Тарих – халықтың жады. Ал сол жадының көмескі тартқан беттерін қайта жаңғыртып, өткеннің ақиқатын бүгінгі ұрпаққа жеткізу – тарихшының маңдайына жазылған үлкен жауапкершілік. Бұл жолға ғұмырын арнап, қазақ тарихының күрделі кезеңдерін зерттеп, ұлт зиялыларының өнегелі өмірін ғылыми айналымға енгізуге өлшеусіз үлес қосқан көрнекті ғалымдардың бірі – тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Мәмбет Қойгелдиев. Оның есімі қазақ тарихын, әсіресе, ХХ ғасырдың басындағы ұлттық қозғалыстар мен Алаш зиялыларының қызметін зерттегенде қатар аталатын тұлғалардың біріне айналды.
Мәмбет Құлжабайұлы 1946 жылғы 18 тамызда Шу ауданының Төле би ауылында дүниеге келген. Болашақ ғалым алғашқы жоғары оқу орнындағы білімін Қырғыз мемлекеттік университетінен алғаннан кейін қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің аспирантурасында ізденісін жалғастырды. Алайда үлкен ғылымға апарар жолдың алғашқы баспалдағы университет қабырғасымен ғана шектелмеді. Жас маман еңбек жолын 1968-1971 жылдары ауыл мектебінде қарапайым мұғалім болудан бастап, Жамбыл облыстық мұрағатында ғылыми қызметкер болып еңбек етті. Бұл кезең оның болашақ ғалым ретінде қалыптасуында ерекше маңызға ие болды. Мектептегі ұстаздық жас маманға адам тәрбиесінің жауапкершілігін сезіндірсе, архивтегі жұмыс тарихтың ең сенімді куәгері құжат екенін ұқтырды.
Архив – сырт көзге үнсіз жатқан мекен. Бірақ оның сарғайған қағаздарының әрқайсысында тұтас бір дәуірдің ізі жатады. Бір ғана хат белгілі бір адамның тағдырын ашса, бір ғана қаулы тұтас қоғамның саяси бағытын аңғартады. Мұндай ортада жұмыс істеген жас зерттеушінің тарихи дерекке деген көзқарасы қалыптасып, ғылымға деген қызығушылығы тереңдей түсті. Кейін оның зерттеулеріндегі дерекке сүйену, құжатты сөйлету, тарихи оқиғаның себеп-салдарын жан-жақты қарастыру секілді ұстанымдардың қалыптасуына осы алғашқы еңбек тәжірибесінің әсері аз болған жоқ.
Талапты жас 1971 жылдан бастап Қазақ Мемлекеттік университетінде қызмет атқарып, ұстаздық пен ғылыми ізденісті қатар алып жүрді. 1977 жылы «Қазақстан КСР-індегі қант өнеркәсібінің тарихы, жұмысшы кадрларының қалыптасуы мен өсуі» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғады. Кейін ғалымның зерттеу аясы кеңейіп, қазақ қоғамының қоғамдық-саяси тарихына, ұлттық интеллигенцияның қалыптасуы мен қызметіне, ұлт-азаттық қозғалыстарға, саяси қуғын-сүргін тарихына қарай ойысып, ХХ ғасырдың алғашқы ширегін зерттеу оның ғылымдағы негізгі бағыттарының біріне айналды. Бұл кезең қазақ халқының тағдырындағы аса күрделі әрі шешуші уақыт болатын. Бір жағында отарлық саясаттың қысымы күшейіп, екінші жағында елдің ертеңін ойлаған ұлттық зиялылар саяси, мәдени және ағартушылық күрес жолына шықты.
Кеңестік кезеңде Алаш қайраткерлерінің есіміне қатысты көптеген мәселе жабық болды. Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана бұл бағыттағы зерттеулерге кең мүмкіндік ашылды. Сол тұста архивтердегі құжаттарға қайта үңіліп, бұрынғы ғылыми бағаларды жаңаша саралау қажеттілігі туындады. Мәмбет Қойгелдиев осы үлкен ғылыми ізденістің бел ортасынан табылды. Ол Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Смағұл Сәдуақасұлы, Мұстафа Шоқай және басқа да ұлт зиялыларының қоғамдық-саяси қызметін зерттеп, олардың ел тарихындағы орнын айқындауға елеулі үлес қосты.
– Алаш қозғалысы – бұл ешқандай да ретроградтық қозғалыс емес, ол азаттыққа, еркін дамуға ұмтылған қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысы болатын. Яғни, кемел ақыл-ой тұрғысынан Алаш тақырыбы даулы тақырыпқа айналуға тиіс емес-тін. Өйткені, біріншіден, өз бағдарламаларына сәйкес алаштықтар поляктар немесе финдер сияқты Ресейден бөлініп, дербес мемлекет құратынын мәлімдеген жоқ. Олар егер Ресей Демократиялық Федерациялық мемлекеттік құрылымға көшсе, қазақ қоғамы оның құрамында автономия түрінде болатынын жобалады. Екіншіден, алаштықтар қоғамдық дамуда еуропалық жолды, яғни демократиялық және нарықтық құндылықтарды ұстанатындарын өз бағдарламаларында ашық жария етті. Басқаша айтқанда, ұлт тарихындағы бұл буын ұлт өмірін бейбіт эволюциялық жолмен реформалау ұстанымында тұрған буын болатын, – дейді Мәмбет Құлжабайұлы.
Ал 1989-1991 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті жанындағы Партия тарихы институтында аға ғылыми қызметкер болып еңбек етуі де оның зерттеушілік жолында ерекше орын алды. Осы кезеңде ол мол архивтік қорлармен жұмыс істеп, ХХ ғасырдың 20-жылдарындағы қазақ қоғамының саяси өміріне қатысты көптеген құжаттармен танысты. Ғалымның Смағұл Сәдуақасұлы секілді қайраткерлердің қоғамдық қызметіне жаңаша қарауы да осы ізденістермен сабақтасты.
Ғалымның еңбек жолы тек зерттеу- шілікпен шектелген жоқ. Ол ұзақ жыл бойы ұстаздық қызмет атқарып, тарихшылардың бірнеше буынын тәрбиеледі. 1991-2001 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің «Қазақстанның жаңа тарихы» кафедрасын басқарды. Сонымен бірге Біліктілікті арттыру институтының директоры, «Тарих» факультетінің деканы қызметтерін атқарды. Университет аудиториясында дәріс оқып, студенттерге тарихтың құрғақ даталар мен деректер жиынтығы емес, халық тағдыры екенін түсіндіруге тырысты. Ал 2002-2006 жылдары Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтын басқарып, отандық тарих ғылымның дамуына үлес қосқан М.Қойгелдиев ұзақ жылдан бері Қазақстан тарихшылары қауымдастығының президенті қызметін атқарып келеді.
Тарихшының есімі тек Қазақстанда ғана емес, шетелдік ғылыми ортада да белгілі. Оның ғылыми еңбегі халықаралық деңгейде бағаланып, 2007 жылы Австрияның Вена қаласындағы халықаралық университеттің құрметті профессоры атанды. Сол жылы Оксфордта берілетін халықаралық «Socrates International Award» сыйлығына ие болды. Сонымен қатар 2012 жылы «Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының үздік оқытушысы» атағын алса, 2013 жылы «Парасат» орденімен марапатталды. Алаш тарихынан ғұмырын арнаған ғалым 2017 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі болып сайланды. Ал 2019 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен ғылымның дамуына қосқан елеулі үлесі үшін ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталса, биылғы 5 наурызда ғылымды дамытуға қосқан үлесі үшін ІІ дәрежелі «Барыс» орденін кеудесіне тақты.
Дегенмен, ғалым үшін марапаттың ең үлкені – оның зерттеген тарихи тұлғаларының халыққа қайта оралуы, еңбектерінің оқырманға жетуі, шәкірттерінің ғылым жолын жалғастыруы. Өйткені ғылым жолында адамның аты атақпен емес, еңбегімен қалады.
– Биліктің тарихқа көп көңіл бөліп отырғанын ұмытпауымыз керек. Қаржы бөліп жатыр. Ол да дұрыс. Тәуелсіздік жылдары бізге үлкен тарихшылар күші келіп қосылды. Қытай, Моңғолия, Түркия, Ираннан тарихшылар легі келді. Соның арқасында біздің ғылыми тарихнамамыз байи түсті. Осы процеске сонау Шығыс Түркістандағы біздің бауырларымыз Қытай тарихнамасының дәстүрін, қытай тілін меңгерген Ахмет Шадыман, Жарқын Мырзахан, Қаһар Нұрмұхан, Зардыхан Қинаятұлы, Әлімғазы Дәулетхан, Нәбижан Мұхамедханұлы келді. Солардың арқасында қазір Қытай, Моңғол деректерін, Иран, Түркі жазбаларын меңгеріп жатырмыз, – дейді ғалым.
Шу өңіріндегі Төле би ауылында дүниеге келген қарапайым ауыл баласының есімі бүгінде қазақ тарихын зерттеген ірі ғалымдардың қатарында аталады. Сексеннің сеңгіріне көтерілген ғалымның ғылым жолындағы ізденісі әлі де жалғасып келеді. Оның өмір жолы – кейінгі буынға өнеге, айтқан әрбір ойы – тағылым, жазған әрбір еңбегі – ұлт тарихын тануға бастайтын рухани қазына. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген халық даналығы осындайда еске түседі. Талай жылын ел тарихының ақтаңдақтарын аршуға арнаған академиктің алдағы уақытта да қазақ ғылымына қосар үлесі, кейінгі ұрпаққа айтар тағылымды сөзі, бөлісер бай тәжірибесі мол. Толысқан тұлғаның қаламынан туған жаңа еңбектер әлі талай буынға жол сілтеп, тарихтың тереңінен сыр шертіп, жас ұрпақтың рухани дүниесін байыта береді деп сенеміз.
Жұматай КӨКСУБАЙ