Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Жастарды қолдау – жарқын болашағымыздың кепілі

0 70

Жастар – елдің ертеңі ғана емес, бүгінгі қоғамның қозғаушы күші. Мемлекеттің тұрақты дамуы, қоғамның жаңаруы мен ел болашағы өскелең ұрпақтың біліміне, белсенділігіне, азаматтық ұстанымына тікелей байланыс- ты. Сондықтан жастарға қолдау көрсету – бір ғана саланың міндеті емес, тұтас қоғамның болашағына салынған маңызды инвестиция.

Бүгінде жастардың сапалы білім алуына, еңбекке араласуына, кәсіпкерлікпен айналысуына, шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамытуына кең мүмкіндіктер жасалуда. Әсіресе, жастарды жұмыспен қамту, олардың жаңа бастамаларын қолдау, бос уақытын тиімді ұйымдастыру, құқықтық сауатын арттыру және салауатты өмір салтын насихаттау бағытындағы жұмыстардың маңызы зор.
Тараз қаласында да мемлекеттік жастар саясатын тиімді жүзеге асыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Тараз қалалық Жастар ресурстық орталығы жастардың бастамаларын қолдап, олардың қоғам өміріне белсенді араласуына мүмкіндік беретін түрлі жобалар мен іс-шараларды жүзеге асыруда.
Бүгінде Тараз қаласында 14-35 жас аралығындағы 145 765 жас бар. Бұл – қала халқының 29,9 пайызы. Орталық қызметінің негізгі бағыттарының бірі – жастарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және кәсіби бағдар беру. Осы мақсатпен бос жұмыс орындар жәрмеңкелері, кәсіпорындарға экскурсиялар, кеңес беру алаңдары ұйымдас- тырылып, жұмыссыз және NEET санатындағы жастармен жеке жұмыстар жүргізілуде. Мұндай шаралар жастарға еңбек нарығындағы мүмкіндіктермен танысып, өз қабілетіне сай мамандық пен жұмыс бағытын таңдауға көмектеседі. Нәтижесінде биыл жұмыс іздеп жүрген 1 688 жас «Enbek.kz» порталына тіркеліп, олардың 1 416-сы жұмысқа орналасты. Сонымен бірге «Жастар практикасы» бағдарламасына – 89 жас, ақылы қоғамдық жұмыстарға 336 жас тартылды.
Сонымен қатар жастардың жаңа идеялары мен бастамаларын қолдау да назардан тыс қалған емес. Бүгінгі жас буын – жаңашылдыққа бейім, заманауи технологияларды жылдам меңгеретін, тың идеяларды жүзеге асыруға ұмтылатын белсенді буын. Сондықтан олардың кәсіпкерлік, стартап, әлеуметтік және шығармашылық жобаларын дамытуға жағдай жасау – маңызды міндеттердің бірі.
Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатымен спорттық жарыстар, интеллектуалдық ойындар, шығармашылық байқаулар, пікірсайыстар, мәдени-көпшілік іс-шаралар мен жастар акциялары тұрақты түрде өткізіліп келеді. Мұндай бастамалар жастардың өзара қарым-қатынасын нығайтып қана қоймай, олардың көшбасшылық қабілетін, шығармашылық ойлауын және командалық жұмыс дағдыларын дамытуға ықпал етеді. Жалпы, жыл басынан бері осы бағыттағы жұмыстарды қоса алғанда, мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру, жастарды әлеуметтік қолдау және қоғамдық белсенділігін арттыру мақсатында 8 айда 761 іс-шара ұйымдастырылып, 42 382-ге жуық жас қамтылды.
Біздің жұмысымыздағы маңызды бағыттың бірі – жастардың бойында отансүйгіштік пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру. Туған жердің тарихын білу, ұлттық құндылықтарды құрметтеу, мемлекеттік рәміздерді қастерлеу, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау – саналы азаматтың басты қасиеттерінің бірі. Осы бағытта тарихи-танымдық, патриоттық, экологиялық және волонтерлық жобалар жүзеге асырылуда.
Жастарды еңбекке баулып, қаланың көркеюіне үлес қосуға мүмкіндік беретін «Жасыл ел» еңбек жасақтарының жұмысы да жалғасып келеді. Қазіргі таңда еңбек жасақтарының құрамында 326 жас жұмыс атқарып, қала аумағын абаттандыруға, саябақтар мен қоғамдық орындарды тазалауға атсалысуда. Бұл жоба жастарға еңбек тәжірибесін жинақтаумен қатар, туған қаласына деген жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Қазіргі ақпараттық қоғамда жастардың құқықтық және ақпараттық сауаттылығына да ерекше көңіл бөлу қажет. Интернет алаяқтық, есірткі қылмысы, деструктивті идеология, құқықбұзушылық және өзге де қауіптердің алдын алу мақсатымен жастар арасында ақпараттық-түсіндіру кездесулері мен профилактикалық жұмыстар тұрақты жүргізілуде. Бұл бағыттағы басты мақсат – жастарға қауіп туралы ескерту емес, олардың дұрыс шешім қабылдай алатын, ақпаратты саралай білетін және өз әрекетіне жауапкершілікпен қарайтын тұлға болып қалыптасуына ықпал ету.
Сондай-ақ еріктілер қозғалысын дамытуға ерекше мән беріліп келеді. Қоғамдық жұмыстарға белсенді араласатын жастар қайырымдылық, экологиялық акциялар мен әлеуметтік бастамалар арқылы туған қаласының дамуына өз үлестерін қосуда. Волонтерлық – жастардың бойындағы мейірімділік, жауапкершілік, еңбекқорлық пен азаматтық белсенділікті қалыптастыратын үлкен мектеп.
Бүгінде Жастар ресурстық орталығына қарасты «Biz Birgemiz» волонтерлық қозғалысы, «10ted.day» қозғалысы, «Ақ Сұңқар» ЖҚБ, «Қызыл ай» ҚБ, «Жамбыл жастары» ЖҚБ және «Жамбыл еріктілер» волонтерлық қозғалыстары белсенді жұмыс жүргізуде. Олар әлеуметтік және қайырымдылық көмектен бастап, экология- лық, медициналық, спорттық, мәдени, гуманитарлық және басқа да бағыттарда қоғамға өз үлес- терін қосып келеді. Биылдың өзінде жастар мен жасөспірімдер арасында волонтерлық бағытты дамыту мақсатымен 43 іс-шара ұйымдастырылып, оған 998 жас қатысты.
Еріктілердің еңбегін бағалау мен олардың бас- тамаларын қолдау да назардан тыс қалған жоқ. Осы жылы қала әкімі Б.Орынбековтің ерікті жастармен кездесуі өтіп, олардың атқарып жүрген жұмыстары мен ұсыныстары талқыланды. Кездесу барысында белсенділігімен ерекшеленген 10 еріктіге 50 мың теңгеден қаржылай сыйақы берілсе, тағы 3 еріктіге бір жылдық оқу ақысына грант табысталды. Бұл – волонтерлардың еңбегін бағалаумен қатар, олардың білім алуына және кәсіби дамуына жасалған нақты қолдау.
Еріктілердің қоғамдық бастамаларын қолдаудың тағы бір мысалы – «Заң мен тәртіп» жобасы. Жоба аясында қала аумағындағы граффити жазуларын өшіру бойынша волонтерлардың қатысуымен жұмыстар жүргізілуде. Бұл бастамаға белсенділік танытып жүрген 10 волонтерға жұмыстың қорытындысы бойынша 50 мың теңгеден қаржылай сыйақы беру жоспарланып отыр. Мұндай жұмыстар жастардың туған қаласына деген жанашырлығын арттырып, қоғамдық тәртіп пен тазалыққа жауапкершілігін қалыптас- тырады.
Жастармен жұмыс істеуде олардың пікірін тыңдау аса маңызды. Себебі жастарға арналған жобалар олардың нақты қажеттіліктеріне негізделгенде ғана нәтижелі болады. Біз үшін әрбір жастың ұсынысы, идеясы мен бастамасы құнды. Жастар ресурстық орталығының есігі білім алғысы, жұмыс істегісі, өз жобасын жүзеге асыр- ғысы немесе қоғамға пайдасын тигізгісі келетін әрбір жас үшін әрдайым ашық.
Бүгінгі таңда қоғамға тек білімді ғана емес, ел тағдырына бейжай қарамайтын, еңбекқор, бәсекеге қабілетті, жаңашыл әрі жауапкершілігі жоғары жастар қажет. Бұл бағытта мемлекет, отбасы, білім беру ұйымдары мен қоғамдық институттардың өзара бірлесіп, жүйелі жұмыс жүргізуі маңызды.
Жастармен жұмыс барысында олардың жан-жақты дамуына және қоғамдағы өзекті мәселелердің алдын алуға ерекше мән береміз. Осы бағытта 2026 жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 9 жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, «Жастар арасында діни ағымдарға қарсы иммунитет қалыптастыру, діни сауаттылық деңгейін арттыру, дәстүрлі рухани-адамгершілік құндылықтарды насихаттау», «Жастар мен жасөспірімдер арасында қылмыс пен құқықбұзушылықтың, буллингтің алдын алу», «Жастар мен жасөспірімдер арасында интернетке тәуелділіктің, лудоманияның және суицидтің алдын алу», «Жастар арасында сыбайлас жемқорлықтың зияны мен салдарын түсіндіру», «Жастар мен жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, нашақорлық пен есірткі бизнесінің алдын алу», «Жастар арасында «Жайдарлы жастар» атты жайдарман ойындарын ұйымдастыру», «Тараз қаласының жас ақын-жазушыларын қолдау», «Жастар арасында пікірсайыс ойындарын дамыту», сондай-ақ «Жастар мен жасөспірімдер арасында отансүйгіштік пен әскери-патриоттық сезімді арттыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу» бағыттары бойынша арнайы жобалар іске асырылуда. Бұл жобалар жастардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамытуға, қоғамдық белсенділігін арттыруға және олардың арасында салауатты әрі жауапты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған.
Осы орайда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті саябағында 12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай ұйымдастырылған «Жастар Fest» атты мерекелік фестиваль аясында Тараз қаласының әкімі Б.Орынбеков белсенді 10 жасқа 100 000 теңгеден қаржылай сыйақы табыстады. Іс-шараға жастар арасында танымал Думан Марат, Али Отенов, Асыл Лұқман және өзге де өнерпаздар арнайы шақырылып, өнерлерін көрсетті.
Жастарға жасалған әрбір мүмкіндік – елдің болашағына жасалған қадам. Жастың талабын қолдап, қабілетін дамытуға мүмкіндік берсек, оның нәтижесі ертең қоғамның жетістігіне айналады. Сондықтан жастарға қолдау көрсету – белгілі бір кезеңмен шектелетін жұмыс емес, еліміздің ұзақ мерзімді дамуына үлес қосатын маңызды бағыт.
Біздің басты мақсатымыз – Тараз жастарының өз қаласында білім алып, еңбек етіп, жаңа идея- ларын жүзеге асырып, туған жерінің дамуына үлес қосуына барынша мүмкіндік жасау. Өйткені белсенді, білімді, отаншыл және бастамашыл жастар – мемлекетіміздің ең үлкен капиталы.
Жастарға сенім білдіру – болашаққа сенім білдіру. Ал жастарға көрсетілген қолдау – қоғамның жарқын болашағының берік негізі.

Гүлназ СМАТИЛДАЕВА,
Тараз қаласы әкімдігі
ішкі саясат бөлімінің басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.