Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Мемлекеттік қызмет туралы жаңа заң: тиімді басқаруға бастар қадам

0 35

Елімізде мемлекеттік қызмет саласын түбегейлі реформалайтын жаңа заң қабылданды. Жаңа түзетулер 2024–2029 жылдарға арналған арнайы тұжырымдама негізінде жасалған. Құжаттың түпкі мәні – цифрлық технологияларды енгізу, кадрлардың кәсібилігін арттыру және халыққа сапалы қызмет көрсететін «сервистік мемлекет» құру. Ендігі кезекте мемлекеттік органдардың жұмысы ең алдымен қарапайым халыққа қолайлы болуы тиіс.

Мемлекеттік қызмет көрсету барысында өтініште қателер анықталса немесе құжаттар пакеті толық болмаса, өтінішті бірден кері қайтаруға тыйым салынады. Мұндай жағдайда көрсетілетін қызметті алушыға олқылықтарды жоюға және жетіспейтін құжаттарды ұсынуға уақыт беріледі.

Мемлекеттік қызметшінің бойынан қандай қасиеттер табылуы қажет?

Жаңа заңда мемлекеттік қызметті өткерудің негізгі айқындалған.

Ол мемлекеттік қызметшілерге отаншылдық, кәсібилік, ашықтық, азаматқа бағдарлану, әдептілік және мінсіз бедел секілді талаптар жүктейді.

Қарапайым тілмен айтқанда, мемлекеттік қызметші өз жұмысын жақсы білуі, азаматпен дұрыс сөйлесуі, мәселені шешуге ұмтылуы және әр шешімі үшін жауап бере алуы керек.

Яғни, мемлекеттік қызметші үшін «құжатты орындау» ғана емес, «азаматтың мәселесін шешу» маңызды болады.

Мемлекеттік қызметші тұлғасының қалыптасуы мектеп қабырғасынан бастау алады.

Жаңа заңнаманың негізгі бағыттарының бірі — жас буынды мемлекеттік қызметке ерте жастан бейімдеу. Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметшілердің 35%-ға жуығын жастар құраса, енді бұл көрсеткішті мектеп қабырғасынан бастап арттыру көзделуде. Алдағы уақытта 11-12 сынып оқушыларына мемлекеттік басқару саласының артықшылықтары түсіндіріледі.

ҰБТ-дан жоғары балл жинаған түлектер мемлекеттік органдарға қажетті мамандықтар бойынша мақсатты гранттарға ие болады. Жоғары оқу орнын аяқтаған соң, олар жергілікті әкімдіктер мен басқармалардағы бастапқы лауазымдарға конкурссыз қабылданып, кемінде 3 жыл еңбек етуі тиіс. Осы кезеңнен кейін маман Мемлекеттік басқару академиясының магистратурасында білімін жетілдіріп, орталық немесе аймақтық органдарда басшылық қызметке тағы да конкурссыз тағайындала алады.

Мұндай жүйелі тәсіл жастарға өз болашағын кездейсоқ емес, нақты жоспарланған кәсіби мансап ретінде құруға жол ашады.

Мемлекеттік қызметке қабылдану процесі оңтайландырылды.

Жаңартылған заңнамаға сәйкес, мемлекеттік қызметке орналасудың үш түрлі тетігі қарастырылған: конкурс, заңда белгіленген ерекше реттердегі тікелей тағайындау және келісімшарттық негіз. Сонымен қатар, іріктеу үдерісі айтарлықтай жеңілдеді. Енді үміткерлер e-Qyzmet платформасы арқылы қашықтан бақ сынай алады.

Университетті үздік бітірген түлектерге де қолдау бар: GPA деңгейі 3,33-тен кем емес жастар аудандар мен ауылдардағы бастапқы лауазымдарға емтихансыз қабылданады. Сондай-ақ, уақытша бос орындарға 1 жылдық келісімшартпен тұру мүмкіндігі пайда болды. Бұл азаматтарға мемлекеттік секторды іс жүзінде көріп, өз әлеуетін тексеруге жағдай жасайды. Бұл кезеңдегі жұмыс уақыты жалпы мемлекеттік еңбек өтіліне толық қосылады.

Жаңа заң мемлекеттік қызметшілердің жағдайын қалай жақсартады?

Жаңа заңнама мемлекеттік аппаратқа орналасу тәртібін ғана емес, қызметкерлердің әлеуметтік пакетін де жақсартады. Мәселен, демалыс пен мейрам күндері атқарылған жұмыс үшін үстемақы төлеу көзделген. Сондай-ақ, еңбек өтілі ұзақ қызметшілерге қосымша демалыс күндері бөлінеді. Ал мемлекеттік секторда 25 жылдан астам еңбек еткен тұлғалар зейнет жасына жеткенде арнайы жәрдемақы алады.

Негізгі өзгеріс – көзқарастың өзгеруі

«Жаңа заңнаманың негізгі бағыты — мемлекеттік қызметтің мәнін трансформациялау. Ендігі кезекте шенеунік тек бұйрық орындаушы емес, азаматтардың мәселелерін заң аясында шешетін кеңесшіге айналуы тиіс. Бұл ретте мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты барынша қарапайым әрі қолжетімді ету көзделеді. Қорыта айтқанда, заңның басты мұраты — халыққа қызмет ететін мемлекеттік жүйе құру».

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.