«Ардагерлерді ардақтайық»: Жамбылдық «Рухтастар» жалғызілікті әжейге қолдау көрсетті
Жамбыл облысында «Әділет» партиясының жастар қанаты «Жастар Рухы» өкілдері «Ардагерлерді ардақтайық» акциясы аясында жалғызілікті қарияға қолдау көрсетті.
«Рухтастар» Аса мөлтек ауданындағы көпқабатты үйлердің бірінде тұратын 83 жастағы Вареецова Мария Ивановнаның үйіне арнайы барып, күнделікті тұрмыстық шаруаларына көмектесті. Екі бөлмелі пәтерде жалғыз тұратын әжейге жастар үй ішін ретке келтіріп, тазалық жұмыстарын жүргізіп, өзіне қиындық тудыратын бірқатар шаруаларды атқаруға қолғабыс етті.
Бұл Мария әжейге жастардың алғаш рет келуі емес. «Рухтастар» қариямен тұрақты байланыс орнатып, мүмкіндігінше жиі хабарласып, үйіне барып тұрады. Әр кездесуде әжейдің жағдайын сұрап, қандай көмек қажет екенін анықтайды. Осылайша жастардың қолдауы бір реттік акциямен шектелмей, тұрақты қамқорлыққа ұласып отыр.
Мария әжей үшін мұндай кездесулердің маңызы зор. Өйткені жалғыз тұратын егде жастағы адамдарға күнделікті тұрмыстық қолдаумен қатар, көңіл бөлу мен жылы қарым-қатынас та қажет.
«Жастардың мені ұмытпай, жиі келіп тұрғанына өте қуаныштымын. Әр келген сайын жағдайымды сұрап, үй шаруасына көмектеседі. Кейде осындай балалардың келіп, әңгімелесіп отырғанының өзі көңілге үлкен медеу. Маған көрсетіп жүрген көмектері үшін барлығына алғысымды білдіремін», – деді Мария Ивановна.
«Жастар Рухы» өкілдерінің айтуынша, аға буынға құрмет көрсету тек белгілі бір мерекелермен немесе акция күндерімен шектелмеуі керек. Әсіресе жалғыз тұратын қариялардың жағдайынан тұрақты түрде хабар алып, қажет кезінде қолдау көрсету – жастардың қоғам алдындағы жауапкершілігін көрсететін маңызды бағыттардың бірі.
«Ардагерлерді ардақтайық» акциясы аясында жастар қариялардың тұрмысына қолғабыс етіп қана қоймай, олардың күнделікті қажеттіліктеріне назар аударуға тырысады. Мұндай кездесулер жастар мен аға буын арасындағы байланысты нығайтып, үлкенді сыйлау, қамқорлық жасау және жауапкершілік құндылықтарын қалыптастыруға ықпал етеді.
Жамбылдық «Рухтастар» Мария Ивановнаға алдағы уақытта да жиі барып, жағдайынан хабар алып тұрады. Сонымен қатар «Ардагерлерді ардақтайық» акциясы облыстың өзге де елді мекендерінде жалғасып, қолдауды қажет ететін қарияларға көмек көрсету жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі.
«Әділет» партиясы Жамбыл облыстық филиалының баспасөз қызметі