Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау, сондай-ақ кәсіпкерлік нысандарында өрттің алдын алу – мемлекеттік органдардың басым бағыттарының бірі. Әсіресе, жаз мезгілінде ауа температурасының жоғарылауы, тұрмыстық газ баллондарын кеңінен пайдалану және халық көп шоғырланатын сауда орындарындағы қауіпсіздік талаптарының сақталуы ерекше маңызға ие. Осыған байланысты Тараз қаласының Жібек жолы ауданы аумағында «Өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау» тақырыбында кешенді түсіндіру және профилактикалық шаралар ұйымдастырылды.
Аталған жұмыстардың негізгі мақсаты – кәсіпкерлік субъектілерінің өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау деңгейін арттыру, төтенше жағдайлардың алдын алу, сондай-ақ нысан иелерінің қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру болды. Шаралар ауданның №1, №2, №3 және №5 аумақтық округтерінде орналасқан кәсіпкерлік нысандарын қамтып, жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдайлар саласының мамандарының бірлескен үйлесімді жұмысының нәтижесінде өткізілді.
Жібек жолы ауданы әкімдігі кәсіпкерлікті қолдау және ауыл шаруашылықты дамыты бөлімшесі, қалалық кәсіпкерлік бөлімі және Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдерінен құралған бірлескен жұмысшы топ аудан аумағындағы сауда желілері мен қоғамдық тамақтану орындарын аралап, өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуына қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Мамандар кәсіпкерлермен жеке кездесулер өткізіп, тұрмыстық газ жабдықтарын пайдалану кезінде орындалуға тиіс негізгі қауіпсіздік талаптарын егжей-тегжейлі түсіндірді. Сонымен қатар әрбір кәсіпкерге өрттің алдын алу бойынша арнайы ақпараттық жадынамалар таратылып, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау жөнінде ұсынымдар берілді.
– Түсіндіру жұмыстары барысында тұрмыстық газ баллондарын пайдаланатын барлығы 28 кәсіпкерлік нысаны қамтылды. Олардың қатарында дәмханалар, жылдам тамақтану нүктелері, дүкендер, нан цехтары, жанармай құю станциялары және өзге де халыққа қызмет көрсететін маңызды кәсіпкерлік субъектілері бар. Әрбір нысанда газ баллондарын пайдалану, сақтау және техникалық қызмет көрсету тәртібі түсіндіріліп, газ жабдықтарының жарамдылығын тұрақты бақылауда ұстаудың маңыздылығы айтылды. Сонымен қатар өрт сөндіру құралдарының қолжетімді болуы, электр желілерінің техникалық жағдайын қадағалау, эвакуациялық шығу жолдарының ашық болуы және төтенше жағдай туындаған кездегі іс-қимыл алгоритмі жөнінде жан-жақты ақпарат берілді. Мұндай түсіндіру жұмыстары кәсіпкерлердің қауіпсіздік талаптарына жауапкершілікпен қарауына және өндірістік тәртіпті күшейтуіне ықпал етеді, – дейді Жібек жолы ауданы әкімдігі кәсіпкерлікті қолдау және ауыл шаруашылығын дамыту бөлімшесінің басшысы Назима Ситалиева.
Жібек жолы ауданының кәсіпкерлік саласы жылдан-жылға дамып, тұрғындарға қызмет көрсететін нысандар саны артып келеді. Бүгінде аудан аумағында сауда және қызмет көрсету бағытында бақылауда тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы саны жүздеп саналады. Оның ішінде 388 азық-түлік дүкені, 56 дәріхана, 48 кафе, 29 ірі сауда орталығы, 26 монша, 20 мейрамхана, 15 қонақүй, 11 бассейн мен демалыс аймағы, сондай-ақ аудан экономикасында маңызды орын алатын екі ірі өнеркәсіп кәсіпорны – «Тараз қант зауыты» ЖШС мен Спирт зауыты жұмыс істейді.
Осындай ауқымды кәсіпкерлік инфрақұрылым жағдайында өрт қауіпсіздігін сақтау тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір кәсіпкердің, қызметкердің және азаматтың ортақ міндеті. Өйткені қауіпсіздік талаптарының сақталмауы адам өміріне қауіп төндіріп қана қоймай, елеулі материалдық шығындарға, өндірістің тоқтауына және қоршаған ортаға зиян келтіруі мүмкін. Сондықтан алдын алу шаралары кез келген төтенше жағдайдың салдарын жоюдан әлдеқайда тиімді әрі маңызды.
Жүргізілген профилактикалық жұмыстар барысында кәсіпкерлік субъектілеріне өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзған жағдайда Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жауапкершілік көзделетіні түсіндірілді. Сонымен қатар кәсіпкерлерге қауіпсіздік талаптарын тұрақты түрде сақтап, қызметкерлер арасында нұсқама жұмыстарын жиі өткізу, алғашқы өрт сөндіру құралдарының жарамдылығын бақылау және газ жабдықтарына уақытылы техникалық қыз- мет көрсетуді ұйымдастыру қажеттігі ескертілді.
Түсіндіру жұмыстарының басты нәтижесі кәсіпкерлердің өрт қауіпсіздігі мәселесіне деген жауапкершілігін арттыру, алдын алу шараларының тиімділігін күшейту және мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері арасындағы өзара іс-қимылды нығайту болды. Бірлескен жұмыс барысында кәсіпкерлер тарапынан қойылған сұрақтарға толыққанды жауаптар беріліп, қауіпсіздік талаптарын жетілдіруге қатысты ұсыныстар ортаға салынды.
Алдағы уақытта Жібек жолы ауданы аумағындағы кәсіпкерлік нысандарында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табады. Аудандық кәсіпкерлік бөлімшесі мен Төтенше жағдайлар департаменті бірлесіп, бақылау және түсіндіру іс-шараларын тұрақты ұйымдастыру арқылы төтенше жағдайлардың алдын алу жұмыстарын күшейтуді жоспарлап отыр. Мұндай кешенді жұмыстар азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, кәсіпкерлік нысандарының тұрақты қызметін сақтауға және қоғамдық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға өз үлесін қосатыны сөзсіз.
Өрт қауіпсіздігі – тек арнайы қызметтердің емес, әрбір азаматтың, әрбір кәсіпкердің және әрбір ұжымның ортақ жауапкершілігі. Қауіпсіздік талаптарын бұлжытпай орындау – адам өмірін сақтаудың, материалдық құндылықтарды қорғаудың және қоғамның тұрақты дамуын қамтамасыз етудің маңызды кепілі.
Арайлым ШАБДЕНОВА