Тарихы тереңнен тамыр тартқан Тараз – уақыттың талай белесін артқа тастап, ғасырлар көшіне ілескен көне шаһар. Ұлы Жібек жолының бойында өркениеттер тоғысқан, талай тарихи оқиғаның куәсі болған қасиетті мекен бүгінде жаңа дәуірдің тынысын сезінуде. Көне шаһардың әрбір көшесі мен әрбір нысаны өткеннің өнегесін айшықтаса, бой көтерген жаңа ғимараттар мен жаңарған инфрақұрылым қаланың жарқын болашаққа бет алғанын аңғартады. Осыдан тура 4 жыл бұрын қала әкімі қызметіне кіріскен Бақытжан Орынбеков шаһар тіршілігін одан әрі жандандыра түсті. Осы уақыт аралығында түрлі салада ауқымды жұмыстар атқарылып, инфрақұрылымды жаңғырту, абаттандыру, әлеуметтік нысандарды дамыту және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылды.
Көлік қозғалысы – шаһар тіршілігінің күретамыры
2024 жылғы 29 қаңтарда ҚР Үкіметінің №44 қаулысымен Тараз қаласының жаңа Бас жоспары бекітілді. Соған сәйкес, қала аумағына 14 елді мекен және 2 саяжай қосылды. Нәтижесінде шаһар аумағы 12,9 мың гектарға ұлғайды. Бұл өз кезегінде көлік қозғалысына тікелей әсер ететіні белгілі. Осы мақсатта қалада ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр.
Атап айтқанда, Абай даңғылының теміржол үсті арқылы өтетін жол өткелі мен жаяу жүргіншілер өткелінің құрылысы басталды. Жоба құны 16,9 миллиард теңгені құрайды.
– Бұл жобаны іске асыру Тараз қаласының тұрғындары үшін көлік логис- тикасын едәуір жақсартуға, автокөлік қозғалысының тиімділігін арттыруға және тұрғындар үшін көлік қауіпсіздігінің жоғары деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар Абай даңғылының Сыпатай батыр көшесінен Жамбыл даңғылына дейін Тараз қаласындағы темір жол және өнеркәсіптік аймақ арқылы эстакада салу жобасы әзірленді. Құны – 23,04 миллиард теңге. Аталған эстакада салынған жағдайда ел аузында «горбатый мост» атанып кеткен жерүсті көпіріндегі көлік кептелісі едәуір азайып, шаһардың шығыстан кіреберіс жолына және «Балауса» шағынауданына тікелей қатынауға мүмкіндік туады. Жоба құрылысын жергілікті бюджет есебінен 2027 жылы бастау көзделіп отыр. Сондай-ақ Талас өзені арқылы өтетін көпірдің қайта жаңғырту жұмыс- тарына жобалық сметалық құжаттары дайындалып, сараптамадан өтті.
Бұдан бөлек, өткен жылы «Ұлы дала» шағынауданынан Асанбай Асқаров көшесіне «Қапал» каналының үстінен өтетін автомобиль көпірінің құрылысы аяқталған болатын. Таразда бұл бағыттағы ілкімді істер тек осылармен шектелмейді. 2027-2028 жылдары «Құмшағал» және «Бурыл» станцияларында жаяу жүргінші көпірлерін салу жоспарланып отыр, – дейді қала әкімі Бақытжан Орынбеков.
Таразда 4 жылда 516 көшеге асфальт төселді
Қаланың қарқынды дамуы мен тұрғындар санының артуы жол инфрақұрылымына қойылатын талапты да күшейте түсуде. Сапалы әрі қауіпсіз жол тұрғындардың күнделікті жүріп-тұруына қолайлылық сыйлап қана қоймай, шаһардың экономикалық және әлеуметтік дамуына зор септігін тигізеді. Осыған орай Таразда соңғы 4 жылда жолдарды жөндеу, көшелерді жаңғырту және көлік қозғалысын реттеу бағытындағы жұмыстарға айрықша басымдық беріліп келеді.
Кеңірек тоқталсақ, 2022-2025 жылдары Таразда 325,2 шақырымды құрайтын 516 көшеге асфальт, 320 көшеге қиыршық тас жол салынды. Әсіресе, көптен бері өзекті мәселе болып келген «Бурыл А,Б,В» алабында – 75 және «Барысхан» тұрғын алабында 24 көшеге асфальт жабындысы төселді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде соңғы 4 жылда қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 56,2 пайыздан 71,5 пайызға дейін артты.
Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де толастаған жоқ. Осы жылдың жоспарына сәйкес, ұзындығы 34,7 шақырымды құрайтын 42 көшеге, ұзындығы 14,8 шақырымды құрайтын жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ Рысбек батыр көшесінде қайта жаңғырту жұмыстары аяқталса, Қолбасшы Қойгелді, А.Асқаров көшелерін жаңғырту әлі де жалғасып жатыр. Бұл көшелерде жол жабынын толық жаңарту, инженерлік желілерді ретке келтіру, жол жиегін абаттандыру және көлік қозғалысын заманауи талаптарға сәйкес- тендіру жұмыстары қатар атқарылып жатыр. Жобалар аяқталғаннан кейін көлік ағынының өткізу қабілеті артып, жолдардың пайдалану мерзімі ұзарады.
Жарқыраған көше жаяу жүргіншіге жайлы
Қаланың заманауи келбетін қалыптастырып, тұрғындарға жайлы әрі қауіпсіз орта жасау – абаттандыру жұмыс- тарының маңызды бағыттарының бірі. Әсіресе, түнгі уақытта көшелердің жарық болуы тұрғындардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етіп қана қоймай, шаһардың көркіне де өзіндік сән қосады. Осыған байланысты Таразда көшелерді жарықтандыру жұмыстары соңғы жылдары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.
2022-2026 жылдар аралығында қала бойынша 319 көшеге түнгі жарық шамдары орнатылды. Бұл жұмыстар шаһардың орталық көшелерімен қатар, тұрғындар жиі қатынайтын және инфрақұрылымдық нысандарға апаратын аумақтарды да қамтып отыр.
Қала аумағының кеңеюімен бірге елді мекендер мен саяжай алқаптарының инфрақұрылымын дамыту мәселесі де өзектене түсті. Осы ретте шаһар маңындағы саяжай алқаптарын электр қуатымен тұрақты қамтамасыз ету мақсатымен құны 8,4 миллиард теңге болатын жоғары вольтты желілер мен қосалқы станциялар құрылысы қолға алынып, 2025 жылы толық аяқталды. Бұған дейін аталған аумақтарда қосалқы электр станцияларының болмауына байланысты электр қуаты жиі өшетін. Соның салдарынан тұрғындар бірқатар қиындыққа тап болып келді. Жаңа электр инфрақұрылымының іске қосылуы бұл мәселені түбегейлі шешуге мүмкіндік берді. Бұған дейін саяжай алқаптарының тұрғындары электр қуатын «Қазфосфат» ЖШС-дан алып, заңды тұлға ретінде 52 теңге тарифімен төлеп келген болса, жаңа жүйенің іске қосылуымен электр энергиясының құны 24,3 теңгеге дейін төмендеді.
Көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларына да мән берілді. Осы мақсатпен 2023-2025 жылдары 908 аула жарықтандырылды.
Баспана – бақыт шамы
Тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету, құрылыс қарқынын күшейту, жаңа тұрғын аудандарын қалыптастыру, инженерлік инфрақұрылымды дамыту және ескі тұрғын үйлерді жаңғырту бағытындағы жұмыстар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей ықпал ететіні белгілі. Бұл тұрғыда Тараз қаласында құрылыс саласы қарқынды дамып, тұрғын үй қорын ұлғайту мен қала келбетін жаңғыртуға бағытталған ауқымды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.
Соңғы жылдары Таразда баспанаға деген сұраныс айтарлықтай артты. Қазіргі таңда тұрғын үй алу кезегінде 32 мыңнан астам азамат тіркелген. Осыған байланысты бүгінде «Ұлы дала» шағынауданында – 11, «Балауса» шағынауданында – 17, «Шапағат» шағынауданында 34 көпқабатты тұрғын үй салынып жатыр. Шаһар басшысының айтуынша, биыл облыс орталығында 62 тұрғын үй көтеруде. Бүгінге дейін оның 4-еуі ел игілігіне беріліп үлгерсе, жыл соңына дейін тағы 27 тұрғын үй құрылысын аяқтау көзделіп отыр екен.
– Жалпы, 2023-2026 жылдары қала аумағында жалпы 52 тұрғын үйдің кілті табысталды. Соның нәтижесінде 3 мыңға жуық отбасы баспаналы болды. Сондай-ақ осал топтағы жандар үшін 1 128 пәтер сатып алынды. Биылға әлеуметтік осал санаттағы кезекте тұрған азаматтарға тағы 180 пәтер сатып алу үшін 2,5 миллиард теңге бөлінді.
Жеке тұрғын үй құрылысы үшін кезекте тұрған азаматтарды жер телімімен қамтамасыз ету мақсатымен жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Өткен жылдары «Ұлы дала» шағынауданынан – 170, «Шаңырақ», «Қарасу» алаптарынан 105 жер телімі кезекте тұрған азаматтарға бөлінді. Қазіргі таңда Асанбай Асқаров көшесінің соңындағы алаптан 46,4 гектар және «Хамукат» алабынан 125 гектар жер телімі мемлекет қажеттілігі үшін алынып, қажетті инфрақұрылымдар жүргізілуде. Бұл жұмыстар толық аяқталғаннан кейін «Хамукат» тұрғын алабынан – 524, ал Асанбай Асқаров көшесінің соңынан 341 жер телімі кезекте тұрған азаматтарға беріледі, – дейді Бақытжан Әмірбекұлы.
Талайдың таңданысын тудырған тұрғын үйлер
Соңғы жылдары көне шаһарда халық санының артуы, тұрғын үйге деген сұраныстың өсуі және қаланың қарқынды кеңеюі коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарын жаңа деңгейге көтеруді талап етуде. Жаңа тұрғын үй кешендерінің бой көтеруімен қатар, ондаған жыл бұрын салынған көпқабатты үйлердің техникалық жағдайын жақсарту мәселесі де күн тәртібінен түскен емес. Себебі уақыт өте келе тұрғын үйлердің инженерлік жүйелері тозып, шатырлары мен қасбеттері ескіріп, олардың тұрғындарға жайлы әрі қауіпсіз қызмет көрсету мүмкіндігі төмендей бастайды.
Қазіргі заманғы урбанистика талаптарына сәйкес, тұрғын үй қорын жаңғырту тек ғимараттарды жөндеумен шектелмейді. Бұл – энергия тиімділігін арттыру, инженерлік жүйелердің сенімді жұмысын қамтамасыз ету, тұрғындардың қауіпсіздігін күшейту, аулалар мен қоғамдық кеңістіктердің эстетикалық келбетін жақсарту, сондай-ақ қаланың сәулеттік тұтастығын қалыптастыруға бағытталған кешенді жұмыс. Мұндай жобалар тұрғындардың өмір сапасын жақсартып қана қоймай, қаланың инвестициялық және туристік тартымдылығын арттыруға да оң әсерін тигізеді.
– Қазіргі таңда қалада 1 438 көппәтерлі тұрғын үй бар болса, оның 1 103-інің пайдалануға берілгеніне 30 жылдан астам уақыт өткен. Мұндай үйлердің басым бөлігінде инженерлік жүйелер ескіріп, қасбеттері мен шатырларына жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттілігі туындаған.
Осыған байланысты биыл 73 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Күрделі жөндеу барысында тұрғын үйлердің шатырлары, инженерлік желілері, кіреберістері, қасбеттері және басқа да ортақ мүліктері жаңартылып, тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсартуға мүмкіндік жасалады.
Сонымен қатар қаланың сәулеттік келбетін жақсарту бағытындағы жұмыс- тар да жүйелі түрде жалғасып келеді. Бірыңғай сәулеттік стиль қалыптастыру мақсатымен орталық көшелер бойындағы тұрғын үйлердің қасбеттерін жаңарту жобасы жүзеге асырылуда. Биыл осы жоба аясында Ыбырайым Сүлейменов көшесінің бойында орналасқан 9 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттеріне жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде құрылыс жұмыстарының 60 пайызы аяқталды, – дейді қала әкімі.
Жалпы, бұл бағыттағы ілкімді істер тек биыл ғана басталған жоқ. Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков шаһар басшысы қызметіне кіріскен сәтте ең әуелі Даму жоспарын әзірлеген болатын. Аталған жоспардағы басты міндеттердің бірі тұрғын үйлерді жаңғыр- ту болғаны белгілі. Нәтижесінде 2024 жылы Төле би даңғылының бойындағы 12 үйдің қасбеті жөнделсе, былтыр Абай даңғылы, Әйтеке би және Қазыбек би көшелеріндегі 15 тұрғын үйдің сыртқы келбеті жаңаша кейіпке енді.
Қоғамдық көліктердің қатары көбейді
Қала аумағы кеңейіп, жолаушылар ағыны артқан сайын қоғамдық көлік жүйесіне түсетін жүктеме де көбейеді. Осындай жағдайда жаңа автобустар шығару, бағыттарды оңтайландыру, қыз- мет сапасын көтеру мен тасымал жүйесін жаңғырту – уақыт талабынан туындаған қажеттілік. Бұл шаралар тұрғындардың уақытын үнемдеуге, қатынас қолайлылығын арттыруға, көлік кептелісін азайтуға және экологиялық жүктемені төмендетуге де ықпал етеді.
Сондықтан шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков қала тізгінін ұстай салысымен осы мәселені шешуге ерекше екпін түсірді. Соған сәйкес қаланың 2023-2025 жылдарға арналған Даму жоспарында жыл сайын 70 қоғамдық көлік алу көзделген болатын. Өз кезегінде бұл жұмыстар қоғамдық көліктердің тозу деңгейін төмендетуге, тұрғындар үшін сапалы, қолайлы тасымал ұйымдас- тыруға бағытталды.
Аталған жоспарға сәйкес, 2023 жылы – 73, 2024 жылы – 155, өткен жылы 91 қоғамдық көлік алынды. Биыл жыл басынан бері 10 автобус жеткізілді. Осылайша жаңарған қоғамдық көліктердің саны 366-ға жетті. Нәтижесінде жаңа автобустардың үлесі 57 пайыздан 82,9 пайызға артып отыр. Қоғамдық көлік саны 330 бірлік автобустан 522 бірлік автобусқа дейін көбейді. Жолаушылар бағыттарына қосымша 13 бағыт қосылып, қазіргі уақытта 46 бағытқа жетті. Соңғы 3 жылда тасымалданған жолаушылардың саны 36,5 пайызға немесе 14,4 млн жолаушыға артты.
Бұдан бөлек, ағымдағы жылы «Алматыэлектротранс» ЖШС-дан 50 дана автобус коммуналдық меншікке алынуда. Бұл автобустар автопарктерге сенімгерлік басқаруға беріледі. Сонымен қатар соңғы жылдары 196 жаңа аялдама орнатылған. Бұл жұмыстар әлі де өз жалғасын табуда.
Жылу желілерін жаңғырту – жауапты жұмыс
Қаланың тіршілік тынысын қамтамасыз ететін негізгі жүйелердің бірі – жылу желілері. Оның тұрақты әрі сенімді жұмыс істеуі тұрғындардың жайлы өмір сүруіне, әлеуметтік нысандардың үздіксіз қызметіне және шаһар экономикасының қалыпты жұмысына тікелей әсер етеді. Сондықтан жылу желілерін жаңғырту тұрғындардың қауіпсіздігі мен өмір сапасын арттыруға бағытталған стратегиялық маңызы бар жұмыс екені белгілі.
– Осы мақсатпен басталған жұмыс- тар аясында биыл «М-3» магистралінің құрылыс жұмыстары толық аяқталып, «Самал» (7), «Алатау» (8) шағынаудандарының ішкі кварталдық жылу желілерін қайта жаңғырту жұмыстары қарқынды жүруде.
Сонымен қатар «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында «Таразтранс- энерго» мекемесінің 2026 жылға арналған МЭКС платформасына «Тараз қаласындағы ТК-128 ішкі кварталдық жылу желілерін реконструкциялау» және «Тараз қаласындағы ТК-512 ішкі кварталдық жылу желілерін реконструкциялау» жобалары орналастырылды.
Қазіргі уақытта облыс орталығындағы жылу желілерінің тозу деңгейі 70,4 пайыздан 66,4 пайызға дейін төмендеді. Бұдан бөлек, қаладағы жылу желілерін қайта жаңғыртудан өткізу бойынша 7 жоба бойынша республикалық бюджетке өтінім ұсынылды, – деген шаһар басшысы жоғарыда атап өткен жобалар толық іске асырылған жағдайда жылу желілерінің тозу деңгейі 51 пайыз- ға дейін төмендейтінін айтады.
Мәдениет – руханият тірегі
Мәдениет – адамзат өркениетінің ең асыл қазынасы, ұлттың рухани келбетін айқындайтын басты құндылықтардың бірі. Әр халықтың өзіне тән салт-дәстүрі, тілі, әдебиеті, өнері, тарихы мен дүниетанымы болады. Осылардың барлығы бірігіп, сол халықтың мәдениетін қалыптастырады. Сондықтан мәдениет – ұлттың өткені мен бүгінін жалғап, болашағына бағыт беретін рухани көпір.
Бұл ретте облыс орталығында аталған саланы дамытуға көп көңіл бөлініп отыр. Айталық, өткен жылы «Құмшағал» алабында 140 орынға арналған мәдениет үйінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ «Ұлы дала» (15) шағынауданында 40 мың кітап қоры бар жаңа кітапхана ғимараты ашылды. Ал Ы. Дүкенұлы атындағы мәдениет үйінің құрылымында Жастар театры өз жұмысын бастады.
Бұған қоса жуырда «Сұлутөр» алабында екі қабатты ғимаратқа ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, заманауи талаптарға сай жабдықталып, жаңа кітап- хана ел игілігіне берілді. Қала әкімдігінің қолдауымен ашылған нысанда кітап қоры 9 418 дананы құрайды. Онда оқырмандардың кітап оқып, компьютерлік білімін жетілдіруіне, бос уақыттарын тиімді өткізуіне және өзара пікір алмасуына барлық мүмкіндік қарастырылған.
Атап айтқанда, руханият ордасына келушілердің бос уақытын тиімді әрі пайдалы өткізуіне, жан-жақты дамуына ықпал ету мақсатымен «Домбыра», «Сурет салып үйренеміз», «Қолөнер» және ардагерлерді компьютерлік сауаттылыққа үйрететін «Компьютерді оңай үйренеміз» үйірмелері жұмыс істейді.
Сонымен қатар «Коворкинг» білім орталығында жастармен әртүрлі тақырыпта мәдени шаралар өткізіледі. Сондай-ақ абонемент, оқу залы бөлімдерінде ақын-жазушылардың мұралары, тарихи бастаулары көне дәуірлердің тереңіне бойлап жатқан басылымдар топтастырылған.
Мәдениет саласындағы тағы бір жарқын жоба – «Балауса» (14) шағынау- данында бой көтеретін заманауи салтанат сарайы. Таяуда құрылысы басталған мәдениет ордасында халықаралық және республикалық деңгейдегі концерттер, фестивальдер, театр қойылымдары, конференциялар мен түрлі ресми шаралар өткізуге барлық жағдай жасалады. Жобада сахна, 1 300 орындық көрермендер залы, 90 орындық баспасөз бөлмесі, гардероб және сахна қызметін қамтамасыз етуге арналған арнайы жайлар қарастырылған.
Жалпы аумағы 13 мың шаршы метрді құрайтын жаңа ғимарат заманауи техникалық жабдықтармен, соңғы үлгідегі жарық және дыбыс құрылғыларымен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ аудармашыларға арналған арнайы кабиналар қойылып, нысанның барлық кеңістігінде қажетті дыбыс оқшаулағыштар орнатылады. Бұдан бөлек, тұрғындардың бос уақытын тиімді әрі пайдалы өткізуіне ықпал ету мақсатымен домбыра, би, вокал, бейнелеу өнері, қолөнер, актерлік өнер шеберлігі және сұранысқа сәйкес өзге де үйірмелер ашылады. Ерекше атап өтерлігі, салтанат сарайының құрылысы «Қазфосфат» компаниясы демеушігімен жүзеге асырылып жатыр.
Қазіргі таңда Тараздағы ең ірі концерттік зал 951 орынға арналған. Аталған нысан 1980 жылы салынып, 2017 жылы қайта жөндеуден өткен. Дегенмен, қолданыстағы залдың сыйымдылығы шектеулі болғандықтан, бүгінде ауқымды аудиторияны қамтитын ірі мәдени іс-шараларды өткізуге мүмкіндігі жеткіліксіз. Осы ретте заманауи талаптарға сай жаңа салтанат сарайының бой көтеруі шаһардың мәдени әлеуетін жаңа деңгейге көтеретіні белгілі.
Қорыта айтқанда, Тараздың бүгінгі әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны – жүйелі жоспарлау мен нақты нәтижеге бағытталған жұмыстың айқын көрінісі. Бұлардан бөлек, кәсіпкерлік, туризм, білім, жұмыспен қамту және өзге де салаларда ауыз толтырып айтатын ауқымды жұмыстар жетерлік. Ең бас- тысы, қолға алынған бастамалардың барлығы халықтың сұранысы мен уақыт талабынан туындаған өзекті мәселелерді шешуге бағытталған. Сондықтан мұндай жүйелі даму қарқыны көне шаһардың өңірлік қана емес, республикалық деңгейдегі маңызды экономикалық және әлеуметтік орталық ретіндегі рөлін күшейте беретіні сөзсіз.
Құрбанәлі Шахабай