Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Әділдік жолындағы жұмыс нақты нәтижелермен көрінеді

0 52

Сот статистикасы – қоғамдағы құқықтық қатынастардың айнасы. Оның әрбір көрсеткішінің артында нақты адам, оның құқығы, мүддесі және өмірлік жағдайы тұр. 2026 жылдың көрсеткіштері Тараз қаласы соттарының жүктемесі жоғары екенін және азаматтардың сот арқылы өз құқықтарын қорғауға белсенді түрде жүгінетінін көрсетеді.

Азаматтық даулар сотта шешімін табуда

Азаматтық істерді қарайтын Тараз қалалық сотына 2026 жылғы 7 айында сот өндірісіне 11 631 азаматтық іс түскен. Оның ішінде 5 698 іс қаралып, аяқталған.
Сот жұмысының елеулі бөлігін материалдар мен ұсынулар құрайды. Есепті кезеңде олардың саны 16 636-ға жетіп, оның 15 963-і қаралған.
Сонымен қатар сотта азаматтық істерді оңтайландырылған тәртіппен қарауға да айрықша көңіл бөлінеді. Жыл басынан бері оңайлатылған іс жүргізу тәртібімен 3 672 іс түскен болса, оның 3 391-і қаралып, аяқталған.
Сот өндірісіндегі істердің сипаты да қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық қатынастардың өзгеріп жатқанын көрсетеді. Атап айтқанда, мемлекеттік органдардың талаптары бойынша 228 іс, мемлекеттік мекемелердің қатысуымен 371 іс қарауға түскен.
Сот орындаушыларының қаулыларын санкциялау бойынша 38 материалдың барлығы қаралған. Атқару парағын беру бойынша 88 өтініш түсіп, оның 43-і қаралған, жылжымайтын мүлікке өндіріп алуды қолдануға қатысты 38 іс түсіп, 21-і қаралған.
Қазіргі қоғамның жаңа шындығы сот статистикасынан да көрініс табуда. Мәселен, интернеттегі алаяқ- тыққа байланысты азаматтық даулардың саны 462-ге жетіп, оның 421-і қаралған.
Бұл цифрлар цифрлық технология- лардың дамуы азаматтардың өмірін жеңілдетумен қатар, құқықтық және қаржылық сауаттылыққа қойылатын талапты да арттырғанын көрсетеді.
Қаржылық міндеттемелерге байланысты даулар да сот жүктемесінің елеулі бөлігін құрайды. Атап айт- қанда, негізсіз баюды өндіріп алуға қатысты 604 іс түсіп, оның 500-і қаралған.
Ал сотқа ең жиі түсетін санаттардың қатарында коллекторлық ұйымдар мен микроқаржы ұйымдарына қатысты даулар бар. Соның ішінде «Коллекторлық агенттік «Э.» ЖШС-нің талаптары бойынша 1 877 іс, микроқаржы ұйымдарына қатыс- ты 374 іс түскен.
Бұл көрсеткіштер азаматтық соттардың алдында тұрған мәселелердің аясы кең екенін аңғартады. Мұнда адамдардың мүліктік дауларынан бастап, несие міндеттемелері, атқарушылық іс жүргізу, цифрлық алаяқтық және қаржылық ұйымдармен арадағы қарым-қатынастарға дейінгі мәселелер қаралады.

Әкімшілік құқық бұзушылықтар: жазалау емес, алдын алу

Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде әкімшілік соттардың да орны ерекше. 2026 жылғы 31 тамыздағы жағдай бойынша Тараз қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында 5 187 тұлғаға қатысты 5 187 іс қаралған. Олардың 3 184-і бойынша әкімшілік жаза тағайындалса, 1 373 іс бойынша іс жүргізу тоқтатылған.
Тағайындалған әкімшілік жазалардың ішінде айыппұл – 1 786 іс, әкімшілік қамақ – 1 094 іс, арнайы құқықтан айыру – 139 іс. Ал ескерту, Қазақстан Республикасынан шығару және қоғамдық жұмыстар сияқты өзге де жазалар 795 іс бойынша қолданылған.
Әкімшілік соттың қызметін тек жаза тағайындаумен шектеуге болмайды. Оның маңызды міндеттерінің бірі – құқықбұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық тәртіпті сақтау.
Осы тұрғыдан алғанда, белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдарға қатысты қозғалыс еркіндігін превентивтік шектеу шарасының қолданылуы да назар аудартады. Есепті кезеңде мұндай шара 97 іс бойынша қолданылған.
Сотта ең жиі қаралған істердің қатарында отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қарсы әрекеттер (ӘҚБтК-нің 73-бабы), қоғамдық орындарды ластау (434-2-бабы), көлік құралын масаң күйде басқару (608-бабы), шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың көші-қон саласындағы заңнаманы бұзуы (517-бабы), сондай-ақ жол жүрісі қағидаларын бұзу (610-бабы) бойынша әкімшілік құқық бұзушылықтар бар. Бұл санаттардың өзі қоғамда күнделікті кездесетін құқықтық мәселелердің ауқымын көрсетеді.

Әрбір істің артында адам тағдыры тұр

Сот төрелігінің ең жауапты бағыттарының бірі – қылмыстық істерді қарау. 2026 жылдың 7 айының қорытындысы бойынша Тараз қаласының №2 сотының өндірісіне 399 тұлғаға қатысты 334 қылмыстық іс түскен. Өткен жылдың осы кезеңінде 359 тұлғаға қатысты 299 қылмыстық іс болған.
7 ай ішінде 398 тұлғаға қатыс- ты 328 қылмыстық іс қаралып, аяқталған. Оның ішінде 319 тұлғаға қатысты 265 іс бойынша үкім шығарылған. Сот үкімдері бойынша 306 тұлғаға қатысты айыптау үкімі, ал 13 тұлғаға қатысты ақтау үкімі шығарылған.
Аяқталған істердің ішінде 315 тұлғаға қатысты 250 іс қылмыстарға, ал 83 тұлғаға қатысты 78 іс қылмыс- тық теріс қылықтарға байланысты болған. Соңғы санаттың ішінде 37 тұлғаға қатысты 32 іс жеке айыптау тәртібімен қаралған.
Салыстырмалы түрде алғанда, 2025 жылдың 7 айында 362 тұлғаға қатыс- ты 301 қылмыс- тық іс қаралып, аяқталған. Демек, биыл сотта өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 27 қылмыс- тық іске және 36 тұлғаға қатысты іске көп қаралған.
Сот өндірісіне түскен қылмыстық істердің басым бөлігін ауыр санаттағы қылмыстар құрайды. 2026 жылдың алғашқы 7 айында ауыр қылмыстар бойынша 234 тұлғаға қатысты 171 іс, ауырлығы орташа қылмыстар бойынша 63 тұлғаға қатысты 61 іс, онша ауыр емес қылмыстар бойынша 18 тұлғаға қатысты 18 іс қаралған. Сотталған 306 тұлғаның ішінде 193 тұлға, яғни 63,1 пайызы ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталған. Олардың 123-іне бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.
Ауырлығы орташа қылмыстар бойынша 48 тұлға сотталған, оның 21-іне бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Ал онша ауыр емес қылмыстар бойынша 17 тұлға сотталып, оның бесеуіне бас бостандығынан айыру жазасы белгіленген.
Бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған істердің арасында көлік құралын басқару құқығынан айырылған адамның масаң күйде көлік басқаруы, тонау, ұрлық, алаяқ- тық, денсаулыққа қасақана зиян келтіру, қылмыстық-атқару мекемесі әкімшілігінің заңды талаптарына бағынбау сияқты қылмыстық құқық бұзушылықтар бар.
Сонымен бірге адам өмірі мен денсаулығына, жол қозғалысы қауіпсіздігіне және мемлекеттік билік өкілдерінің қызметіне қарсы қылмыстар бойынша да бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.
Бұл жерде бір маңызды жайтты атап өткен жөн: соттың мақсаты – мүмкіндігінше көп адамды бас бостандығынан айыру емес, заңда көзделген әділ әрі негізді жазаны таңдау. Әрбір іс бойынша сот қылмыстың сипатын, оның салдарын, сотталушының жеке басын, жауаптылықты жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды жеке бағалайды.
Жаза өтеу мәселелері де сот бақылауында. Қылмыстық сот төрелігі үкім шығарумен ғана аяқталмайды. Жазаны орындау кезеңінде де заңда көзделген бірқатар мәселелер соттың қарауына жатады. 2026 жылдың 7 айында сот 891 материалды қараған. Оның 307-сі қанағаттандырылып, 571 материал бойынша қанағаттандырудан бас тартылған. Шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға қатысты 370 материал қаралған. Оның 157-сі қанағаттандырылса, 206 материал бойынша өтініш қанағаттандырусыз қалдырылған. Жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түрімен ауыстыру немесе тағайындалған жаза мерзімін қысқарту бойынша 404 материал қаралып, оның 126-сы қанағаттандырылған.

Саннан маңыздысы – нәтиже

Тараз қаласының соттары бойынша 2026 жылдың көрсеткіштеріне қарасақ, сот жүйесінің алдында тұрған міндеттердің ауқымын аңғаруға болады. Азаматтық сотта – азаматтардың мүліктік және қаржылық дауларынан бастап, интернеттегі алаяқ- тыққа байланысты талаптарға дейінгі мәселелер қаралуда. Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі сотта қоғамдық тәртіпті бұзу, отбасылық-тұрмыстық жанжалдар, көші-қон заңнамасын сақтау және жол қауіпсіздігіне қатысты істер басым. Ал қылмыстық сот төрелігінде адам өмірі мен денсаулығына, меншікке, қоғамдық және мемлекеттік қауіпсіздікке қарсы қылмыстар қаралады.
Бірақ осының бәрін біріктіретін бір ғана ұғым бар. Ол – адамның сотқа деген сенімі. Бір азамат үшін сот – бұзылған құқығын қалпына келтірудің жолы. Екіншісі үшін – заңсыз әрекеттен қорғанудың амалы. Үшіншісі үшін – өз кінәсіздігін дәлелдеудің соңғы мүмкіндігі.
Сот төрелігінің басты өлшемі – заңның үстемдігі, сот шешімдерінің әділдігі және әрбір адамның өз құқығы қорғалатынына деген сенімі. Тараз қаласының соттары осы қағидаттарды басшылыққа ала отырып, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, сот төрелігінің сапасын арттыруға және заң талаптарының біркелкі қолданылуын қамтамасыз етуге бағытталған жұмысты жалғастыра береді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.