Күләш ӘБДІКЕШОВА,
Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы
Қарттық – ғұмыр жолының ең бір қадірлі де қастерлі белесі. Бұл кезең – жүріп өткен жолға көз жүгіртіп, өмірден жинаған тәжірибені кейінгі буынға аманат ететін, ақыл мен парасаттың салмағы артатын шақ. Қазақ халқы қашанда қариясын төрге шығарып, үлкенін сыйлап, ақсақалдың батасын, әженің өнегесін ұрпақ тәрбиесінің темірқазығы санаған. Өйткені елдің кешегісін білетін, бүгінін бағамдап, ертеңіне бағыт-бағдар беретін аға буынның қоғамдағы орны қашанда айрықша. Тәлімді ғұмыр кешіп, талай белесті артқа қалдырған қарттардың әрбір сөзі мен өмір жолында кейінгі ұрпаққа үлгі болар тағылым бар. Сондықтан үлкенге құрмет көрсету – ұлттың рухани болмысынан бастау алатын ізгі дәстүр.
Бүгінде Таразда қалалық ардагерлер кеңесі тарапынан аға буын өкілдерінің басын бір арнаға біріктіріп, олардың қоғамдық өмірге белсене араласуына мүмкіндік жасау, әлеуметтік және рухани қолдау көрсету бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Өткен жылы Тараз қаласының аумағы кеңейтіліп, Жамбыл және Байзақ аудандарынан 14 елді мекен шаһар құрамына енді. Бұл өзгеріс облыс орталығының әлеуметтік-экономикалық және демографиялық тұрғыдан одан әрі дамуына тың серпін беріп қана қоймай, қаладағы ардагерлер қатарының да артуына ықпал етті. Нәтижесінде, қазіргі таңда қалалық кеңестің есебінде тұрған зейнеткерлер саны 57 мыңнан асты. Олар 146 бастауыш ұйымға топтастырылған. Сондай-ақ бүгінде Тараздағы көз тірі Ұлы Отан соғысының 3 майдангері мен 538 тыл еңбеккері ұрпақ тәрбиесіне өз үлесін қосып, қаланың қоғамдық өміріне белсене араласуда.
Ардагерлер кеңесі үшін ел тарихында өшпес із қалдырған аға буын өкілдерін ардақтау – басты бағыттардың бірі. Осы орайда майдангер Геннадий Ивановтың 100 жасқа толған мерейтойы қалалық кеңестің ұйытқы болуымен жоғары деңгейде аталып өтті. Ғасыр жасаған майдангердің өмір жолы мен ел басына күн туған кезеңдегі ерлігі кейінгі ұрпаққа тағылым боларлық өнеге ретінде дәріптелді.
Аға буынның рухани өмірін байытып, тарихи-мәдени мұраны ұлықтауға бағытталған шаралар да кең көлемде ұйымдастырылуда. Мәселен, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл толуына орай Абай атындағы қалалық кітапхана ұжымы мен қалалық ардагерлер кеңесінің бірлесуімен «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» атты поэзия кеші өткізілді. Зор шабытпен өткен тағылымды кешке ардагерлермен қатар, оқырмандар мен колледж тәлімгерлері қатысып, ұлы ақынның шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттады.
2016 жылдан бері аталып өтіп келе жатқан Алғыс айту күні де қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді, еліміздің бірлігі мен тыныштығын айшықтайтын жалпыұлттық мереке ретінде ардагерлердің қатысуымен мазмұнды іс-шараларға ұласуда. Осы айтулы күнді Қазіргі заман гуманитарлық-техникалық колледжінің педагогикалық ұжымы қалалық ардагерлер кеңесінің қолдауымен ерекше атап өтті. Оқу орнының директоры Фарида Нақыш бастаған ұжым Ардагерлер орталығына арнайы барып, көпбалалы аналар мен тұрмыстық жағдайы төмен отбасыларға сый-сияпат жасады. Сонымен қатар тыл ардагерлерінің үйлеріне де аялдап, оларға да кең пейілдерін танытып, ізгі ниеттерін білдірді.
Қазақ «Отан – отбасынан басталады» деп бекер айтпаған. Отбасы – ұлттық тәрбиенің алтын бесігі, адам бойындағы ізгі қасиеттердің қалыптасатын ортасы. Осы бағытта Жамбыл индуст- риалды-технологиялық колледжінің ұжымы қалалық ардагерлер кеңесімен бірлесіп, Наурыз- наманың «Шаңырақ күні» аясында «Шаттық орнаған шаңырақ» атты кездесу кешін ұйымдас- тырды. Басқосуға үлгілі отбасылар ретінде ардагерлер Сауранбек Жамалбеков пен Алдаберді Мақашев жұбайларымен бірге қатысып, жастарға отбасы атты қасиетті ұғымның мәнін, шаңырақтың беріктігін сақтаудың, үйдегі татулықты орнықтырудың негізгі тетіктерін кеңінен жеткізді.
Ардагерлердің денсаулығын нығайтып, белсенді өмір салтын қалыптастыруға бағытталған жұмыстар да назардан тыс қалған емес. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күніне арналған «Ұлы Жеңіс: Ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі» атты тараздық ардагерлер арасындағы қалалық спартакиада да ұйымшылдықпен өткізілді. Қарттарымыз спорттың 8 түрінен бақ сынасып, жеңімпаз атанғандар облыстық спартакиадаға жолдама алды. Ал облыстық спартакиадада Тараз қаласының командасы жоғары шеберлік танытып, жалпыкомандалық есепте бірінші орынды жеңіп алғанын мақтанышпен айта кеткеніміз жөн.
«Белсенді ұзақ өмір сүру» бағдарламасы аясында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатымен ардагерлер арасында зияткерлік сөзжұмбақ шешу сайысын жыл сайын өткізу де дәстүрге айналған. Мұндай шаралар үлкендердің бос уақытын мазмұнды өткізуімен қатар, ойлау қабілетін шыңдап, өзара қарым-қатынасын нығайтуға мүмкіндік береді.
Қазақта «Жауынменен жер көгерер, батаменен ел көгерер» деген тағылымды сөз бар. Батаның тәрбиелік мәнін ұлықтау мақсатымен Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен және қала әкімдігі ішкі саясат бөлімінің қолдауымен «Бабалар аманаты – ұрпаққа үлгі» атты батагөй қариялар арасындағы байқау өткізілді. Байқауға қатысқан 6 үміткердің өнері сараланып, бірінші орын ардагер Ерболат Қуандықовқа берілді. Ол облыстық батагөйлер байқауына жолдама алды.
Қала тіршілігінің қарбаласынан тыс көрінгенімен, қоғамдық маңызы зор мәселелердің бірі – шаһардың жасыл желегін сақтау және абаттандыру. Тараз көшелеріндегі қураған, емдеуге келмейтін, құлаудың алдында тұрған ағаштар ғимараттарға, инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымға және тұрғындардың өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Осыған байланысты қала әкімі Бақытжан Орынбековтің басшылығымен Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақта «Төле би даңғылын абаттандыру» жобасы аясында емдеуге келмейтін ағаштарды кесу мәселесіне қатысты қоғамдық тыңдау өткен болатын. Қоғамдық талқылауға қала тұрғындарымен бірге ардагерлер де қатысып, жаңа көшеттерді күтіп-баптау, көлеңкелі аймақтарды сақтау және абаттандыру жұмыстарының сапасына қатысты өз пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды. Шаһар басшысы көтерілген мәселелерге нақты жауап беріп, айтылған ұсыныстарды назарға алатынын жеткізді.
Аға буынға әлеуметтік, медициналық және рухани тұрғыдан қолдау көрсетуде «Белсенді ұзақ өмір» орталығының да орны ерекше. Бүгінде бұл орталыққа 2 мыңға жуық зейнеткер қабылданып, түрлі бағыттағы қызметтерді пайдаланып келеді. 200 орынға арналған нысанда әлеуметтік сауықтыру, медициналық, психологиялық, педагогикалық, мәдени, еңбек және тұрмыстық бағыттарды қамтитын 7 негізгі бағыт бойынша жұмыс жүргізіледі. Сонымен қатар аға буын өкілдеріне арналған 26 түрлі қызмет көрсетіледі. Мұнда зейнеткерлердің бос уақытын тиімді ұйымдастырумен қатар, олардың қоғам өміріне белсенді араласуына қажетті жағдай жасалған.
Қалалық ардагерлер ұйымының жанынан құрылған Әжелер кеңесі, Аналар алқасы және Билер кеңесі де бүгінде шаһардың қоғамдық өмірінен өзіндік орын алып, түрлі бағытта нәтижелі жұмыс жүргізіп келеді. Мектептерде, колледждерде, кітапханаларда ұйымдастырылған кездесулер барысында әкенің отбасындағы орны, ананың бала тәрбиесіндегі рөлі, жастар арасындағы құқықбұзушылықтың, нашақорлықтың, зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері кеңінен талқыланып тұрады. Осы мақсатпен «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында «Баланың бас ұстазы – ата-ана» тақырыбында ата-аналар жиналысы өткізілді.
Аналар алқасының жұмысы да жүйелі жолға қойылған. Қалыптасқан дәстүр бойынша «Әжесі бар үйдің әлемі бөлек» атты әжелер сайысы үлкен белсенділікпен өткізілсе, «Есті ене мен көргенді келін», «Құтты келін – шаңырақ ырысы», «Қыздарға әсемдік жарасады» атты байқаулар да ұйымшылдықпен ұйымдастырылып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстарда құрамы 11 ардагерден тұратын Аналар алқасына жетекшілік ететін педагогика ғылымдарының докторы, профессор Жанат Сарыбекованың еңбегі айрықша.
Билер кеңесі де қоғамдағы дау-дамайларды келісім жолымен шешуге белсенді үлес қосуда. Құрамында 27 белсенді ардагері бар кеңеске Сатыбалды Досымбеков төрағалық етеді. Кеңес азаматтық істер бойынша көптеген дауды сотқа жеткізбей, өзара түсіністік пен келісім негізінде шешуге ықпал етті. Ал білім беру саласы бойынша комиссияға Баймұрат Жақсыбеков төрағалық етіп, осы бағыттағы жұмыстардың жүйелі жүзеге асуына зор септігін тигізіп жүр.
Ардагерлер қауымы рухани-мәдени өмірден де бір сәт тыс қалған емес. Бүгінде кілең ардагерлерден жасақталған «Әулиеата», «Калинка», «Маричка», ардагер ұстаздардан құралған «Асыл жандар» және «Белсенді ұзақ өмір» орталығының «Ғұмыр-Дария» ансамбльдері халыққа мәдени қызмет көрсетіп келеді. Олар ұлттық өнерді дәріптеп, әрбір мерекелік шарада концерттік бағдарламаларын ұсынып, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлауда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығына сәйкес, елімізде кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру, халықтың рухани дамуына ықпал ету, білімді әрі ой-өрісі кең ұрпақ тәрбиелеу бағытында бірқатар игі бастама жүзеге асырылуда. Осы бағытта облыста «Кітап оқитын ұлт» жобасы бастау алды. Ел Президентінің осы Жарлығын іске асыру аясында Тараз қалалық ардагерлер кеңесі Абай атындағы қалалық кітапхана қызметкерлерімен бірлесіп, аға буын мен жастар арасында «Даналық мекені – кітап әлемі» атты танымдық әдеби кеш өткізді. Бұл шара аға буын мен кейінгі буын арасындағы рухани байланысты нығайтып, кітаптың адам өміріндегі маңызын насихаттауға бағытталды.
Ал «Әділетті Қазақстан» және «Адал азамат» реформаларын жүзеге асыру бағытында «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесінің төрағасы Әбілғазы Құсайыновтың бастамасымен қолға алынған «Ұрпақтар сабақтастығы және ұлттық құндылықтар» жобасының 7 бағытты қамтитын бағдарламасы бойынша қалалық ардагерлер ұйы- мында атқарылуға тиіс міндеттер нақтыланды. Осы орайда ардагерлердің өмірлік тәжірибесі мен даналығын жастар тәрбиесіне бағыттап, ұрпақтар сабақтастығын нығайту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, жастарды адал еңбекке, білімге, отансүйгіштікке және қоғамдық жауапкершілікке тәрбиелеу мақсатымен тәлімгерлік жүйесі енгізілді. Белгіленген 50 белсенді ардагер-тәлімгердің әрқайсысына оқу орындарының 20 оқушы-білімгері бекітілді.
Қалалық ардагерлер кеңесі бұқаралық ақпарат құралдарымен де тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Атап айтсақ, кеңес мүшелерінің мақалалары республикалық «Егемен Қазақстан», «Ардагер айнасы», облыстық «Ақ жол», «Ғұмыр-Дария», «Ар-ай», «Жамбыл-Тараз» газеттерінде және «Қарахан» журналында тұрақты түрде жарияланып тұрады. Сонымен қатар фотоальбомдар мен ақпараттық бюллетеньдер де шығарылып келеді. Мұның бәрі – аға буынның ел өміріндегі белсенділігін көрсетіп қана қоймай, олардың жүріп өткен жолын, өнегелі істерін кейінгі ұрпаққа жеткізудің маңызды тетігі.
Қарттарды қадірлеу өткенді құрметтеу ғана емес, келешекке жол сілтер құндылықтарды ардақтау екені белгілі. Өйткені бүгінгі бейбіт өмірдің, елдің өсіп-өркендеуінің негізінде талай буынның маңдай тері мен қажырлы еңбегі жатыр. Ал сол еңбектің жарқын куәсі болған аға буын өкілдері қоғамнан шет қалмай, елдік мәселелерге үн қосып, жастарға бағыт-бағдар беріп келеді. Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің атқарып отырған сан салалы жұмысы да осы сабақтастықты жалғап, үлкенді сыйлау, ұрпақты тәрбиелеу, ұлттық құндылықтарды дәріптеу секілді ізгі мұраттардың өміршең болуына қызмет етуде.