Қоғамның әлеуметтік тұрақтылығы мен халықтың тұрмыс сапасын арттырудың маңызды тетіктерінің бірі – азаматтарды тұрақты жұмыспен қамту. Бұл ретте Тараз қаласында халықты жұмыспен қамту, жұмыссыз азаматтарға қолдау көрсету, жаңа жұмыс орындарын ашу және кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Биыл Тараз қаласында «Еңбек нарығын дамыту жөніндегі тұжырымдама» аясында өңірлік жұмыспен қамту картасы бойынша 11 994 адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Оның ішінде 7 269 адамды тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз ету көзделіп отыр. Жыл басынан бері атқарылған жұмыстардың нәтижесінде «Еңбек нарығы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы 3 697 азамат тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды. Бұл жоспардың 50,9 пайызын құрайды. Яғни, жылдық жоспардың жартысынан астамы орындалып, мыңдаған қала тұрғыны тұрақты еңбекке тартылды.
Жұмыспен қамту мәселесінде, ең алдымен, жұмыс іздеп жүрген азаматтарды анықтап, оларға тиісті қолдау көрсету маңызды. Бүгінде Мансап орталығының филиалына жүгінген азаматтардың арасынан «Еңбек нарығы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде 6 470 адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Тіркелген жұмыссыздардың ішінде 1 899 адам жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тартылған. Ал 2 524 азамат жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алушылар қатарында.
Қазіргі еңбек нарығының талабы – тек жұмыс орнын ұсыну емес, жұмыс берушілерге қажетті маманды даярлау. Осыған байланысты Тараз қаласында қысқамерзімдік кәсіптік оқытуға ерекше көңіл бөлінуде. Жыл басынан бері жұмыс берушілердің сұранысы бойынша жұмыссыз азаматтардың қысқамерзімдік оқыту ұйымдарында білім алуына 250 орын жоспарланған. Бүгінде жоспар толық орындалып, 250 азамат оқуға жолданды. Осылайша аталған бағыт бойынша көрсеткіш 100 пайызға жетті.
Жұмыссыз азаматтарды жұмыс берушінің тікелей өзінде, яғни жұмыс орнында оқыту да еңбек нарығының нақты сұранысына жауап береді. Биыл осы бағыт бойынша 65 адамды оқыту жоспарланған. Қазіргі таңда 64 азамат жұмыс орнында оқуға жолданып, жоспар 98,5 пайызға орындалды.
Бүгінде кәсіпкерлікке қызығушылық танытатын азаматтардың қатары артып келеді. Өз кәсібін ашып, табыс көзін қалыптас- тыруға ниетті жандарға мемлекет тарапынан түрлі қолдау көрсетілуде. Солардың бірі – «Бастау бизнес» жобасы. Осы жылы аталған жоба бойынша 992 адамды оқыту жоспарланған. Жыл басынан бері 587 азамат оқуға жолданып, оның 379-ы оқуын аяқтаған. Сонымен бірге Тараз қаласында 220 адамға қайтарымсыз мемлекеттік грант беру жоспарланған. Грант көлемі 400 айлық есептік көрсеткішті, яғни 1 миллион 730 мың теңгені құрайды. Бүгінде мемлекеттік қайтарымсыз гранттар беру бойынша жоспарланған 220 азаматтың 110-ы тиісті бағытқа жолданған. Бұл – жоспардың 50 пайызы орындалды деген сөз.
Мемлекеттік грант – кәсіп бастауға ниетті азамат үшін үлкен мүмкіндік. Әсіресе, өз идеясын нақты іске айналдыруға талпынған тұрғындар үшін мұндай қолдау алғашқы қадамды жасауға жол ашады. Грантқа өтінім қабылдаудың бірінші легі 2026 жылғы 24 шілдеден басталды. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, кәсіпкерлік бастамасы бар азаматтарды қолдау шаралары күшейе түспек.
Қазіргі кезеңде цифрлық технологиялар еңбек нарығының ажырамас бөлігіне айналды. Бүгінде Тараз қаласында Enbek.kz платформасында сұранысқа ие дағдылар бойынша онлайн оқыту ұйымдастырылуда. Бұл бағыт бойынша 759 адамды онлайн оқытуға жолдау жоспарланған. Қазіргі таңда 448 азамат оқуға жолданып, олардың 297-сі тиісті сертификаттарын алған. Жоспардың орындалуы 59 пайызды құрап отыр.
Жұмыспен қамту шараларының тағы бір маңызды бағыты – субсидияланатын жұмыс орындарын құру. Бұл механизм жұмыс берушілерге жаңа қызметкерлерді қабылдауға мүмкіндік берсе, жұмыссыз азаматтарға еңбек тәжірибесін жинақтап, тұрақты жұмысқа орналасуға жол ашады. 2026 жылы субсидияланатын жұмыс орындары бойынша 1 895 адамды жұмыспен қамту жоспары бекітілген. Бүгінгі күнге дейін 1 111 азамат уақытша жұмыс орындарына жолданды.
Жастарды жұмыспен қамту мәселесі де ерекше назарда. Себебі еңбек жолын енді бастаған түлектердің алғашқы жұмыс тәжірибесін жинақтауы – олардың болашақ кәсіби қалыптасуына тікелей ықпал етеді. Осы мақсатта «Жастар практикасы» жобасы жүзеге асырылуда. Биыл 690 жасты аталған жобаға тарту жоспарланған. Мансап орталығының жолдамасымен 111 жас маман жұмысқа орналастырылды.
Сонымен бірге зейнеткерлік жас алдындағы азаматтарды жұмысқа орналастыруға бағытталған «Күміс жас» жобасы да өз жемісін беруде. Айталық, биыл осы жоба аясында 175 адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Бүгінде 132 азамат жұмысқа жолданды. Бұл жоспардың 75,4 пайызы орындалғанын көрсетеді. Ал Мансап орталығының жолдамасымен 136 адам жұмысқа жіберілген.
Биылға әлеуметтік жұмыс орындарына 30 жұмыссыз азаматты жолдау жоспарланған. Қазіргі таңда олардың 16-сы жұмысқа жолданды. Жоспардың орындалуы 53,3 пайыз- ды құрап отыр. Ал ақылы қоғамдық жұмыстар бойынша жоспар артығымен орындалуда. Биыл 1 000 жұмыссыз азаматты ақылы қоғамдық жұмыстарға тарту жоспарланған болса, бүгінде 1 089 азамат қоғамдық жұмыс орындарына жолданды. Бұл – жоспардың 108,9 пайызы орындалды деген сөз. Мансап орталығының жолдамасымен 1 096 азамат жіберілген. Міндетті зейнетақы жарналары аударылған жағдайда бұл көрсеткіштер тиісті есепте көрініс табады.
Жұмыспен қамту бағытындағы маңызды міндеттердің бірі – ұлттық жобалар мен тұжырымдамалар аясында жаңа жұмыс орындарын құру. Осы бағытта Тараз қаласында 15 жоба бойынша 313 жұмыс орнын құру жоспары бекітілген. Оның 290-ы – тұрақты, 23-і уақытша жұмыс орны болмақ. Бүгінде тұрақты жұмыс орындарына 206 жұмыссыз азамат орналастырылды. Бұл жоспардың 65,8 пайызы орындалғанын көрсетеді. Оның ішінде 172 адам тұрақты, 4 адам уақытша жұмысқа орналасқан. Сондай-ақ «Еңбек нарығы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде міндетті зейнетақы жарналары аударылған 174 азамат есепке алынған. Бұл бағыт бойынша көрсеткіштің орындалуы 55,6 пайызды құрап отыр. Жұмыспен қамту саясаты халықтың барлық әлеуметтік санатын қамтуға бағытталған. Осы ретте ерекше қолдауды қажет ететін азаматтарды еңбекке тарту бағытында да нақты жұмыстар жүргізілуде.
Сонымен қатар облыс әкімдігінің 2026 жылғы 17 ақпандағы №33 қаулысына сәйкес, пробация қызметінің есебінде тұрған және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтарды жұмысқа орналастыру үшін 23 мекемеге жұмыс берушілердің келісімімен 27 бос жұмыс орнына квота белгіленген. Бүгінде пробация қызметінің есебінде тұрған 19 азамат квота шеңберінде тұрақты жұмысқа орналастырылды.
Мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту да – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Осы мақсатпен №33 қаулыға сәйкес, 17 мекеме тарапынан 28 бос жұмыс орны ұсынылған. Бүгінде 16 азамат квота шеңберінде тұрақты жұмысқа орналастырылды. Сонымен қатар мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын құратын жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау бағдарламасы жүзеге асырылуда. Аталған бағдарлама аясында 11 азамат жұмысқа жолданды.
Жалпы, Тараз қаласындағы жұмыспен қамту бағытындағы көрсеткіштер еңбек нарығында бірқатар оң үрдістің қалыптасып келе жатқанын аңғартады. Тұрақты жұмыс орындарына 3 697 адамның орналасуы, қысқа мерзімді оқыту жоспарының толық орындалуы, ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылған азаматтар санының жоспардан асып түсуі атқарылып жатқан жұмыстың нәтижесін көрсетеді.
Дегенмен, еңбек нарығындағы міндеттер мұнымен шектелмейді. Алда тұрақты жұмыс орындарын көбейту, жұмыссыз азаматтарды кәсіби оқыту, жастарды еңбекке тарту, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау, жұмыс берушілердің нақты сұранысына сәйкес мамандар даярлау сияқты маңызды міндеттер тұр. Әсіресе, еңбек нарығының өзгеруіне байланысты жаңа мамандықтар мен жаңа дағдыларды меңгерудің маңызы артып отыр. Цифрландыру, технологиялық жаңғыру, кәсіпкерліктің дамуы азаматтардан үнемі ізденісті талап етеді. Осы тұрғыдан алғанда Enbek.kz платформасы арқылы онлайн оқыту мен «Бастау бизнес» жобасы азаматтарға жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Бір азамат үшін бұл алғашқы жұмыс орны болса, екіншісі үшін жаңа мамандық игеру, үшіншісі үшін өз кәсібін ашуға берілген мүмкіндік. Ал жұмыс беруші үшін қажетті маманды табу мен өндірісін дамытуға жол.
Жыл соңына дейін жоспарланған көрсеткіштерді орындау бағытындағы жұмыстар жалғаса береді. Тараз қаласында жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстардың жүйелі жүргізілуі еңбек нарығын тұрақтандыруға, жұмыссыздықты азайтуға және тұрғындардың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға ықпал ететіні сөзсіз.
Сабит МУСРЕПОВ,
«Еңбек мобильділік орталығы» КММ
Тараз қаласы бойынша мансап орталығы
филиалының директоры