Дабыл үні естілген сәтте уақытпен санаспай, қауіп төнген жерге бірінші болып жететін төтенше жағдайлар қызметкерлерінің еңбегі – ел тыныштығын күзеткен жауапты қызметтің бірі. Өрт пен түрлі оқыс оқиғалар кезінде адам өмірін арашалап, қиын сәтте батыл шешім қабылдайтын сала мамандарының міндеті мұнымен ғана шектелмейді. Қауіптің алдын алу, тұрғындарға қауіпсіздік талаптарын түсіндіру, әсіресе, жас ұрпақтың бойына сақтық мәдениетін қалыптастыру бағытында да жүйелі жұмыстар атқарып келеді.
Әне-міне дегенше жазғы демалыс та аяқталып, жаңа оқу жылы басталды. Оқушылардың мектепке қайта оралуымен бірге олардың қауіпсіздігіне қатысты жауапкершілік те арта түседі. Себебі бала үшін мектеп – білім алатын ғана емес, күнделікті уақытын өткізетін маңызды орта. Мұнда өрт қауіпсіздігін сақтау, төтенше жағдай кезінде дұрыс әрекет ету, эвакуация тәртібін білу сынды қарапайым қағидалардың маңызы зор.
Осыны ескерген Тараз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері жаңа оқу жылының басталуына орай қала мектептерінде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Сала мамандары мұғалімдер мен оқушыларға қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттігін айтып, төтенше жағдай туындаған кезде абдырап қалмай, нақты әрі дұрыс әрекет етудің жолдарын түсіндіріп жатыр.
Кездесулер барысында, ең алдымен, өрт қауіпсіздігіне баса мән беріледі. Оқушыларға өрт шыққан жағдайда не істеу керектігі, қауіпті аймақтан қалай қауіпсіз шығу қажеттігі және қандай жағдайда жедел қызметтердің көмегіне жүгіну керектігі айтылды. Сонымен қатар электр құрылғыларын пайдалану кезінде сақтық таныту, бейтаныс заттарға жақындамау, ғимараттан эвакуациялау кезінде белгіленген бағытты ұстану жөнінде кеңестер беріледі.
Түсіндіру жұмыстары барысында оқушылар сала мамандарына өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, төтенше жағдай кезіндегі іс-қимыл алгоритмдерімен танысуда. Қауіпсіздік талаптарын білу және оны айналасындағыларға да жеткізу әр адамның азаматтық жауапкершілігі екені де жан-жақты түсіндірілуде.
Қауіпсіздік талаптарын түсіндірумен қатар, адам өмірін құтқару жолында күн сайын сақадай сай тұратын мамандардың кәсіби даярлығы да назардан тыс қалған емес. Осы бағыттағы дайындықты жетілдіру мақсатында Тараз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының №20 өрт сөндіру бөлімінде жеке құрамның дене шынықтыру және кәсіби даярлық деңгейін арттыруға бағытталған жаттығу өткізілді.
Таза ауада ұйымдастырылған жаттығуға газ-түтіннен қорғау қыз- метінің (ГТҚҚ) буыны тартылып, өрт сөндірушілер тыныс алу аппараттарымен практикалық жұмыс- тар жүргізді. Арнайы жабдықпен жұмыс істеу барысында мамандар физикалық жүктемелерді орындап, жоғары төзімділік пен шапшаңдықты талап ететін жаттығуларды пысықтады.
Сонымен қатар Төтенше жағдайлар қызметкерлерінің кәсіби дайындығының маңызы күнделікті қызмет барысында айқын көрінеді. Әсіресе, өрт кезінде санаулы секундтың өзі адам өмірін сақтап қалуда шешуші рөл атқарады. Жақында болған оқиға – соның бір дәлелі.
Өткен аптада Тараз қаласындағы «Жансая» (11) шағынауданында орналасқан бес қабатты тұрғын үйдің үшінші қабатындағы пәтер балконының жанғаны туралы хабарлама түсті. Өрт жоғары қарай таралып, төртінші және бесінші қабаттардың балкондарына өткен. Құтқарушылардың жедел әрі үйлесімді әрекетінің нәтижесінде үшінші қабаттағы пәтерден ер адам құтқарылды. Сонымен қатар құтқарушылар баспалдақ арқылы тұрғын үйден 23 адамды, оның ішінде 8 баланы қауіпсіз жерге шығарды.
Жайдары жаз артта қалып, күздің алғашқы айы да басталды. Бұл кезең – жылыту маусымына дайындықты пысықтайтын маңызды уақыт. Осыған байланысты Тараз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері «Химик» алабында «Таза түтін мұржасы» республикалық акциясы аясында профилактикалық іс-шара өткізді.
Шараға құтқарушылар, еріктілер және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты. Мамандар тұрғындармен кездесіп, жылыту маусымы кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтаудың маңызын түсіндірді. Әсіресе, жеке тұрғын үйлердегі пештерді дұрыс пайдалану, түтін мұржаларын уақытылы тазалау және олардың жарамдылығын алдын ала тексеру қажеттігі туралы түсіндірілді.
Құтқарушылар тұрғын үйлерді аралап, жылыту пештері мен түтін мұржаларының жағдайын тексерді. Анықталған мәселелер бойынша тұрғындарға тиісті ескертулер жасалып, қауіпсіздік талаптарын сақтау жөнінде кеңестер берілді. Сонымен қатар мамандар түтін мұржаларын тазалауға практикалық көмек көрсетті.
Түсіндіру жұмыстары барысында тұрғындарға уытты газдың адам өміріне аса қауіпті екені де ескертілді. Пешті дұрыс пайдаланбау, түтін жолдарының бітелуі немесе ақаулы жылыту жүйесі қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін екені түсіндірілді. Сондықтан жылыту маусымы басталмай тұрып барлық пештер мен түтін мұржаларын тексеріп, анықталған ақауларды дер кезінде жоюдың маңызы атап өтілді.
Мұндай профилактикалық іс-шаралар жылыту маусымы басталғанға дейін тұрғындардың қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталды. Алдағы жылыту кезеңінің қауіпсіз өтуі, ең алдымен, әр тұрғынның жауапкершілігіне байланысты. Сондықтан сала мамандары азаматтарды қауіпсіздік талаптарына немқұрайлы қарамау- ға, пештер мен түтін мұржаларын алдын ала тексеруге және жылыту құралдарын пайдалану кезінде барынша сақ болуға шақырды.
Жалпы, қауіптің қай уақытта және қай жерден туатынын алдын ала болжау мүмкін емес. Сондықтан кез келген төтенше жағдайға жедел әрекет етуге дайын болу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – құтқарушылардың басты міндеттерінің бірі.
Өткен аптада Тараз қаласының «Ұлы дала» (15) шағынауданындағы көппәтерлі тұрғын үйдің бесінші қабатындағы пәтер балконының жанғаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар жағдайды бағалап, өртті сөндіру жұмыстарына кірісіп, нәтижесінде өрт уақытында сөндірілді.
Жоғарыда аталған іс-шаралар мен оқиғалардың барлығы төтенше жағдай туындаған кезде сала мамандарының оқиға орнына жедел жетіп, адам өмірі мен қауіпсіздігін қорғау қызметтік борышы екенін көрсетті.
Құтқарушылар үшін әрбір шақырту – үлкен жауапкершілік, өйткені олардың дер кезінде жасаған әрекеті адам өмірін сақтап қалуға, төтенше жағдайдың ауқымын азайтуға және материалдық шығынның алдын алуға мүмкіндік береді. Сондықтан кез келген қауіп байқалған жағдайда уақыт жоғалтпай, «112» бірыңғай нөміріне хабарласудың маңызы зор. Қоңырау арқылы оқиға туралы нақты ақпарат беру құтқару қызметтерінің қажетті күш пен құралды дер кезінде оқиға орнына бағыттауына мүмкіндік береді.
Алайда қауіпсіздік сақталуын қадағалау тек төтенше жағдайлар қызметкерлерінің міндеті емес. Күнделікті тұрмыста өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау, электр және жылыту құралдарын дұрыс пайдалану, балаларды қарау- сыз қалдырмау, пештер мен түтін мұржаларының жарамдылығын алдын ала тексеру сияқты қарапайым сақтық шаралары көптеген келеңсіз жағдайдың алдын алады. Қауіптің алғашқы белгілеріне бейжай қарамай, дер кезінде әрекет ету арқылы адам өз өмірін ғана емес, айналасындағы жақындарының, көршілерінің және басқа да азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қоса алады. Бір қарағанда қарапайым көрінген сақтықтың өзі үлкен қауіптің алдын алатын маңызды қадам болуы мүмкін.
Ең бастысы, әр адам өз қауіпсіздігіне өзі жауапты екенін ұмытпағаны жөн. Құтқарушылар қандай жағдай болмасын көмекке келуге дайын болғанымен, төтенше жағдайдың алдын алудың алғашқы қадамы әр азаматтың өзінен басталады. Сондықтан қауіпсіздік ережелерін білу жеткіліксіз, оны күнделікті өмірде қатаң сақтау қажет. «Сақтықта қорлық жоқ» деген халық даналығы осындайда ойға оралады. Өз өміріміз бен жақындарымыздың амандығын ойласақ, қауіпсіздік талаптарына немқұрайлы қарамай, қауіпті жағдайдың алдын алуға барынша жауапкершілікпен қарағанымыз абзал.
Карина КАРТАШОВА,
облыстық Төтенше жағдайлар
департаментінің ресми өкілі