Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Қазақ киносының Қыз Жібегі

0 45

Қазақ өнерінің тарихында халық жадында мәңгі қалатын тұлғалар бар. Олардың есімі уақыт өткен сайын көмескіленбей, керісінше, кейінгі ұрпақпен бірге жаңғырып, ұлттық мәдениеттің ажырамас бөлігіне айналады. Сондай дара тұлғалардың бірі – қазақ киносы мен театр өнерінің көрнекті өкілі, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Меруерт Өтекешова. Оның есімі қазақ көрерменіне, ең алдымен, «Қыз Жібек» көркем фильмі арқылы таныс.

Меруерт Қаратайқызы 1951 жылғы 25 ақпанда Орал қаласында дүниеге келген. Оның өнер әлеміне келуі де ерекше тағдырлы оқиғалардан басталды. 1968 жылы «Қыз Жібек» фильміне басты рөлді сомдайтын актриса іздестіріліп жатқан кезде он алты жасар Меруерт те өз бағын сынап көргісі келеді. Сол кездегі жас қыздың алдында қазақ киносының тарихында осындай үлкен із қалдыратын рөл күтіп тұрғанын, әрине, ешкім білген жоқ. Алайда тағдыр оны ұлттық өнердің ең биік белестерінің біріне алып келді.
Жас Меруерттің табиғи сұлулығы, мөлдір жанары, сахналық мәдениетке бейімділігі режиссерлардың назарын аударды. Сөйтіп, ол қазақтың аңызға айналған Қыз Жібегін экранда сомдау бақытына ие болды. 1970 жылы көрерменге жол тартқан «Қыз Жібек» фильмі қазақ киносының айтулы туындыларының біріне айналды.
Меруерт Өтекешова Жібекті сыртқы сұлулығымен ғана емес, оның ішкі жан дүниесімен, нәзіктігімен, ақыл-парасатымен, адалдығымен, намысымен көрсете білді. Сондықтан да көрермен Меруерт Өтекешова сомдаған Жібекті бірден қабылдады. Актрисаның әрбір қимылы, жанарынан байқалған әрбір сезімі кейіпкердің ішкі әлемін ашуға қызмет етті. Оның ойыны жасандылықтан ада, табиғи әрі шынайы болды. Міне, осы шынайы- лық Жібек бейнесін уақыт сынынан алып өтті.
Меруерт Өтекешова үшін «Қыз Жібек» фильміндегі басты рөл үлкен танымалдық әкелгенімен, оның шығармашылық жолы бір ғана образбен шектелген жоқ. Ол кәсіби актерлық білім алып, театр сахнасында өзін жан-жақты өнерпаз ретінде танытты. 1973 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік өнер институтының «Театр» факультетін тәмамдап, белгілі актриса, КСРО халық әртісі Хадиша Бөкееваның шеберханасында білім алды. Театрдың қыр-сырын меңгеріп, сахна мәдениетін қалыптастырған Меруерт Өтекешова кейін Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына қабылданып, ұзақ жылдар бойы осы өнер ордасының сахнасында еңбек етті.
Оның сахнадағы алғашқы маңызды бейнелерінің бірі – Шыңғыс Айтматовтың «Ана-Жер-Ана» спектакліндегі Әлиман рөлі еді. Бұдан кейін қазақ және әлем драматургиясының туындыландағы түрлі кейіпкерлерді сомдады. Мұхтар Әуезовтің шығармаларындағы әйел образдары, классикалық туындылардағы күрделі кейіпкерлер актрисаның шығармашылық мүмкіндігін одан әрі аша түсті. Оның әрбір рөлінен нәзіктік пен ішкі қуат, сабыр мен тереңдік қатар байқалды. Экранда ол халықтың жүрегіне жол тапқан Жібек болса, сахнада әртүрлі мінездегі әйелдердің бейнесін сомдап, өзінің кәсіби шеберлігін шыңдады. Осылайша ол бір ғана рөлдің актрисасы болып қалмай, қазақ сахнасы мен киносының өзіндік мектебінен өткен талантты өнер иесіне айналды.
Экрандағы Төлегенді сомдаған Құман Тастанбеков пен Жібек бейнесіндегі Меруерттің актерлық үйлесімі фильмнің әсерін одан әрі арттырды. Олардың экрандағы махаббаты көрерменге шынайы сезілді. Өнердегі осы шығармашылық үндестік өмірде де жалғасын тауып, қос өнерпаз шаңырақ көтерді. Бұл – қазақ өнеріндегі өзіндік бір ерекше тағдыр. Экранда бір-біріне ғашық болған Төлеген мен Жібек бейнесі халықтың жүрегінде мәңгі сақталса, өмірде Меруерт Өтекешова мен Құман Тастанбековтің отбасы да өнер адамдарының тағдырымен астасып жатты.
«Қалай танысқанымызды айтсам, оның өзі қызық болды. Кезекті бір күндердің бірінде «пробаға» келген сүп-сүйкімді, сұлу да сымбатты қыздың көзіме оттай басылмасы бар ма?! Бір көргеннен-ақ Жібектің рөліне соның алынатынына сенімді едім. Оған қоса, «осы қыз тәуір, Жібекке келетін сияқты» деп, ұйымдастырушы топқа өзіндік пікірімді айт- қандай боламын. Содан тілегім орындалып, Меруерт екеуміз жұмысымызға кірісіп кеттік. Шамасы менің оны ұнатқанымды байқаған болуы керек, Әлекеңдердің (Әнуар Молдабеков) мені түсірілімде мақтап: «Меруертжан, осы жігітке қосылсаң, қор болмайсың», – деген сыңайда әңгіме айтатыны бар. Екі жас бір-бірімен тіл табысып, қосылсын деген ниет қой.
Алғаш рет емен-жарқын әңгімелесіп, оны үйге дейін шығарып салуыма Алланың өзі көмектесті. Тарқатып айтсам, «шіркін-ай, мына қызды қалай шығарып саламын?» деген ойдың біраз уақыт бойы маза бермегені рас. Содан бір күні түсірілімнен кейін бәріміз далаға шықсақ, жаңбыр жауып тұр екен. Жауын болғанда сіркіреп емес, шелектеп құйып тұр. Ал Меруерт болса, аққу секілді бал-бұл жайнап, аппақ күртеше киіп алыпты. Үйіне жалғыз кетіп бара жатқан қыздың соңынан ысқырсаң, «мына жігіт жынды ма?» деп ойлауы мүмкін. Жұмыс уақытында онша көп сөйлеспейтінімізді ескерсем, қасына барып, әңгіме айту тағы ыңғайсыз. Ақыры ішімнен: «о, Алла, көмектесші, мына қыз дәл қазір батпаққа құлап қалсыншы» деп жалбарынудан басқа амалым қалмады. Құдайдың өзі қолдаған шығар, қас бен көздің арасында Меруерт батпақты жерге топ ете қалды. Ақ киімі лезде қап-қара түске боялып, балшықтан тұра алмай тұрғаны. Жасырып қайтемін, сол кезде шын жүрегіммен қуанып, Жаратқанға ішімнен жарапазан жеткізгенмін-ді. Әйткенмен, қарап тұратын уақыт жоқ, мүмкіндікті жібермеу керек, қасына жүгіріп барып: «Меруерт, бәрі жақсы ма?» деп, өзімше хал-жағдайын сұраумен қатар, жерден тұрғызайын деп жатырмын. Онымен айтқан жылы сөзіме, көрсеткен көмегіме иланатын қыз жоқ, сол бойда-ақ мінезін көрсетіп әлек. Қызға тән қырсықтығын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Сол сөздің арасында қолымды итеріп, «керек емес көмегің» дегендей басын шайқағанын айта кеткенім ләзім. Әйтеуір, әрең дегенде жерден көтеріп, сол оқиғаның арқасында онымен азын-аулақ әңгіме-дүкен құрып үлгердім. Ол кезде студентпін, қалтамдағы соңғы 1 сомымды «таксиге» жұмсап, үйіне ақыры жеткізіп салдым-ау. Жаңбырды сылтау етіп, сол күні қайда тұратынын біліп, алыстан әке-шешесін де көрдім. Бәрі де солай басталған», – деп жазған екен Құман Тастанбеков өз естелігінде.
Өнер әлемі бастарын қосқан қос ғашық үш баланың ата-анасы атанады. Ең қызығы, 1972 жылы өмірге келген үлкен қызына Жібек есімін берген екен. Ал екінші қызы Томирис 1989 жылы дүниеге келген. Өкініштісі, Фараби есімді ұлы өмірден ерте өткен екен.
«Қыз Жібек» көпшілік көрерменге көрсетілген соң, 1970 жылдың 6 қарашасында шаңырақ көтеріп, АХАЖ бөлімінде некемізді қидырдық. Кинода бірге түскен Әнуар Молдабеков тойымыздың басы-қасында жүрсе, Асанәлі Әшімов асаба ретінде қуанышымызға ортақтасты. Тағы бір жайт, фильмдегі киімдерімізді үйлену тойымызда да киіп, екеуміз алғаш түскен картинаны мәңгілікке ұмытпайтындай болдық. Алғашқы балам Жібек дүниеге келген кезде мен институттың соңғы курсында оқитынмын. Анам жұмыстан шығып, Жібекті қарады. Ал мен оқуымды аяқтап, театрмен гастрольге шықтым. Сосын ата-енем менің қолымда тұрды. Қазір мұны айтсам, ешкім сенбейді. Үлкен қызым тележүргізуші болған, ал кішісі ән айтады. Есімде, 2014 жылы біз онымен бірге Украинаға «Хочу в Виа-гру» шоуына барғанбыз. Немерелерім өнерге аса қызыға қоймайды, бірақ бәрі де киноны қатты жақсы көреді» ,– деп еске алады Меруерт Өтекешова.
Өнер иесі «Қыз Жібек» фильмінен басқа да бірнеше кинода шеберлігін көрсетіп, нағыз жұлдыз екенін дәлелдеген тұлға. Айталық, «Ғани Мұратбаев», «Ұлдың оралуы», «Қосымша сұрақтар», «Тентек балалар», «Аждаһа жылы», «Өрнек», «Өтелмеген парыз», «Жауын», «Ақ бақсы», «Шоқан Уәлиханов», «Махамбет», «Арман қала» және «Секіріс» қатарлы фильмдерде әртүрлі рөлді сомдаған.
Бүгінде Меруерт Өтекешованың есімі қазақ киносының алтын қорымен бірге аталады. Оның шығармашылық еңбегі мемлекет тарапынан да жоғары бағаланды. Ол Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі атанып, Қазақстан Республикасының мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиясына ие болды. «Құрмет» және «Парасат» ордендерімен марапатталды.
Жылдар өтер, дәуірлер алмасар, бірақ қазақ даласының көркем Жібегі экраннан қайта-қайта көрініп, жаңа ұрпаққа ұлттық сұлулықтың, адалдықтың, махаббаттың, парасаттың өнегесін бере бермек. Ал сол Жібек бейнесін экранға әкелген Меруерт Өтекешованың есімі қазақ өнерінің тарихында мәңгілікке жазылып қалды. Өнердегі ғибратты ғұмыры кейінгі ұрпаққа өнеге болып, қазақ мәдениетінің қазынасына қосқан мол мұрасы әлі талай жыл ел игілігіне қызмет ете береді деп сенеміз.

Жұматай КӨКСУБАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.