жұмыстарын тікелей орындаған мердігер мекеме Мойынқұм ауданының әкімдігімен алдын ала келісіп, оларды хабардар ете отырып, бекітілген негізгі жобадан ауытқуға жол берген. Осылайша олар электр бағаналары мен желілерін жүргізуі тиіс болған қолданыстағы жеке жер телімін айналып өтетін мүлдем басқа бағыттағы электр желісін жүргізіп қойған. Туындаған қиындықтар мен оны шешу жолдары қазір қарастырылуда. Десе де мердігердің бекітілген мемлекеттік жобалық-сметалық құжаттамадан ауытқып кеткендігіне байланысты «Taraz Geo Project Lux» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас жобалаушысы заңдық тұрғыдан аталған жұмыстарды қабылдап, орындалған жұмыс актілеріне қол қоюға өз келісімін бере алмай отыр. Өйткені іс жүзінде атқарылған жұмыс қағаздағы жобаға сай келмейді. Бұл түйткілді заңдастыру және нысанды пайдалануға беру үшін енді бастапқы жобалық құжаттарға тиісті өзгерістер мен түзетулер енгізу қажет. Одан кейін түзетілген жаңа жобаны уәкілетті органдардың мемлекеттік сараптамасынан қайтадан өткізу талап етіледі. Алдын ала есептеулер бойынша, мұндай түзетулері бар мемлекеттік сараптамадан қайта өту процесі тағы қосымша үш-төрт ай уақытқа созылады. Сонымен қатар тиісті жұмыстарды жүзеге асыру мен құжаттарды қайта әзірлеу инвестор тарапынан жоспарланбаған қосымша қаржылық шығындарды талап етіп, жобаның уақытылы іске қосылуын тежеп отыр.
«VІЕ Mynaral» ЖШС жүзеге асыратын жоба басшысы – Амзи Акимжанов. Бұл да қазақстандық инвестор есебінен жүзеге асуда. Аталған серіктестік Мыңарал ауылында күн энергиясын өндірмек. Құны 20,7 миллиард теңге болатын жобаның жылдық қуаттылығы 50 МВт электр энергиясын өндіруге арналған. Жоба жүзеге асқан жағдайда 15 адамға дейін жұмыспен қамтылады деп жоспарлануда. Жоба келер жылы жүзеге асады. Қазіргі уақытта жер учаскесін бөлу рәсімі жүргізілуде.
«VIE Shyganak» ЖШС мен «Хантау АБК» ЖШС-ның да инвесторы өз елімізден. Осы серіктестіктердің жүзеге асыратын екі жобасына да Қадыр Дауылбаев есімді азамат басшылық етуде. Мәселен, «VIE Shyganak» ЖШС-ның Шығанақ ауылында күннен энергия өндіру мақсатында жүзеге асыратын жобасының құны 14,5 миллиард теңгені құрайды. Жылына мұнда 30 МВт электр энергиясы өндірілетін болады. Келер жылы жоба жүзеге асқан уақытта 16 адамға дейін жұмыспен қамтылады деп күтілуде. «Хантау АБК» ЖШС Хантау ауылында жел энергиясын өндірмек. Жобалық құны – 46,3 миллиард теңге. Жылдық қуаттылығы – 98 МВт электр энергиясын өндіру. Жоба жүзеге асқан жағдайда 22 адамға дейін жұмыспен қамтылатын болады. Бұл жоба да 2027 жылы жүзеге асады. Екі жоба бойынша да қазіргі уақытта жер учаскесін бөлу, жаңартылатын энергия көздері бойынша техникалық шарттарды алу және аукциондық саудаға қатысу жұмыстары жүргізілуде.
«Ауыл — ел бесігі» жобасының жемісі мол
Осыдан бірнеше жыл бұрын 7,5 миллион ауыл тұрғынының әл-ауқатын жақсарту мақсатында перспективалы ауылдарды іріктеп, сол ауылдарда әлеуметтік саланы дамытуды, тұрғын үйлер мен жолдар салып, коммуникациялар жүргізуді қарастыратын «Ауыл – ел бесігі» жобасы іске асырыла бастады. Президент Қасым Жомарт Тоқаев аталған жобаға баса назар аударып, мемлекет тарапынан әр тіректі елді мекеннің дамуына қомақты қаржы бөлінуде. Осы жоба аясында Мойынқұм ауданында 2021 2025 жылдар аралығында денсаулық, мәдениет, спорт салаларында бірқатар нысан бой көтерді және күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар елді мекендердегі автомобиль жолдарына да орта жөндеу жұмысы жүргізілді. Атап айтатын болсақ, Мойынқұм ауылдық округіндегі Мойынқұм ауылына «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 645,5 миллион теңге қаржы қаралып, аудан орталығындағы Б.Момышұлы атындағы орталық стадион заманауи талаптарға сәйкес толықтай қайта жаңғыртылып, халық игілігіне берілді. Сонымен қатар Т.Рысқұлов тірек мектебінің ғимараты толықтай күрделі жөндеуден өтті. Сондай-ақ ауыл ішіндегі 9 көшенің автомобиль жолдары орта жөндеуден өткізілді.
Кеңес ауылдық округіндегі Айдарлы ауылына жоба аясында 937,5 миллион теңге қаржы қаралып, заманауи спорттық-сауықтыру кешені мен 90 орындық клуб және кітапхана ғимараты бой көтеріп, пайдалануға берілді. №2 орта мектептің ғимараты толықтай күрделі жөндеу көрсе, ауыл ішіндегі 7 көшеге орта жөндеу жұмысы жүргізілді.
Бірлік ауылдық округіндегі Бірлік ауылына 847 миллион теңге қаржы жұмсалып, заманауи спорттық-сауықтыру кешені ғимараты ел игілігіне ұсынылды. Одан бөлек Қ.Рысқұлбеков атындағы орта мектеп ғимараты толықтай күрделі жөндеуден өткізілді. Бірлік ауылдық дәрігерлік амбулаториясы күрделі жөндеу, ауыл ішіндегі 10 көшенің автомобиль жолдары орта жөндеуден өтті.
Биназар ауылдық округіндегі Биназар ауылына 295 миллион теңге бөлінді. Соның есебінен стандартқа сай келетін Биназар ауылдық фельдшерлік-акушерлік тірек ғимараты бой көтерді. Сонымен қатар ауылдық мәдени клуб толықтай күрделі, ауылдағы 6 көше жолдары орта жөндеу көрді. Сол секілді Жамбыл ауылдық округіндегі Жамбыл ауылына 46,7 миллион теңге қаржы қаралып, ауылдық клубқа толықтай күрделі жөндеу жүргізілді. Шығанақ ауылдық округіндегі Шығанақ ауылында 590,8 миллион теңге қаржыға заманауи спорттық-сауықтыру кешені ғимараты салынды. Ауыл ішіндегі 4 көше орта жөндеудің арқасында жаңарып қалды. Мыңарал ауылдық округіндегі Мыңарал ауылына 495,7 миллион теңгеге ауылдық клуб толықтай күрделі жөндеуден өткізілді және ауыл ішіндегі 4 көше жолдарына орта жөндеу жұмысы жүргізілді.
Жалпы «Ауыл – ел бесігі» жобасы ауданымыздағы тіректі елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлесін қосып келеді. Жоғарыда айтылғандай, бірқатар нысан бой көтеріп, қайта жаңғыртылып, күрделі жөндеуден өткізілді. Алдағы уақытта да осындай жобалар аясында жұмыстар жалғасын табатын болады.
Тағы бір айта кетер жайт, биыл Мойынқұм ауданының құрылғанына 60 жыл, осы өңірден шыққан қазақтың даңқты шопаны, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың туғанына 130 жыл толды. Қос бірдей мерейтой жақында кең көлемде аталып өтті. Айтулы іс-шараларға Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, Парламент Мәжілісінің депутаттары және зиялы қауым өкілдері арнайы қатысты. Мерейтой аясында Мойынқұм ауданының даму жолы және Жазылбек Қуанышбаев мұрасы жұртшылыққа паш етілді. Былайша айтқанда, ауданның қалыптасу кезеңдері мен әлеуметтік-экономикалық өркендеу тарихы, қазіргі жетістігі жан-жақты сараланды десек болады. Ауданның сәулеттік келбетін жақсарту мақсатында аудан орталығындағы Амангелді көшесіндегі көпқабатты 6 үйдің сыртқы келбетін әрлендіру мен шатырын ауыстыру, аумағын абаттандыру, Ұлы Отан соғысы ардагерлерін еске алу обелискісін қайта жаңғырту, Қияқты ауылындағы көпқабатты 1 тұрғын үйдің шатырын ауыстыру, Бірлік ауылында орналасқан орталық саябақты абаттандыру, Биназар ауылының орталық саябағын абаттандыру жұмыстары аяқталды. Мойынқұм ауылының кіреберісіне Мойынқұм эмблемасы орнатылып, айналасы абаттандырылды.
Жалпы ауданымызды іргесі қаланған күннен бастап елдік мүддені бәрінен биік қойған, білікті де парасатты басшылар басқарды. Олардың ұйымдастырушылық қабілеті мен елге болсын деген еңбегінің арқасында ауданның әлеуметтік, білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет салаларының іргетасы бекіп, түрлі сәулетті нысандар бой көтерді. Сонымен қатар аймақтың даңқын асырған ең басты құндылық еңбек адамдары екенін айта кетуіміз керек. Осы топырақтан оннан астам Социалистік Еңбек Ерлері, ең жоғары мемлекеттік ордендердің иегерлері, шопан таяғын ғылыммен ұштастырған малшаруашылығының майталмандары мен дүниежүзілік жарыстарда топ жарған дала еңбеккерлері шықты. Темір тұлпарды тізгіндеп, ерлермен тең еңбек еткен қаһарман әйелдердің де есімі өңір тарихында алтын әріптермен жазылды. Осы қажырлы еңбек пен жетістіктерді алты онжылдық бойы үзіліссіз насихаттап, ауданның айнасына айналған жергілікті баспасөз басылымының да орны ерекше.
Мойынқұм – ауылшаруашылығы мен өндірісі қатар дамыған, заманауи серпін алған құтты мекен. Тәуелсіздік жылдарында көптеген шаруа қожалық құрылып, төрт түліктің саны еселеп артты. Қазіргі уақытта ауылдардың инфрақұрылымы жақсарып, жол, су, жарық мәселелері біртіндеп оң шешімін тауып, саябақтар мен көпқабатты үйлер заманауи үлгідегі кейіпке енуде. Жалпы мойынқұмдықтардың бойындағы еңбекқорлық, табандылық пен жасампаздық қасиеттер аудан экономикасының басты қозғаушы күші екені анық. Аудан халқының осы мызғымас бірлігі мен жарасымды ынтымағы алдағы уақытта да туған өлкені гүлдендіріп, жаңа белестерді бағындыруға, ауданның мәртебесін бұдан да биік деңгейге көтеруге септігін тигізетініне сенімдімін. Біз осыған барынша жұмыла күш салатын боламыз.
Еркін КЕНШІМОВ,
аудан әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы, Мойынқұм ауданы