Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

«Базарға, қарап тұрсам, әркім барар…»

0 64

Базарға қарасаңыз, әркімнің өз қажетіне қарай сауда жасайтынын байқайсыз. Бірі күнделікті тұтынатын азық-түлігін іздесе, енді бірі дастарқанына ауылдың табиғи өнімін алғанды жөн көреді. Осындайда жәрмеңкенің маңызы айқын көрінеді. Өйткені жәрмеңке – өндіруші мен тұтынушыны тікелей байланыстыратын, ауыл еңбеккерлерінің өнімін қала тұрғындарына қолжетімді бағамен ұсынуға мүмкіндік беретін тиімді алаң.

Осындай мақсатпен өткен сенбіде Тараз қаласындағы «Жастар аллеясында» тұрғындарды маусымдық ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ету және отандық шаруаларға өз өнімдерін өткізуге қосымша мүмкіндік беру мақсатында «Дала дәмі» тақырыбында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Берекелі шараға біз де шаһар тұрғындарымен бірге барып қайтқан едік.
Бір байқағанымыз, жәрмеңкеге келген қала тұрғындарының қарасы қалың көрінді. Әсіресе, ауылдан әкелінген ет, сүт өнімдері, көкөніс пен жеміс-жидекке сұраныстың жоғары екені байқалады. Осында Тараз қаласы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Жанболат Таңатаровты жолықтырып, сөзге тарттық.
– Сауда және интеграция министрлігінің тапсырмасына сәйкес, 19 қыркүйектен бастап еліміздің барлық өңірінде «Дала дәмі» ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелері өтіп жатыр. Аталған жәрмеңкенің басты мақсаты – тұрғындарды сапалы әрі табиғи ауыл шаруашылығы өнімдерімен қолжетімді бағада қамтамасыз ету және отандық шаруалар мен өнім өндірушілерге өз тауарларын тұтынушыға тікелей ұсынуға мүмкіндік беру.
Бүгінгі жәрмеңкеде Тараз қаласының барлық өнім өндірушілері, оның ішінде көкөніс пен жеміс-жидек, ет және сүт өнімдері, дәнді дақылдар және басқа да маусымдық тауарлар ұсынылуда. Өнімдерді фермерлер мен өндірушілер тікелей, делдалсыз сатып, нарықтағы бастапқы бағадан 10-15 пайызға төмендетілген бағамен саудалануда. Бірыңғай заманауи форматта ұйымдастырылатын мұндай жәрмеңкелер алдағы уақытта Тараз қаласында тұрақты түрде өткізіледі. Бұл өз кезегінде ауыл шаруа- шылығы тауарларын өндірушілер мен қала тұрғындары арасындағы байланыс- ты нығайтып, жергілікті өнімнің сауда айналымын арттыруға ықпал етеді, – дейді Жанболат Диханбекұлы.
Сондай-ақ біз тілдескен шаһар тұрғыны, көпбалалы ана Азиза Тұрсынбекованың айтуынша, қысқы маусымға дайындалып, көкөніс пен басқа да азық-түлік өнімдерін қор ретінде жинайтын отбасылар үшін мұндай сауда орындарының тиімділігі мол.
– Қыс маусымына да жақындап қалдық. Қысқа дайындық жасап, түрлі консервіленген тағамдар жабатын кез. Көпбалалы ана болғандықтан, көкөніс пен басқа да азық-түлік өнімдерін көптеп аламыз. Осындай жәрмеңкелерде тауарлардың бастапқы бағадан төмен сатылатыны біздер үшін кәдімгідей сезіледі. Әр теңгенің есебін білетін отбасылар үшін бұл – үлкен көмек. Әсіресе, көкөніс пен жеміс-жидекті молынан алып, қысқа сақтап қоюға жақсы мүмкіндік болып тұр. Өнімдердің сапасы да көңілден шығады. Алдағы күндері осындай жәрмеңкелер жиі ұйымдастырылып, тұрғындарға қолжетімді өнімдер ұсыныла берсе екен дейміз. Мұндай игі бастаманы қолға алып, халықтың жағдайын ескеріп отырған қала әкімдігіне көп рақмет, – дейді көпбалалы ана.
Заманауи форматта ұйымдастырылған жәрмеңкеде жалпы құны 19,8 миллион теңгені құрайтын 22,5 тонна ауыл шаруашылығы өнімі тұрғындарға ұсынылды. Сауда сөрелеріне әкелінген өнімдердің қатарында 3 тонна жылқы, сиыр, қой және тауық еті, 1,5 тонна шұжық, 1,2 тонна сүт, 1 мың дана жұмыртқа, 0,5 тонна кондитерлік өнім, 1 тонна макарон, 0,5 тонна тұз, 0,5 тонна қант, 0,5 тонна қарақұмық, 0,5 тонна балық, 3 тонна ұн, 0,5 тонна бал және 9,8 тонна жеміс-жидек пен көкөніс бар.
Жәрмеңкедегі сауда барысын көріп, өнімдердің бағасына назар аударған соң, жәрмеңкедегі баға мен нарықтағы құнның айырмашылығын салыстырып көруді жөн көрдік. Осы мақсатпен «Ауыл Береке» базарына барып, ондағы саудагерлермен тілдесіп, бірқатар өнімнің бағасын салыстырдық. Нәтижесінде ет өнімдерінің бағасында айтарлықтай айырмашылық бар екеніне көз жеткіздік. Мәселен, қойдың сан етінің нарықтағы орташа бағасы 4 500 теңге болса, жәрмеңкеде оның келісі 4 100 теңгеден ұсынылуда. Ал қойдың қабырға еті «Ауыл Береке» базарында 4 200 теңге тұрса, жәрмеңкеде 3 800 теңгеден сатылып жатыр. Сиыр етінің де бағасында осындай айырмашылық байқалады. Базардан бір келі сиыр етін 4 500 теңгеге алсаңыз, жәрмеңкеден 4 100 теңгеге сатып алуға болады. Сонымен бірге шаһар тұрғындары жиі тұтынатын жылқы етінің бағасын салыс- тырғанда да айырмашылық анық көрінеді. «Ауыл Береке» базарында жылқы еті 3 800 теңгеден сатылса, жәрмеңке алаңында оның келісі 3 400 теңгеден ұсынылуда. Қазының бағасы да базар мен жәрмеңкеде әртүрлі. Базарда 4 500 теңге тұратын қазы жәрмеңкеде 4 100 теңгеден сатылуда. Ал ысталған және бұқтырылған шұжықтың бағасы базарда сәйкесінше 2 500 және 2 200 теңге болса, жәрмеңкеде олар 2 200 және 2 000 теңгеден саудалануда. Яғни, ет және ет өнімдерінің бірнеше түрін салыстыра келгенде жәрмеңкеде тұрғындар үшін тиімді баға ұсынылып отырғанын байқауға болады.
Сүт өнімдерінің бағасын салыстыр- ғанда да жәрмеңкенің тиімділігі байқалады. Қазақ дастарханының ажырамас бөлігіне айналған үй сүтінің бір литрі жәрмеңкеде 350 теңгеден сатылса, «Ауыл Береке» базарында 400 теңгеден ұсынылады. Үйдің сары майы жәрмеңкеде 4 500 теңгеден сатылып жатқанымен, базардан дәл осындай бағаны кездестіру қиын. Ал ауылдың ақ дәмі саналатын құрттың келісі базарда 2 000 теңге болса, үй ірімшігі 3 500 теңгеден сатылуда. Ал жәрмеңке алаңынан бұл өнімдерді шамамен 500 теңгеге арзан бағада табуға болады. Халқымыз ғасырлар бойы тұтынып келе жатқан, дастарханымыздан берік орын алған қымыз бен шұбаттың бағасында да айырмашылық бар. Базарда олардың литрі 1 300 теңге болса, жәрмеңкеде 1 100 теңгеден ұсынылуда.
Күнделікті тұтынатын азық-түлік өнімдерінің бағасын салыстырғанда да жәрмеңкедегі бағаның төмен екені сезіледі. Мәселен, күнбағыс майының бір литрі базарда 850 теңге болса, жәрмеңкеде 750 теңгеден сатылып жатыр. Макарон өнімінің базардағы бағасы 355 теңгені құраса, жәрмеңкеде 300 теңгеден ұсынылуда.
Жәрмеңке мен базардағы бағаны салыстыра жүріп, халық күнделікті тұтынатын жеміс-жидек пен көкөніс өнімдерінің құнына да назар аудардық. Мұнда да айтарлықтай айырмашылық бар. Мәселен, «Ауыл Береке» базарында картоптың келісі 250 теңге болса, жәрмеңкеде 180 теңгеден сатылуда. Сәбіздің келісі базарда 300 теңге тұрса, жәрмеңкеде 220 теңгеден ұсынылады. Қырыққабаттың бағасы базарда 250 теңге болса, жәрмеңкеде 200 теңге, ал пияз 150 теңгенің орнына 120 теңгеден саудалануда.
Баға айырмашылығын тек базармен ғана емес, шағынаудандардағы сауда орындарымен де салыстырып көруді жөн көрдік. Осы мақсатта «Жайлау» (3) шағынауданына аялдап, ондағы шағын базарлар мен дүкендерге, сондай-ақ «Корзинка» сауда нүктелеріне бас сұқтық. Байқағанымыздай, мұндағы бірқатар жеміс-жидек пен көкөніс өнімдерінің бағасы жәрмеңкеде ұсынылған құнмен салыстырғанда анағұрлым жоғары. Бұл да өндірушіден тұтынушыға дейінгі жолдың қысқаруы мен делдалсыз сауданың бағаға әсер ететінін аңғартады.
Осылайша, бірқатар негізгі азық-түлік өнімдерінің бағасын салыстыра келгенде «Дала дәмі» жәрмеңкесінің тұрғындар үшін тиімді тұстары анық байқалады. Әрі жәрмеңке алаңындағы қызу саудаға қарап, мұндай бастаманың қала тұрғындары үшін маңызы зор екенін аңғаруға болады. Бір жағында – маңдай терімен өнім өндірген шаруа, екінші жағында – сапалы әрі қолжетімді тауар іздеген тұтынушы. Екеуін жалғаған осындай сауда алаңының басты ерекшелігі де осында. Өйткені делдал азайған сайын өнім бағасының да қолжетімді бола түсетіні байқалады. Ең бастысы, ел дастарханының ырысын арттыратын мұндай жәрмеңкелердің жалғасын тауып, шаруаның еңбегі мен халықтың қажеті тоғысқан сауда алаңының тұрақты дәстүрге айналуы маңызды.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.