Төтенше жағдай қызметкерлерінің ең басты қасиеті – өрт пен жарылыстың, оқ-дәрі қоймасындағы алапат дүмпудің ортасында қалса да, олар өз өмірін емес, елдің амандығын бірінші орынға қояды. Жалын шарпыған ғимаратқа да, қираған нысанға да, ажал оғын шашқан қауіпті аймаққа да тайсалмай кіріп, адам өмірін арашалауға ұмтылады. Қауіп қанша жерден қатерлі болса да, қызметтік борышын орындаудан бас тартпау, соңғы сәтке дейін міндетіне адал болу – осы сала мамандарының болмысына айналған қасиет.
Нағыз батырлық биік сөзбен емес, қауіп пен қатердің ортасында өзгенің өмірін өз өмірінен жоғары қоя білумен өлшенеді. Кейде ерлік жасаған адамның есімі тарих бетінде ғана қалмайды, тұтас елдің жүрегіне жазылады. Сондай азаматтардың қатарында 2021 жылдың 26 тамызында Байзақ ауданында болған жарылыс кезінде қызметтік борышын адал атқарып, қаза болған тараздық төтенше жағдайлар қызметінің қызметкерлері бар.
Осыдан бес жыл бұрын Байзақ ауданындағы Қайнар ауылы маңында орналасқан әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасында алапат өрт шығып, соңы жойқын жарылыстарға ұласты. Сағат кешкі 19:00 шамасында басталған оқиға айналадағы елді мекендерді дүр сілкіндіріп, жарылыстың дүмпуі Таразға дейін жетіп, халықтың зәресін алды. Қою түтін мен қызыл жалынның ортасына бірінші болып өз міндетін адал арқалаған азаматтар кірді.
Бейбіт аспанға ажал уын сепкен оқ пен оттың ортасында ел қауіпсіздігін қорғаған облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру қызметі бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Мейіржан Айманов қызметтік міндетін атқару барысында қаза тапты. Ғұмырын ел тыныштығы мен адам өмірін қорғау- ға арнаған қайсар азамат 1995 жылдан бері азаматтық қорғау саласында абыройлы қызмет атқарып, кәсіби білімі мен мол тәжірибесін халық қауіпсіздігі жолына жұмсады. Ірі өрттерді сөндіру, іздестіру-құтқару жұмыстарына талай рет қатысып, қиын сәттерде батылдық пен табандылық танытты.
Қайғылы оқиға кезінде қаза тапқандардың қатарында азаматтық қорғау органдарында 1995 жылдан бері қызмет атқарып келген Александр Микропуло да бар. Ол өмірінің 26 жылын ел қауіпсіздігіне арнады. Талай төтенше жағдайдың ортасында жүріп, құтқару бөлімшелерінің жұмысына басшылық жасап, қиындыққа қарамастан адамдардың өмірін арашалауға бар күш-жігерін жұмсады. Соңғы кезекшілігінде де ол кәсіби борышына адалдығын танытып, оқиға орнында өз міндетін соңына дейін атқарды. Алайда ажал құрығынан құтыла алмай, ерлікпен қаза тапты.
Кезекшілік. Күнделікті қызмет. Дабыл үні. №3 өрт сөндіру бөлімінде азаматтық қорғау майо- ры ретінде жеке құрамға жетекшілік етіп, өрт пен төтенше жағдай кезінде жауапты шешімдер қабылдау Сергей Заикиннің жылдар бойы қалыптасқан қызметтік өмір ырғағы еді. Ол азаматтық қорғау органдарындағы еңбек жолын 2008 жылы бастап, қарапайым маманнан қарауыл бас- тығына дейінгі абыройлы жолдан өтті. Алайда 2021 жылдың 26 тамызы оның өміріндегі соңғы кезекшілік болды.
Сол бөлімде 2013 жылдан бері қызмет атқарып, кәсібін жетік меңгерген білікті маман ретінде танылған Елдос Сандыбаев та сол қаралы күні қызметтік антына адалдық танытып, ел қауіпсіздігі жолында жанын қиды.
Жарылыс кезінде қызметтік борышын атқарып, қаза тапқан ерлердің бірі – азаматтық қорғау сержанты, Тараз қаласы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы Тәңірберген Төребеков. Азаматтық қорғау органдарында 2004 жылдан бері қызмет атқарып, талай сын сағатта батылдығы мен кәсіби шеберлігін танытты. Айталық, 2018 жылы Тараз қаласындағы көпқабатты тұрғын үйде болған өрт кезінде Тәңірберген ондаған адамның, оның ішінде балалардың өмірін сақтап қалуға атсалысты. Ал 2019 жылы тұрғын үй кешеніндегі жарылыс орнына алғашқылардың бірі болып жетіп, тұрғындарды құтқару мен жүзден астам адамды қауіпсіз жерге эвакуациялау жұмыстарына зор үлес қосты. Өзгенің өмірін құтқаруды азаматтық борышы санаған арда азаматтың өзі 2021 жылғы алапат жарылыста қаза тапты. Артында үш ұлы мен әкесі ерлікпен қаза тапқаннан кейін дүниеге келген қызы қалды.
Байзақ ауданындағы жарылыс кезінде ел тыныштығы үшін алдыңғы шептен табылған азаматтардың бірі – сәби кезінен офицер болуды армандап, сол мақсатына нық қадам басқан жас маман Жәнібек Тұрманов еді. Санкт-Петербургтегі Өртке қарсы қызмет университетін сол жылы ғана тәмамдап, азаматтық қорғау саласындағы еңбек жолын енді бастаған Жәнібек жарылыс кезінде ауыр жарақат алады. Жас офицердің өмірі үшін дәрігерлер ұзақ уақыт бойы күресті. Алайда алған жарақаты тым ауыр болып, ол сол жылы 11 қыркүйекте Астана қаласында көз жұмды. Ел қауіпсіздігі жолында жанын қиған Жәнібектің ерлігі ескерусіз қалған жоқ. Ол қаза болғаннан кейін азаматтық қорғау лейтенанты атағына ие болды. Артында әкесінің есімін мақтанышпен алып өсіп келе жатқан ұлы Әлихан мен қызы Альмира қалды.
Сол бір қайғылы оқиғада ерлікпен қаза болған азаматтардың қатарында 1995 жылы Жамбыл ауданында дүниеге келген Ғафан Жомартұлы да бар еді. Ол 2016 жылы азаматтық қорғау органдарына қызметке келіп, ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы жауапты міндетті абыроймен атқарды. Қысқа ғұмырының өзін Отанға қызмет етуге арнаған жас маманның есімі жақындары мен әріптестерінің жадында мәңгілікке сақталып қалды.
Кей адамдардың ғұмыры қысқа болғанымен, артында өшпес із қалдырады. Солардың бірі – Тараз қаласы №3 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы, азаматтық қорғау сержанты Арнұр Тимирбулатов. 2016 жылдан бастап азаматтық қорғау органдарында қызмет атқарған Арнұр әріптестері арасында сабырлы мінезі, ширақ қимылы және өз ісіне деген тиянақтылығымен танылды. Ол талай мәрте от пен жалынның ортасына кіріп, адам өмірі мен мүлкін қорғау жолында кәсіби шеберлігін таныта білді. Қауіпке қарамай, өзгелердің өмірін құтқаруды парыз санаған жас құтқарушының ғұмыры да ел қауіпсіздігі жолында өтті.
Осындай жауапты жолды таңдаған азаматтық қорғау кіші сержанты, Тараз қаласы №4 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы Әділбек Әділет те 2015 жылдан бастап азаматтық қорғау органдарында қызмет атқарды. Білікті әрі батыл маман ретінде танылған ол талай күрделі өртті ауыздықтауға қатысып, әріптестерімен бірге адам өмірін арашалауда ерен еңбек етті. 2020 жылы дөңгелек қоймасында болған ірі өрт кезінде де кәсіби шеберлігін көрсетіп, адам шығынына жол бермеуге өлшеусіз үлес қосты. Алайда ержүрек азаматтың жас ғұмыры 2021 жылғы 26 тамыз- да қызметтік борышын орындау кезінде үзілді.
Қайғылы жарылыс кезінде жас қызметкер Әліби Кеңес те ерлікпен қаза тапты. Бар болғаны жиырма бір жасында қыршын кеткен Әлібидің қызмет жолын бастағанына небәрі бес ай болған еді. Жастығына қарамастан, ол ел алдындағы борышын өтеуді абырой санап, қауіпті сәтте кейін шегінбей, қызметтік міндетін өмірінің соңына дейін атқарды.
Ресми мәлімет бойынша, оқиға салдарынан әскери және кәсіби борышын атқару кезінде 17 адам қаза тапты. Олардың арасында әскери қызметшілермен бірге төтенше жағдайлар саласының мамандары да бар.
Иә, дәл сол күннен кейін осы азаматтардың шаңырағы үшін уақыттың өзі «26 тамызға дейінгі өмір» және «26 тамыздан кейінгі өмір» деп екіге бөлінгендей болды. Себебі бұл күн біреудің әкесін, біреудің жарын, біреудің бауырын, енді біреудің арманын алып кетті.
Қаза болған азаматтардың ерлігі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, барлығы мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың әрқайсысының тағдыры ел қауіпсіздігі жолындағы қызметтің қаншалықты жауапты әрі қасиетті екенін көрсетеді. Жастық жігерін Отанға қызмет етуге арнаған бұл азаматтардың ғұмыры қысқа болғанымен, ерлігі өлшеусіз.
Жылдар жылжып, жаңа үйлер бой көтереді. Көшелер жаңарады. Балалар өсіп, азамат болады. Кеше ғана болғандай көрінген 2021 жылдың 26 тамызы да тарихқа айналады. Бүгінде Байзақ даласында бес жыл бұрынғыдай жарылыс үні естілмейді. Ел өмірі өз арнасына түскен. Бірақ сол күннің үнсіз куәсі болған қоңыр дала мезгілсіз мерт болған азаматтардың ерлігін еске салып тұрғандай…
Жұматай КӨКСУБАЙ