Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Қазақ тілі – ұлттық рухтың ұйтқысы

0 47

Әрбір халықтың келешегін айқындайтын, тарихы мен тағдырын жалғайтын ең қуатты құрал – оның ана тілі. Мемлекетімізде 5 қыркүйектің Қазақ тілі күні ретінде аталып өтуі – ұлттық санамыздың жаңғырып, рухани құндылықтарымыздың жаңа сатыға көтерілгенінің айқын дәлелі.

2017 жылғы 31 қазандағы №689 Үкімет қаулысымен 5 қыркүйек Қазақстан халқы тілдері күні етіп белгілеуі – тарихи әділдіктің салтанат құруы. Бұл күні ұлт ұстазының рухына тағзым етіліп қана қоймай, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, оның мәртебесін көтеру мәселелері кеңінен талқыланады.
Бұл күн тек мереке ғана емес, бұл – қазақ тілінің өткеніне көз жүгіртіп, болашағына бағдар жасайтын маңызды тарихи белес. Тіл – қай халықтың болсын ғасырлар бойы жинаған рухани қазынасы, өмір тәжірибесі, дүниетанымы мен мінез-құлқының айнасы. «Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте» деп ақын Қадыр Мырза Әлі айтқандай, туған тіліміз – ұлттық болмысымыздың негізгі өзегі. Ал 5 қыркүйек күні аталып өтілетін Қазақстан халқы тілдері күні – еліміз үшін ерекше маңызы бар рухани мереке.
Бұл күннің кездейсоқ таңдалмағаны анық. Өйткені бұл дата қазақ халқының санасын оятып, қараңғылықтан жарыққа жетелеген қазақ тіл білімінің атасы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен тікелей байланысты.
Қазақ тілі – түркі тілдері шоғырының қыпшақ тобына жататын бай, орамды да шұрайлы тілдердің бірі. Оның тарихы көне түркі тарихи ескерткіштерінен бастау алып, ғасырлар бойы ауыз әдебиеті арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жетті. Жыраулар поэзиясы мен билердің шешендік сөздері тіліміздің көркемдік қуаты мен мазмұндық тереңдігін айқындап берді.
ХХ ғасырдың басында қазақ тілі қоғамдық-саяси қызметтің барлық саласында қолданылатын әдеби тіл деңгейіне көтеріле бастады. Алаш қайраткерлері, әсіресе «Қазақ» газетінің төңірегінде топтасқан зиялылар қауымы ана тілін дамытуды басты мақсат етіп қойды.
Қазақ тіл білімінің іргетасын қалап, оның ғылыми жүйесін жасаған тұлға – Ахмет Байтұрсынұлы. Оның атқарған еңбектері ұлттық сананы оятуда өлшеу- сіз рөл атқарды. Ұлт ұстазы атанған ұлы тұлға қазақ тілінің ғылыми жүйе- сін жасап, тұңғыш әліпби мен ана тілі сабақтарының оқулықтарын жазды. Оның «Тіл – халықтың жаны, тарихы, мәдениеті» деген қағидасы әрбір қазақ үшін өмірлік ұстанымына айналды.
А.Байтұрсынұлы араб жазуын қазақ тілінің дыбыстық ерекшеліктеріне сай жетілдіріп, «төте жазу» әліпбиін өмірге әкелді. Бұл миллиондаған қазақтың хат танып, білім алуына жол ашты. Ғылыми-лингвистикалық терминдерді қазақ тілінің төл табиғатына сай қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосты.
Ал 1912 жылы жарық көрген «Тіл-құрал» оқулығы – қазақ тілінде жазылған тұңғыш әдістемелік грамматика. Ол қазақ тілінің дыбыстық жүйесін, сөз таптарын және грамматикалық құрылымын жүйелеп берді. Ахмет Байтұрсынов өмірі мен қызметін өзінің ана тіліне арнап соңғы демі қалғанша, ұлттың рухы мен рухани тәуелсіздігі үшін күресті.
Ана тілі – мемлекеттілік тірегі. Алаш қайраткерлері «Өз тілі жоқ халық – өгей халық» екенін терең түсініп, мемлекеттіліктің басты белгісі ұлттық тіл екенін жас ұрпақтың санасына сіңірді. Олардың еңбектері бүгінгі тәуелсіз қазақ тілінің алтын діңгегіне айналды.
Қазақ тілі ғасырлар бойы талай қиын кезеңдерді бастан өткерді. Жоңғар шапқыншылығы мен отаршылдық дәуірінде де, кеңестік кезеңде де ұлт рухын сақтап қалған оның қайсар тілі еді. «Өз тілін білмеген, өз тілін сүймеген ел – өзге жұрттың боданы болуға лайық», – деп Мағжан Жұмабаев айтқандай, тілдің қадірін түсіну – ұлттық қауіпсіздік пен тәуелсіздіктің басты кепілі.
Бүгінгі таңда ана тіліміздің қолдану аясы кеңейіп, қоғамдық өмірдің барлық саласына еніп келе жатқаны қуантады. Жаһандану дәуіріндегі тіл тағдыры – біздің қолымызда. Қазіргі таңда жаһандану дәуірінде ана тілімізді сақтау, цифрлық кеңістікте орнын нығайту және жастар арасында қолданыс аясын кеңейту міндеті тұр. Сол себепті тілдің болашағы өзіміздің оны күнделікті өмірде қалай қадірлеп, қалай қолданатынымызға тікелей байланысты.
Тілдің ғұмыры – халықтың мәңгілік ғұмыры. Сондықтан ата-бабамыздан мирас болған қасиетті тілімізді ардақтап, оның қадірін биік ұстау баршамызға ортақ қасиетті борыш деп санаймын.

Нұрай ЕСМАМБЕТОВА,
Қ.Тұрысов атындағы мектеп-гимназияның 7-сынып оқушысы.
Тараз қаласы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.