Шаһарда жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша кешенді жұмыстар қарқынды жүргізіліп келеді. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, білім беру мекемелерінде арнайы жұмыс топтары құрылған. Құрамында полиция, білім, денсаулық сақтау, спорт саласының мамандары, жастар ұйымдары, депутаттар мен қоғам белсенділері бар топ мүшелері мектептерді аралауды бастап кетті. Алғашқы кездесулердің бірі №66 орта мектепте өтті.
Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу, отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол бермеу және жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында өткен жиынға Тараз қаласы отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің аға инспекторы Меруерт Оразалиева, ардагер ұстаз Ардақ Рысбаева, №2 қалалық емхананың дәрігері, топ жетекшісі Асылан Әбіков, №66 орта мектептің әлеуметтік педагогы Талшын Рахманқұлова, №7 спорт мектебі директорының орынбасары Артықбай Икежанов және Тараз қалалық мәслихатының депутаттары – Нұрлан Саурықов пен Қарлығаш Бибазарова қатысты.
Кездесу барысында жасөспірімдер арасындағы құқық- бұзушылықтың алдын алу, буллинг пен отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл, бала құқығын қорғау және салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері кеңінен сөз болды.
Арнайы топ мүшелері оқушылармен ашық пікір алмасып, құқықтық жауапкершіліктің маңызына тоқталды. Әсіресе, жасөспірімнің қауіпсіз ортасы мен психологиялық әл-ауқатын қамтамасыз етуде отбасы, мектеп және қоғамның өзара ықпалдас- тығы маңызды екені айтылды.
– Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу – бүгінгі қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Жасөспірімнің құқықтық сауаттылығын арттырып, заңды құрметтеуге тәрбиелеу арқылы көптеген келеңсіз жағдайлардың алдын алуға болады.
Профилактикалық шаралар барысында жасөспірімдермен ашық пікір алмасып, олардың құқықтары мен міндеттері, құқықбұзушылық жасаған жағдайда туындайтын жауапкершілік туралы түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Сонымен қатар отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол бермеу, буллинг пен әлімжеттіктің алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылады.
Әр бала өзін қауіпсіз сезінуге, өз ойын еркін жеткізуге және зорлық-зомбылықтан қорғалуға құқылы. Сондықтан бала тәрбиесіне ата-ана, білім беру ұйымы және құқық қорғау органдары бірлесе атсалысуы қажет. Жасөспірімнің мәселесін дер кезінде байқап, оған қолдау көрсету – үлкен жауапкершілік.
Мұндай кездесулердің басты мақсаты – жасөспірімдерді жазалау емес, құқықбұзушылықтың алдын алу, дұрыс бағыт көрсету және заң талаптарын түсіндіру. Баланың болашағына бейжай қарамай, оның қауіпсіздігі мен тәрбиесіне бірге жауапкершілікпен қарасақ, құқықбұзушылықтың алдын алуға мүмкіндік мол, – дейді Тараз қаласы Полиция басқармасының отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторы Меруерт Оразалиева.
Шара барысында сала мамандары өз тәжірибелерімен бөлісіп, оқушылардың көкейіндегі сауалдарға жауап берді. Жасөспірімдерге қандай да бір қиындық туындаған жағдайда оны іште бүкпей, ата-анаға, ұстазға немесе тиісті мамандарға жүгінудің маңызы түсіндірілді.
Бұл орайда №66 орта мектепте құқықтық тәрбие және құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы білім ордасы директорының құқықтық тәрбие ісі жөніндегі орынбасары атап өтті.
– №66 орта мектебінде білім алушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заң мен тәртіпті құрметтеу, құқықбұзушылықтың алдын алу және қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Мектепте «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында «Заң және тәртіп» қағидаты негізінде түрлі профилактикалық іс-шаралар, құқықтық түсіндіру жұмыстары, кездесулер, пікірталастар, тренингтер мен шығармашылық жобалар ұйымдастырылып келеді.
Осы бағыттағы жұмыстардың бірі – Б.Момышұлы атындағы «Жас прокурорлар» клубы. Клуб 8-9 сынып оқушыларынан құралған. Оның негізгі мақсаты – жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру, заң талаптарын білуге және сақтауға үйрету, азаматтық жауапкершілігін қалыптастыру, құқық қорғау саласына деген қызығушылығын дамыту.
Клуб жоспарына сәйкес, оқушылармен құқықтық тақырыптағы кездесулер, пікірталастар, рөлдік ойындар, сот процесін модельдеу, құқықтық ақпараттық жұмыстар, кітап оқу және TEDx форматындағы талқылаулар өткізіледі. Сонымен қатар оқушылардың мектеп ережелерін сақтауына, қоғамдық тәртіпке жауапкершілікпен қарауына және қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға бағытталған жұмыстар жүргізіледі.
Клуб мүшелері өз білімдерін тек мектеп көлемінде ғана емес, қалалық деңгейдегі іс-шараларда да көрсетіп келеді. Атап айт- қанда, қалалық «Заң және балалар: қатесіз болашақ» атты театрлық қойылымдар байқауында №66 орта мектептің оқушылары жүлделі І орынға ие болды. Бұл – оқушылардың құқықтық тақырыптарды шығармашылық арқылы меңгеріп, өз ойларын сахна тілімен жеткізе алатынының нақты нәтижесі.
Мектепте білім алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бейнебақылау жүйесінің жұмысы да қолға алынған. Мектепте 144 бейнебақылау камерасы орнатылған, оның 11-і орталық жедел басқару орталығына қосылған. Камералардың жұмыс жағдайы тұрақты тексеріліп, кезекшілік кестесіне сәйкес мониторинг жүргізіледі және арнайы журналға тіркеледі.
Сонымен қатар мектептің медициналық пунктінің жұмысы жүйеленіп, білім алушыларға алғашқы медициналық көмек көрсетуге қажетті жағдай жасалған. Медициналық пунктте дәрігер мен мейірбике қызмет атқарады.
Мектеп ұжымы үшін басты міндет – баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оның құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, құқықтық мәдениетін қалыптас- тыру және әр білім алушының жауапкершілігін арттыру.
«Заңды білу – құқықты қорғау- дың, тәртіпті сақтау – қауіпсіз болашақтың негізі» қағидатын басшылыққа ала отырып, №66 орта мектебінде құқықтық тәрбие мен профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады, – дейді Айнұр Беспай.
Жалпы, мұндай кездесулердің негізгі мақсаты – жасөспірімге жазадан бұрын жауапкершілікті, тыйымнан бұрын заңды, ал қорқыныштан бұрын қауіпсіздік ұғымын түсіндіру. Қала бойынша мұндай кездесулер жұмысшы топтармен 3-10 қыркүйек аралығында қаланың барлық мектептерінде өтеді.
Арайлым ШАБДЕНОВА