Ақындық жол – сырт көзге гүлге оранған, жырмен көмкерілген әсем әлем болып көрінгенімен, оның ар жағында қаншама бейнет, жалғыздық, толғаныс пен тағдыр талқысы жататынын екінің бірі біле бермейді. Ал сол ауыр жүкті әйел болып жүріп көтеру – тіпті қиын. Себебі әйелдің мойнында бір мезетте отбасының қамы, ошақтың оты, бала тәрбиесі, ағайынның амандығы, қоғам алдындағы міндеті тұрады. Ал сол қазан мен қаламды қатар ұстап, тұрмыстың тауқыметінен биік тұрып, әдебиеттің биік белес- теріне көтерілген санаулы ақын қыздарымыздың бірі – қазақтың «жыр аққуы» атанған Марфуға Айтхожина.
Марфуға Ғалиқызы 1936 жылғы 25 тамызда Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өлкесіндегі Құлжа қаласында дүниеге келген. Оның балалық шағы жаймашуақ, бейқам кезеңмен өрілген жоқ. Ақынның әулеті ХХ ғасырдың алмағайып жылдарындағы қуғын-сүргін мен босқындықтың зардабын тартқан. Атасы Айтқожа елге белгілі шешен, суырыпсалма ақын, би болған. Ал әкесі Ғали арабша да, орысша да сауатты, көзі ашық, білімді адам еді. Әкесі қызының бойындағы өнерге деген ынтаны ерте байқап, оның ақын болуына тілек білдірген. Кейін Марфуға өзі берген сұхбаттарында әкесінің оған атасының жолын қуып, үлкен ақын боласың деп айтқанын еске алған екен. Ал ақынның есімінің өзінде де ерекше сыр бар. Деректерде оның азан шақырып қойған аты Маруа екені, атасының Меккедегі Мәруа тауының құрметіне бұл есімді таңдағаны айтылады. Кейін Марфуға атымен танылып, қазақ поэзиясында өзіндік қолтаңбасы бар үлкен тұлғаға айналды.
Болашақ қазақ қара өлеңінің аққуы 1956 жылы Құлжа әйелдер педагогикалық гимназиясын бітіріп, сол жерде ұстаздық қызмет атқарды. Арада көп өтпей, 1958 жылы отбасымен бірге тарихи Отаны Қазақстанға көшіп келді.
«Қаншама адам жете алмай зар ғып өткен,
Біздер көшіп келгенбіз арғы беттен,
Арбасына ат емес, Атан емес,
Құлындай шырқыратып жанды жеккен…», – деп жырлаған ақынның атажұртқа оралу – оның өміріндегі ең үлкен белестердің бірі болды. Бір жағында туған жердің сағынышы, екінші жағында ата-баба мекеніне деген аңсар тұрды. Кеше ғана жат жерде өмір сүрген жас қыз енді өз елінің әдебиеті мен мәдение- тіне араласа бастады.
Ол 1965 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдады. Кейін Мәскеудегі Жоғары әдебиет курстарында білім алды. 1961-1969 жылдары «Қазақ әдебиеті», «Қазақстан мұғалімі» газеттерінде қызмет атқарып, журналистика мен әдебиетті қатар алып жүрді. 1962 жылы ақынның алғашқы жыр жинағы «Балқұрақ» жарық көрді. Бұл кітап оның қазақ поэзиясына жасаған алғашқы үлкен қадамы болатын. Алғашқы жинағының «Балқұрақ» аталуының өзінен-ақ оның табиғатқа, туған жерге, тіршіліктің нәзік құбылыстарына елең ететін сыршыл жүрегі аңғарылады. Бірақ Марфуға поэзиясы тек табиғат лирикасымен шектелген жоқ. Оның қаламынан махаббат, сағыныш, ана, әке, туған жер, елдік сана, уақыт, адам тағдыры, тарих тақырыптары кең өріс тапты. Бұған «Шыңдағы жазу», «Жастық», «Қаракөз айым», «Баянжүрек», «Көзімнің қарасы», «Ақ бесігім», «Жарқыра, менің жұлдызым», «Қыран жеткен», «Сағыныш сазы», «Жапырақ сілкінген кеш», «Аңсау», «Алатаудың ақ батасы», «Тобылғы бүрлегенде», «Аққу жүрек», «Аққуым менің» секілді көптеген жыр жинақтарын ақтарып отырып анық көз жеткізуге болады.
Марфуғаның жырларында аққу бейнесінің жиі ұшырасуы да тегін емес. Қазақ ұғымында аққу – тазалықтың, сұлулықтың, адалдықтың символы. Ақынның «Аққуым менің», «Аққу жүрек» секілді атаулары оның поэзиясындағы осы символдық әлемді айқын аңғартады. Ақынның «Аққуым» атты өлеңін бірге оқыйық.
«Сымпылдатып қанаттарын, сұңқылда-
тып даусын,
Әсем әнмен ұйытады құз қойнауын, тау
ішін.
Сол суретке қалам қарап жанарымды қан-
дырып,
Аққу арман алыстайды үмітімді талды-
рып.
Сонда көңіл гүл атады ұқсайды да көк-
темге,
Кеудем толып кеткендей бір лапылдаған
от демге.
Бірақ, бірақ сол бір сәтте мен өзімді
тыямын,
Тиямын да қара бұлттан нөсер болып құя-
мын.
Құямын да алыс кеткен аққуымды іздей-
мін,
Көз жазсам да бірақ одан үмітімді үзбей-
мін», – дейді қаламгер.
Ана – адам баласының өміріндегі орны ешкіммен толмайтын ең қастерлі жан. Оның мейірімі – жүрекке медеу, алақаны – тіршілікке қорған, бір ауыз сөзі – қиындыққа қарсы тұрар күш. Жиырмаға енді ғана толған қыздың анадан айырылуы – сөзбен айтып жеткізгісіз қасірет. Марфуғаны жастықтың жайдары шағында жүрекке түскен ауыр қайғы ерте есейтті. Оның жан дүниесінде айтылмаған сыр, төгілмеген жас, ешкімге байқатпай көтеріп жүрген мұң қалады.
«Ақ шашыма қарама,
Бәрібір мен боямаймын қараға.
Тау басында жатқан қардай қысы-жаз
Күміс қырау жараспай ма анаға!
Анашымды жасырғанда тас қабір,
Жиырмада түскен қырау шашқа бұл…
Содан бері өтті жылдар,
Ақты су,
Көрдім талай жандарды да тас бауыр», – дейді ақын. Ақ шаш – мұнда жай ғана уақыттың белгісі емес, ерте келген қасіреттің, өмірден көргеннің, жүректе қатқан шердің ізі. Бұл туралы ол «Қазақстан» телеарнасына берген сұхбатында: «20 жасымда анамның бейтінің басына барып отырып, маңдайымдағы бір уыс шашым әппақ қырау болып түрегелдім», – деп еске алған екен. Әрине, адам талай жанды жолықтырады, талай тағдырды көреді, бірақ анадай жақын, анадай мейірімді жанды қайта кездестіру мүмкін емес.
Ақынның шығармашылық мұрасын сөз еткенде оның табиғат лирикасына тоқталмай өту мүмкін емес. Жетісу жерінің табиғаты, тау мен өзен, сарқырама мен самал, туған өлкенің көркем келбеті оның поэзиясында ерекше орын алады. Ілияс Жансүгіровті жаттап өскен ақынның Жетісу табиғатына деген сүйіспеншілігі оның өлеңдерінде анық сезіледі.
«Жетісуым, жерің таулы, далаң жаз,
Көлдерінде қиқулаған балаң қаз.
Көріктісі – ай, көкорайлы алқаптың,
Көрген сайын көңіл шалқып, болам мәз», – дейді қаламгер өзінің туған жер туралы толғанысында.
Сонымен бірге Марфуға Айтхожина тек ақын емес, аудармашылықпен де айналысқан қаламгер. Ол қазақ тіліне орыс, өзбек, қырғыз, ұйғыр және татар ақындарының шығармаларын тәржімалағаны белгілі. Сондай-ақ өзінің шығармалары да болгар, поляк, венгр, чех, парсы және басқа да бірнеше шетел тілдеріне аударылған. Әрі Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі болып, әдеби ортадағы қоғамдық жұмыстарға атсалысты. Әртүрлі кезеңдерде әйелдер ұйымдары мен қоғамдық кеңестердің жұмысына қатысты. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің құрметті профессоры атанды.
Оның еңбегі мемлекет тарапынан да лайықты бағаланды. Айталық, ақын әр жылдары «Құрмет белгісі» орденімен, «Парасат» орденімен марапатталды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағына ие болды. 2002 жылы «Аңсау» жинағы үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын алды. Сонымен бірге өткен жылы оған мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендия да берілді.
Биыл Марфуға Айтхожинаның туғанына 90 жыл толып отыр. Тоғыз онжылдыққа жуық ғұмырын сөз өнеріне арнаған ақынның өмірі – бір адамның ғана ғұмырбаяны емес, өткен ғасырдың күрделі кезеңдерін бастан өткерген қазақ тағдырының бір үзік шежіресі. Апта басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ақынды 90 жасқа толған мерейтойымен құттықтап, оның ұлттық әдебиет пен мәдениетті дамытуға, қазақ поэзиясының өрісін кеңейтуге қосқан еңбегін жоғары бағалады. Президент құттықтауында оқырман қауымның ақынды «Қазақтың жыр Аққуы» деп ардақтайтынын атап өтті. Мерейтой тұсында түркі әлемінің әдеби қауымдас- тығы да оған құрмет көрсетіп Түрксой Жазушылар одағының атынан «Хакім Абай» алтын медалін табыстау жөнінде шешім қабылданды.
Әрине, өмірдің өзі өлеңге айналғанда ғана, ақынның ғұмыры халықтың ғұмырымен жалғасады. Қазақ поэзиясының көгінде қанатын қомдаған аққу секілді Марфуға Ғалиқызының дауысы талай ұрпақтың жүрегіне жетті. Қазан мен қаламды қатар алып жүрген қайсар қазақ қызы осылайша қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар қаламгерге айналды.
Жұматай КӨКСУБАЙ