Отбасы – адам өміріндегі ең қастерлі құндылық, қоғамның берік тірегі, мемлекеттің мыз- ғымас негізі. Ұлттың ұлағаты мен тәрбиесі, адамгершілік пен ізгілік қасиеттері ең әуелі жанұядан бастау алады. Сондықтан отбасы институтын нығайту, ата-ана мен бала арасындағы өзара түсіністікті арттыру, қиын жағдайға тап болған жанұяларға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі.
Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев отбасыларды қолдап, олардың әлеуметтік мәселелер шешуге айрықша ден қойып келеді. Бұл бағытта Тараз қаласында қолға алынған ілкімді істер жетерлік. Отбасы күні қарсаңында Тараз қаласы әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің Отбасын қолдау орталығы тарапынан атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға кеңінен тоқталғанды жөн көрдік.
Аталмыш орталық 2024 жылғы 8 қарашадағы №2927 Қаулы негізінде құрылып, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап өз жұмысын бастады. Ал 2025 жылдың 1 сәуірінен бастап FSM бойынша база енгізілді. FSM дегеніміз – өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтар мен отбасыларды ерте анықтап, оларға дер кезінде көмек беруге арналған ведомствоаралық цифрлық жүйе.
Орталық өз қызметін Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің «Отбасын қолдау орталықтарының қызметін жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» 2024 жылғы 14 маусымдағы №256-НҚ бұйрығына сәйкес жүзеге асырады.
Біздің негізгі мақсатымыз – мемлекеттік отбасы саясатының шараларын іске асыруға ықпал ету, оның ішінде некені және отбасын сақтау, өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдар мен отбасыларға әлеуметтік, заңдық және психологиялық қолдау көрсетуге жәрдемдесу. Бұл – бір ғана әлеуметтік көмек көрсетумен шектелетін жұмыс емес. Орталыққа жүгінген немесе түрлі мемлекеттік мекемелер арқылы анықталған азаматтардың мәселесі кешенді түрде қаралады. Әр отбасының әлеу- меттік жағдайы, тұрмыстық мәселелері, психологиялық ахуалы мен құқықтық қажеттіліктері сараланып, тиісті көмек түрлері ұсынылады.
Қазіргі таңда орталыққа Тараз қаласының «Қаратау» (2) шағынауданындағы №39 «Г» мекенжайында орналасқан 1978 жылы салынған ғимарат күрделі жөндеуден өткізіліп, пайдалануға берілді. Ғимарат бір қабатты, аумағы – 617,6, жалпы көлемі – 497 шаршы метр. Бұл ғимарат бүгінде қиын жағдайға тап болған отбасыларға қолдау көрсетілетін, түрлі сала мамандарының басын біріктіретін маңызды әлеуметтік кеңістікке айналып келеді.
Отбасын қолдау орталықтары қыз- метіндегі маңызды бағыттардың бірі – мобильді топтардың жұмысы. Мобильді топтар өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды ерте анықтап, олардың мәселесіне дер кезінде араласуға мүмкіндік береді. Мұндай отбасылар тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырауы, әлеу- меттік қиындықтарға тап болуы немесе түрлі құқықтық мәселелерді бастан өткеруі мүмкін. Сондықтан осы топ мүшелері қажетті ақпарат түскен жағдайда азаматтардың мекенжайына тікелей барып, жағдайды зерделейді және жедел көмек көрсету жұмыстарын ұйымдастырады.
FSM жүйесіне Тараз қаласы Әулиеата мен Жібек Жолы аудандары әкімдерінің және қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының бұйрығымен 961 қызметкер бекітілген. Нәтижесінде аталған жүйе бойынша жалпы саны 1 448 адамға мобильді қосымшаны толық орнату, сигнал жолдау, жеке парақшасын толтыру және қажетті құжаттарды жүктеу жұмыстары жүргізілді.
Орталық қызметінің тиімділігі ведомствоаралық байланыстың қаншалықты жолға қойылғанына да тікелей байланысты. Себебі өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасының мәселесі бір ғана әлеуметтік салаға қатысты емес. Осыған орай орталық бүгінде 70 мектеп, 19 мемлекеттік және жекеменшік емхана, 2 полиция бөлімшесі және 3 пробация бөлімімен өзара байланыс орнатқан. Осы мекемелерде 200-ге жуық оқыту сағаттары жүргізілді. Сонымен қатар 100 мекемемен меморандум жасалды. Олардың қатарында «Мансап орталығы», түрлі облыстық және қалалық орталықтар, үкіметтік емес ұйымдар және басқа да әлеуметтік серіктестер бар. Бұл жұмыстардың негізгі мақсаты – қиын жағдайға қалған отбасыларды мүмкіндігінше ерте анықтап, ақпаратты тиісті мекемелерге дер кезінде жеткізу және көмек көрсету тетіктерін жедел іске қосу. Айта кетейік, орталық тек FSM базасына түскен сигналдармен ғана жұмыс істеп қоймай, күнделікті Тараз қаласының тұрғындарын жеке қабылдап, олардың өтініштері мен мәселелеріне назар аударады.
2025 жылдың 12 айында Тараз қаласында өмірлік қиын жағдайға тап болған 2 363 отбасы анықталды. Оның ішінде, FSM Social жүйе- сі арқылы – 944, атаулы әлеуметтік көмек бойынша – 214, сот органдарының ұйғарымымен – 171, e-Otinish порталы арқылы – 6, «111» call-орталығынан 8 хабарлама келіп түсті. Сондай-ақ қаңтар-мамыр айлары аралығында Е және Д санаттары бойынша – 706, қабылданған басқа арналар арқылы 314 жанұя анықталған. Олардың 747-сі мобильді топ құрамымен бірлесе отырып белгілі болса, 197 отбасы орталыққа өздері тікелей жүгінген. Әрбір жанұяның мәселесі жеке қаралып, қажеттілігіне қарай көмек түрлері ұсынылды. Соның арқасында 234 отбасыға – психологиялық, 77 отбасыға – заңгерлік, 676 жанұяға әлеуметтік көмек көрсетілді. Сонымен қатар 112 отбасының жағдайы арнайы зерделенді. Әлбетте, бұл көрсеткіштердің әрқайсысының артында нақты тағдыр, өзекті мәселе, көмекке мұқтаж қаншама адам тұрғанын естен шығармағанымыз абзал.
Биылғы жылдың 8 айының өзінде FSM жүйесіне 912 адам тіркелді. Олардың 732-сі мобильді топтардың жұмысы барысында анықталып, жеке жұмыс жоспары ашылды. Ал 173 адам орталықтың жеке қабылдауында болып, кейін базаға енгізілді. Жалпы, түскен сигналдардың 858-і орындалды. Оның ішінде 145 отбасының жағдайы жан-жақты зерделенсе, 54 жанұя сүйемелдеуге алынды. Сондай-ақ 910 адамға қатысты бір немесе бірнеше көмек түрлері көрсетіліп, бақылауға қойылды. Атап айтқанда, 171 адам – психологиялық, 149 адам – заңгерлік, ал 1 098 адам әлеуметтік көмекке жүгінді.
Осы деректердің өзі орталық қызметінің тек кеңес берумен ғана шектелмейтінін аңғартады. Мұнда әрбір тұрғынның нақты мәселесін шешуге бағытталған жан-жақты жұмыстар жүргізіледі. Айталық, биыл «111» call-орталығынан біздің орталыққа 42 хабарлама келіп түсті. Барлық хабарлама бойынша анықтау және көмек көрсету жұмыстары жүзеге асырылды. Бұл бағыттағы жұмыс ерекше жауапкершілікті талап етеді. Себебі «111» нөмірі арқылы түскен әрбір хабарламада бала құқығына, отбасылық жағдайға, зорлық-зомбылыққа немесе басқа да әлеуметтік мәселелерге қатысты жағдайлар болуы мүмкін. Сондықтан орталық мамандары әрбір сигналды назардан тыс қалдырмай, азаматтармен дереу байланыс орнатып, жағдайды анықтап, қажетті көмек түрлерін ұйымдастырады.
Отбасын қолдау орталығы қызметіндегі негізгі бағыттардың бірі – некені сақтау, ерлі-зайыптылар арасындағы түсіністікті нығайту және ажырасудың алдын алу. Бұл бағытта 41 отбасы сот ұйғарымдарымен орталыққа келді. Барлығы 81 тұлғаға психологиялық және заңгерлік кеңес берілді. Кейде отбасындағы мәселе бір сәттік түсініспеушіліктен, шешілмей қалған реніштен немесе әлеуметтік қиындықтан туындауы ықтимал. Осындай жағдайда кәсіби психолог пен заңгердің көмегі ерлі-зайыптыларға дұрыс шешім қабылдауға, бір-бірін түсінуге және жағдайға басқа қырынан қарауға мүмкіндік береді. Әрине, барлық жанұяның жағдайын бірдей шешу мүмкін емес. Дегенмен, мамандарымыз, ең әуелі, азаматтардың құқықтарын қорғауға, отбасындағы тұрақтылықты сақтауға және балалардың мүддесін бірінші кезекке қоюға күш салады.
Орталық Тараз қалалық Полиция басқармасына қарасты отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесінің инспекторларымен де тығыз байланыста жұмыс атқарады. Мұнда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдермен жүргізілетін жұмыстың өзіндік алгоритмі қалыптасқан. Әуелі полиция қызметкерлері тарапынан тиісті процедуралар іске асырылады. Одан кейін орталыққа сигнал түседі. Осыдан соң олардың әлеуметтік және психологиялық жағдайы толық зерделеніп, сүйемелдеуге алынады. Мәселен, есепті мерзімде орталыққа түскен 22 кейстің 7-еуі құжат рәсімдеуге қатыс- ты болған. Мұндай кезде орталық заңгерлері азаматтарға сотқа дейінгі арыз-шағымдарды әзірлеуге және сот кабинетіне жолданатын қажетті құжаттарды рәсімдеуге көмек көрсетеді.
Ерекше атап өтерлігі, FSM платформасына келіп түскен 912 сигналдың әрқайсысы орталық мамандарының жіті назарында болды. Оның ішінде орталықтың жеке қабылдауы бойынша – 173, жергілікті атқарушы органдардан – 4, әлеуметтік қорғау саласынан – 105, білім беру саласынан – 90, денсаулық сақтау саласынан – 46, ішкі істер органдарынан – 325 және пробация қызметінен 169 сигнал жолданған. Осылайша, тіркелген 912 сигналдың 858-і орындалған. Бұл жерде жүзеге асқан кейстерге күмән келтіруге болмайды. Себебі мекеме қызметкерлері 858 адаммен хабарласып, олардың жағдайын анықтап, қажеттілігіне қарай тұрғылықты мекенжайларына барып, тиісті қызмет көрсетті. Атқарылған жұмыстардың барлығы базаға енгізіліп, жүйеде сақталады.
Бүгінде Тараз қалалық Отбасын қолдау орталығы әлеуметтік саладағы маңызды буындардың біріне айналып келеді. Мәселен, бір отбасыға психолог қажет болса, енді біріне заңгердің кеңесі керек. Кейбір жанұя әлеуметтік көмекке мұқтаж болса, енді бірі жұмысқа орналасуға немесе медициналық қызмет алуға жәрдем сұрайды. Осындай сәттерде орталық барлық мәселені өз күшімен шешуге тырыспайды. Керісінше, мемлекеттік органдарды, құқық қорғау құрылымдарын, білім және денсаулық сақтау мекемелерін, үкіметтік емес ұйымдарды және басқа да серіктестерді ортақ мақсатқа жұмылдырады. Өйткені жарасымды жанұя – берекелі қоғамның кепілі. Ал олардың жайлы тұрмысы мен тұрақтылығын қамтамасыз ету – баршамызға ортақ міндет.
Бақыт ЖАҚСЫЛЫҚОВА, Тараз қаласы әкімдігі жұмыспен қамту және
әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Отбасын қолдау орталығы» КММ директоры