Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Апеннин түбегінде атой салған Нұрислам

0 43

Спорттық дәстүрі қалыптасқан Жамбыл өңірі талай саңлақтың қанатын қатайтып, қазақ спортының көкжиегін кеңейткен қасиетті мекен. Бүгінде өңірден түлеп ұшқан жас спортшылар халықаралық додаларда ел намысын абыроймен қорғап, Қазақстанның көк туын көкке көтеріп жүр.

Солардың бірі – жақында Италия мемлекетінде өткен Әлем чемпионатында топ жарып, чемпион атанған М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті колледжінің студенті Нұрислам Бекболат.
Кеше әлемдік додада ел абыройын асқақтатып, Әнұранымызды Апеннин түбегінің аспанында әуелеткен Нұрислам Үсенұлын Dulaty колледжінің ұжымы мен білім алушылары салтанатты түрде күтіп алды. Салтанатты шарада сөз алған білім ордасының директоры Манап Жарылқапов жас спортшыны тарихи жетістігімен құттықтап, ел мерейін үстем еткен жеңісінің мәні зор екенін атап өтті.
– Студентіміз Нұрисламның жетістігі – өзіне ғана емес, білім алып жатқан колледжіне, бапкеріне және туған жеріне ортақ қуаныш. Жамбыл жерінің спорттағы даңқты дәстүрін жалғастырып келе жатқан жас спортшының халықаралық жарыстарда ел намысын қорғауы – кейінгі буынға үлгі. Әрбір жеңістің артында маңдай тер, тынымсыз жаттығу, табандылық пен тәртіп тұрады.
Бүгінде Нұрислам білім мен спортты қатар алып, алдына биік мақсат қойып келеді. Біз осындай дарынды шәкіртімізбен мақтанамыз. Осы орайда Нұрисламның спорттағы қалыптасуына ерекше еңбек сіңірген бапкері Сүлейменасыл Есбергеновтің еңбегін ерекше атап өткеніміз жөн. Алдағы уақытта да Нұрислам Қазақстанның көк туын биікке көтеріп, ел абыройын асқақтата беретініне сенім мол, – деді Манап Мейрамбайұлы.

Сегіз жасынан бастап кикбокспен айналысып келе жатқан талапты жас осы уақыт аралығында талай республикалық және халықаралық жарыстарда шеберлігін шыңдап, жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Айталық, 2024 жылы 45 келі салмақта Қазақстан Республикасының чемпионы ата- нып, Венгрияда өткен Әлем чемпионатында қола жүлдеге ие болды. Ал өткен жылы Ташкент қаласында өткен Әлем кубогында 54 келі салмақта чемпион атанып, өзінің спорттық шеберлігін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Ал бұл жыл Нұрисламның спорттық жолындағы айрықша белестердің бірі болды. Ол Қазақстан Республикасының екі дүркін чемпионы атанып, «Спорт шебері» атағын иеленді. Мұнымен шектелмей, Италия мемлекеті Лидо-ди-Езоло қаласында өткен Әлем чемпионатында топ жарып, осы жеңісінің нәтижесінде «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағына қол жеткізді.
– Әлемдік додаға Әулиеатадан аттанып, Италия төрінде ел намысын қорғау мен үшін үлкен жауапкершілік болды. Бұл жарысқа әлемнің 79 мемлекетінен 5 700 спортшы қатысып, өз салмақ дәрежелерінде бақ сынады. Ал менің салмағымда 23 спортшы болды. Олардың әрқайсысы – өз елінің үмітін арқалап, жеңіс үшін келген мықты спортшылар. Әрине, ешкім жарысқа жеңілемін деп келмейді. Барлығының мақсаты – жеңіс тұғырына көтерілу, елінің туын көкке көтеру. Сондықтан әрбір жекпе-жекке үлкен дайындықпен, бар күш-жігерімді жұмсап шығуға тырыстым.
Осы орайда маған әрдайым қолдау білдіріп, сенім артқан жерлестеріме айрықша алғысымды білдіргім келеді. Сондай-ақ білім алып жатқан оқу орныма – М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің колледжіне алғысым шексіз. Dulaty колледжінің ұжымы мені тек студент ретінде емес, спортшы ретінде де қолдап келеді. Сонымен бірге менің спорттағы жетістігіме еңбегі сіңген адам – жаттықтырушым Сүлейменасыл ағайым. Спортшының артында күн сайынғы жаттығу, тәртіп, төзім мен бапкердің маңдай тері тұрады. Әлем чемпионы атану – мен үшін үлкен қуаныш әрі үлкен жауапкершілік. Алда әлі талай жарыс, талай белес бар. Сол жолда бар күшімді салып, туған жерімнің, оқу орнымның және елімнің абыройын асқақтатуға тырысамын, – дейді Нұрислам Үсенұлы.
Жас чемпионның бұл жеңісі – Әулиеатаның спорттағы абыройын асқақтатқан айтулы жетістіктің бірі. Нұрисламның бойындағы табандылық пен еңбекқорлық талай жасқа үлгі болары сөзсіз. Бүгінгі жеңіс – үлкен жолдың бастауы. Алда оны бұдан да биік белестер, халықаралық додалар мен жаңа жеңістер күтіп тұр.
Жас чемпионның алдағы жарыс- тарда да бағы жанып, талай биікті бағындырады, Қазақстанның көк туын көкке көтеріп, Әнұранымызды асқақтатады деп сенеміз.

Жұматай КӨКСУБАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.