Өткен жылы Мойынқұм ауданындағы жастар арасындағы атыс дүйім жұртты дүр сілкіндірген еді. Тойдан кейінгі ерегестің соңы төбелеске одан әрі суық қарудан оқу атуға ұласып, бірнеше жасөспірім жансақтау бөлімінен бір-ақ шыққаны елді мекен тұрғындарын шошытқан.
Буыны әлі қатпаған жастардың емін-еркін қару алып жүріп, аяусыз бірін-бірі жарақаттағаны елді мекендегі құқық саласы қызметкерлерінің жұмысына да сан сұрақты туындатқан. Мойынқұмдық әріптес- теріне облыстық полиция департаменті мамандары көмекке келіп, соңы күдіктілер құрықталғаны айтылды. Міне, осы бір жыл бұрынғы қылмысқа жауаптылардың жазасы қандай болды? Сот күдіктілерге қандай үкім шығарды?
Ең әуелі оқиға болған күнге қайта оралсақ. Тойдан шыққан екі ауылдың жастары ерегесіп қалғаннан кейін бірін-бірі ауыл ішіндегі дүкен алдына кездесуге шақырады. Осы жерде жағдай ушығып, екі тарап бір-біріне оқ жаудыра бастайды. Бірінші күні әлеуметтік желіде тараған видеодан байқағанымыз, оққа ұшқан көліктің сау тамтығы қалмаған. Ресми мәлімдемеде оқ травматикалық қарудан атылғаны айтылғанымен, көліктің есігіне тиген оқ іздері жастар басқа да қару қолданғаны анық аңғарылды. Оған қоса жараланған жастарға оқ тиіп қана қоймай, олардың қол мен аяқ тұстарына пышаққа ұқсас қатты темірмен жарақаттар салынған. Яғни, оқ тиіп жарақаттанғандар ауыр соққының астына да алынған. Сол түні аудандық ауруханаға 1997, 1999, 2003 және 2006 жылы туған төрт азамат түрлі дене жарақатымен жеткізілді.
«28 жастағы науқастың басы, кеуде қуысы және оң білегінде резеңке оқтан жарақат бар. Сонымен қатар оң және сол жамбасында бірнеше тесілген жара байқалған. Нау- қас көп қан жоғалтып, 2-дәрежелі травматикалық шок алған. Қазіргі жағдайы ауыр», – деп мәлімдеді сол кезде облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
Бұдан бөлек, дәрігерлер ауруханаға түскен 26 жастағы ер адамның да жағдайы ауыр екенін айтты. Оның сол жақ білегі, жамбасы және оң қолы жараланған. Ал ең сорақысы, ауруханаға түскен төрт азаматтың екеуінің басына оқ тиген. Бір сөзбен айтқанда, жастар бір-бірін өлтіруге анық оқталған.
Оқиға орнынан күдіктілер Toyota Land Cruiser автокөлігіне отырып, ізін суытуға тырысқан. Елді мекендегі шулы оқиғаны облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жіті бақылауына алып, жастарға үндеу де жасады. Сондай-ақ аймақ басшысы жауаптыларға еш кешірім болмайтынын, заңмен қатаң жазаланатынын айтты. Өңір басшысынан талапты тапсырма түскеннен кейін облыстық Полиция департаменті «Ұстау» арнайы операциясын бастап, Мойынқұм ауданындағы атысқа қатысы бар деген төрт күдіктіні құрықтады. Ұсталғандардың барлығы – Мойынқұм ауданының тұрғындары. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынып, тергеу барысын Полиция департаментінің басшысы тікелей бақылауына алған-ды.
Міне, осы шенділерді аяғынан тік тұрғызған шулы оқиғаның күні кеше нүктесі қойылды. Жамбыл облыстық ауданаралық мамандандырылған қылмыстық сотқа 10 күдікті жеткізіліп, оның 5-іне 17 жылдан бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді. Күдіктілерге заңсыз қару ұстау мен тасымалдау, адам өлтіруге оқталу, бөтеннің мүлкін иемдену мен зақымдау баптары бойынша айып тағылып, күдіктілердің кінәсі толықтай дәлелін тапты. Қылмыстық істі тергеу барысында күдіктілер ерегес- ке түскен жастың бірін көліктеріне салып алып кетіп, өлтірмекші болғаны да анықталған. Сондықтан бұл қылмысқа адам ұрлау бабы да қосылып, жауаптылардың жазасын ауырлатып отыр. Тергеу барысында мамандар Toyota Camry автокөлігінен 45 оқтың орны анықталғанын хаттамаға енгізген. Сондай-ақ Volkswagen Golf автокөлігінен «Сайга» мылтығының 11 оғы табылған. Күдіктілер осы айғақтарды жасырып, көліктерін жыңғыл арасына тығып, қашуға әрекет еткенімен, тәртіп сақшылары оларды жол бойында құрықтаған.
Барлық куәгерді тыңдап, айғақ заттарды зерделеген судья Абитхан Анарбаев ұсталған 10 күдіктіні де кінәлі деп тапты. Нәтижесінде 5-еуі 17 жылға сотталса, біреуі 9 жыл, тағы бір күдікті 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал қалған 3 күдіктіге 2 жыл темір торға тоғыту жазасы белгіленді. Осылайша Жаз-ата ауылындағы шулы қылмысқа қатыс- тылар жазасын алды.
Жалпы, бұл Мойынқұм ауданында жастар арасында болып отырған бірінші жаға ұстатар жағдай емес. 2020 жылы елді мекен ішіндегі дүкеннің алдында екі жігіт ерегесіп қалып, бірі көлігінің ішінен мылтық алып шығып, екіншісін атып тастаған болатын. Ай-күннің аманында бір адам бір адамды еш ойланбастан атып тастағанын қалай түсіндіруге болады? Сонда бүгінгі жастарда жүрек қалмағаны ма? Заңыңнан да, басқаңнан да қорықпағаны ма?
Байыбына бармай жатып байбалам салудан аулақпыз. Алайда кейінгі жылдары Мойынқұм ауданында жастардың бірін-бірі пышақтауы, одан қалса қару алып жүгіруі жиілеп кетті. Бұл нені аңғартады? Құқық саласы қызметкерлерінің әлсіздігін бе? Әлде білім саласына жауаптылардың жауапсыздығын ба? Бәлкім балық басынан шіріп, жергілікті билік жастарды бақылаусыз жіберді ме? Сұрақ көп, жауаптан жауаптылар жалтарады.
«Тәртіпке бас иген құл болмайды» дейді батыр Бауыржан. Ең бас- тысы тәртіп керек. Міне, осыған жауапты тәртіп сақшылары мен жергілікті билік өкілдері қызметінде қырағы болады деп сенеміз.
Саятхан САТЫЛҒАНОВ